18 Желтоқсан, 2011

«Қазақстаным – жасыл орманым»

636 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
«Қазақстаным – жасыл орманым». Осы бір қаныңды тасытып, жа­ның­ды күш-жігерімен желпи жөнелетін көтеріңкі рухтағы қазақы әнді тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді. Өзің де қосылып алып бірге ыңылдап отырғаныңды білмейсің. Бұл ән қазақтың үнін ғарышқа қарай ала жөнеледі. Көк аспанның зеңгірінде қалықтай ұшқан қыран құс ұлт рухына айналып самғап бара жатады... Иә, қазақ! Қазақстан – жасыл орманым, отаным менің. Аллаға тәубе! Бүгін, міне, тарих сахнасына сан көтеріліп, сан басылған Қазақ елінің жаңа мемлекетінің тәуелсіздік жариялағанына да жиырма жыл толыпты. Тәуелсіздіктің осы бір ақ таңын сарғая күткен шетелдегі 5 миллион қазақтың алғаш егемендік жариялағандағы қуанышын айтып сұрамаңыз. Өзге ұлттың отарында отырып-ақ бірінен бірі сүйінші сұрап, көздерінен ыстық жасын төккен еді-ау. Талай қарияның сақалынан су тамшылап: «Қайран елім-ай, жерім-ай, сенің де жақсылығыңды еститін күн болады екен-ау», дегенін ет құлағы­мызбен естідік. Бала күнімізден үлкендердің күбір-сыбыры арқылы құлағымызға құйыл­ған Атамекен – Қазақстан ұғымы жүре­гімізді толқытты. Басқа емес, «сол жерге қашан жетер екенбіз» деген алып-ұшпа көңілмен талай таңды ұйқысыз атырдық. Өз басым Тәуелсіздік қарсаңында Үрім­жіде жоғары оқу орнында оқып жатқан болатынмын. 1989 жылы күзде Роза Рым­баева және «Арай» ансамблі Шыңжаңда болып, Үрімжіде бірнеше концерт қойды. Тамашаға жүгірген қазақтар қырыларманға жетіп, қызықты аузымыздың суы құри отырып тамашалағанбыз. Әсіресе, Розаның орындауындағы «Атамекен» әні ішімізге шоқ салып, «ұшарға қанатым жоқ, не қы­лайын» деген күйге түсірген еді. Көрмеген тауды көксеген белгісіз сағыныштың ыстығы суығанды қойып, үдей бастады. Үлкен шаһарда қытайлар мен ұйғыр­лардың арасында көзіміз әр жерде жыл­тырап жүрсе де тез бас қосатын едік. Ендігі әңгімеміз Қазақстан болды. Қайдан келгенін білмеймін, тәуелсіздік жарияланбай тұрып-ақ қолымызға Смағұл Елубайдың «Алыс­тағы ағайынға хат» атты мақаласы келіп тиген еді. Ол кезде көшірменің (ксерокопия) табы­луының өзі қиын. Ашық әңгімеге қы­тай жағы рұқсат етпейтін кез. Оның үстіне «көз-құлақтар да» көп. Соған қарамай, әлгі хаттың көшірмелерін жасап, оны сандығы­мыздың түбіне сақтап, кештерде қызу әңгі­меге кірісетін едік. Сөйтіп жүргенде тәуел­сіздіктің хабары жетті. Осы тұста жастар­­дың пікірі екіге бөлінді. Бір бөлімі «қытай­дың қолынан қашып шығып, шекара бұзып, Отанға жетіп тәуелсіздіктің туын бірге көтеру керек» деген идеяны көтерсе, екінші тобымыз «шекара бұзбай-ақ, заңды жолмен кетуді» қуаттадық. «Шекара бұзып, Отанға жету керек» деген идеяны қуаттаушы топ, біздің ақылы­мызды тыңдау түгілі өз қатарластарын кө­бейтті. Сөйтіп, ендігі жерде «қашу» бастал­ды. Көбі Үрімжіде университеттерде оқып жатқан студенттер еді. Бір қызығы – қашқындарды қытай шекарашылары емес, Қазақстан тарапы қолға түсіріп, арт-артынан кері қайтарып берді. Ішіміз қан жыласа да, істерге өзге амалымыз болмады. «Қашу ұйымының» серкелері түгелдей жазалауға ұшырады. Бір тәуірі – дәл осы кезде қытай саясаты «шетелге шығу – әлемді бетке алу» деген идеяны көтеріп жатқанына байла­­нысты оларды аса ауыр жазаларға тартқан жоқ. Қытай қоғамына қауіп төндірерлік бөтен ойлары болмағанын негізге алса керек, алды жарым жыл, арты он бес күндік қамақ жазасын алды. Бір бөлімі университеттерден қуылды. «Қашқындардың» тағы бір ерекшелігі – бірін-бірі әшкерелеуде ешқандай белсенділік танытпай, әуелде уағда еткендеріндей әркім өз басын ғана қаралап көрсетті. «Қашқындардың» сәтсіз сапары біздің әуелгі ойымыздың дұрыстығын көрсеткендей болды. Десе де, шындығын айту керек, соңғы байламды қуаттаушылардың қатарында болсам да, қытай үкіметінің бізді жібере қоятынына үміттен гөрі күдігім басым болды. «Мүбәда жібермей қойса, қайтемін?» деген ой да мазалады. Онда амалсыз алғашқы топтың идеясынан басқа амалдың жоқтығын да аңғардым. Және оны алдыңғыларға ұқсап дабыра түрде емес, мүлдем құпия іске асыруды көздедім. Сөйтіп, Үрім­жі­ден Алтайға барған­нан кейінгі екі-үш жы­лымды шекара «шарлаумен» өткіз­дім. Қытай Алта­йы­мен шекараласып жат­­қан Ақ Қаба мен Марқакөл, Жеменей мен Майқапшағай, Тар­­­­­бағатайдың Бақ­ты­сы мен Мақан­шысы аралығындағы шекара өткелдері мен оның бас-аяғындағы елсіз ме­­­кендерді «тек­­­­­­сер­дім». Соның ішінде Қаба мен Мар­қакөлді бөліп жатқан Ақ Қаба өзенінің бас-аяғы біршама «ұна­ды». Зайсанда туып келген қа­риялардың айтуы бо­йынша, он­дағы жер­дің жыра-жықпылына дейін «кар­­та» жасадым. «Мү­­­бәда қазақ шека­расы қиын болғанда моңғол жақ шека­ра­ны да көру керек» деген ой туды. Өзіміздің көне қоныс сана­латын Алтай қаласы­ның жайлаулары мен Бурылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл елінің бір бөлім жері Моңғолиямен шекараласып жататын еді. Осылайша ендігі жерде баяғыда Сейітхан Әбілқасымұлы асып кеткен «Өрмегейті асуы» және Қара Ертіс өзенінің басы Китіңарша аталатын жайлаудың моңғолмен шекараласатын сызығын «қызық­тадым». Кей жерінің атты адам түгілі жаяу адам әзер өтетін қорым тасты, иен сайлары «ерекше ұнады». Бір тәуірі, «қашқындық» ойымды өзімнен басқа ешкім білмейтін еді. Мұның бәрі «жібермей қойса» деген қорқынышты ойдың итермелеуімен істелген «дайындықтар» бола­тын. Бақытыма қарай, тағдыр маған қашқын­дықты жазған жоқ. Екі жылға созылған сарпалдаңмен 1996 жылы қолыма төлқұжат тиді. 1997 жылы 16 қаңтар күні арман болған қасиетті қазақ даласына, ата-бабаларымыздың күл төккен киелі жұртына қадам бастым. Өзімнің бақытты жан екенімді сезіндім. Ақын болмасам да ақ көңілдің айнасынан тәп-тәтті өлең тауып алдым. Тәуелсізбін, Тәубе саған, жарық күн, Арғымағым – ақ бостандық, Ағыттым. Жердің бетін желіп өткен желмін мен, Құбыладан құйылған бір жарықпын.   Кіндігімді айбалтамен кескенмін, Құзда туып, мұзда түлеп өскенмін. Керуенімді жетектетіп періге, Бурадайын бұлтқа мініп көшкенмін.   Үзілердей болған сәтте құрғыр дем, Жалғыз Хаққа жалбарынып тұрдым мен. Қазақ үшін бір құдірет аспаннан, Күнді арқандап ұстап тұрды шылбырмен.   Бөрігі – аспан, кебісі – жер кең мекен, Мен қалайша бақытыңнан кенде екем. Өзенімнен уыз емдім, Ұл-қызға Тауларымды тал бесік қып тербетем.   Оғыз, Қыпшақ, Түркі болған төркіні. Жарқырап тұр қазақ күні – Ел күні. Батпасын деп бір Алладан сұрадым, Құбылаға құлап тұрып сол түні – ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛ КҮНІ! Біз атажұртқа 1997 жылы қадам аттаған  соң, келесі жылы ел астанасы Ақмолаға (қа­зіргі Астана қаласына) көшірілді. Есіл өзенінің бойына, Арқаның төсіне жаңа қала орнату бұл Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың тарихи әрі мәңгілікке қалатын бағалы еңбегі еді. Сол әсем Есілдің жағасын бойлай Президент сарайы, Парламент ғима­раты, «Интерконтиненталь» қонақ үйі, Еуразия университеті, Жастар сарайы және көп­теген үлкен-үлкен ғимараттар түсіп, жұтаң қаланы мүлдемге көркейтіп-гүлдендіріп жіберген тарихи оқиғаға куә болу бақыты бізге де бұйырды. Есілдің сол жағында бой көтерген «Бәйтеректің» өзі адамды талай тәтті қиялға жетелейді. «Бәй­те­ректі» «өмір ағашы» деп те атайды. Кеңес өкіметі кезінде, әсіресе, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тұсында қазақ жастарын ерекше рухпен толқыта білген Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған Ш.Қал­даяқовтың «Менің Қазақстаным әні» еді. Кейіннен ән мәтінін Нұрсұлтан Назарбаев қайта толықтырып, ішінара өзгерістер енгізіп, Қазақстан Республикасының Ән­ұра­нына айналдырды. Біздің қазақ топырағына қадам тастаған тұсымыз өтпелі кезеңдердегі нарықтық эко­номиканың біршама құлдыраған дәуіріне дөп келсе де, осы жердің тұрғылықты халқы көріп жатқан қиындықтарды біздің де басымыздан кешуімізге тура келді. Алматыға қадам аттағанымызда бізді Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы Төр­ағасының сол кездегі бірінші орынбасары, марқұм Қалдарбек Найманбаев қарсы алды. Алғашында Әлем тілдері университетінің жатақханасына орналастырып, кейіннен Абай атындағы Алматы мемлекеттік уни­верситетінің аспирантура бөліміне оқуға түсуімізге жағдай жасады. Онда Нығмет Ғабдуллин бастаған, Ғарифолла Есім, Балтабай Әбдіғазиев секілді аға ұстаздардың сабағын тыңдау бұйырды. Аталған оқу орны көп жағдайда бізді шеттен келген бауырларымыз деп «еркелетіп» жүрді. Тұра­лаған экономика, нарықтық қысым салдарынан «базар жағалай жөнелсек», кешіріммен қарайтын еді. Өз басым қайткен күнде де әдебиеттен алыстағым келмеді. Барахолка аталатын базарда тауар арқалап «жол, жол!» деп айғайлап бара жатқан сәттерімде болсын, асхана ашып елге тамақ үлестірген кездерімде болсын, такси жүргізушісі болып мас жолаушыларды тасыған ұйқысыз түнде­рімде болсын әдебиетші болғым келген адал арманымнан адасқан жоқпын. Күн­делікті күйбең барысында қаншама шар­шап-шалдықсам да өз елімнің арасында, өз жерімнің төбесінде жүру бақыты тағы бір таңның тамылжып атуымен аз бейнетімді ұмыттырып жіберетін еді. 1998 жылы Жәркен Бөдешұлының та­ныстыруымен ақын Әділғазы Қайырбеков «Шалқар» газетіне жұмысқа алды. «Шал­қар» мен «Қазақ елі» бірге шығады екен. «Қазақ елінің» бас редакторы Бақыт Сарбала, «Шалқардың» бас редакторы Әділғазы Қайырбеков еді. Олардың ағалық ақыл, қаламдастық қамқорлығының арқасында жергілікті қаламгерлермен үндестік тауып, өз білімімді жетілдіруге барынша күш салдым. Осылайша бір жағы Абай атын­дағы Алматы мемлекеттік университетінің филология факультетінен аспиранттық білім алып жатсам, бір жағы «Шалқар» газетінде тілшілік жұмыс атқардым. Қытай қазақтарының мәдениеті мен әдебиетіне қатысты көптеген мақалаларым жариялана бастады. 2006 жылы қарашада «Қазақ әдебиеті» газетінің проза бөлімінің меңгерушісі бо­лып орналассам, 2007 жылдың қыркүйе­гінен 2009 жылдың қазанына дейін Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының «Ата­жұрт» баспа орталығында бас редакторлық қызмет атқардым. 2010 жылдың басынан бері «Жас қазақ үні» газетінде бас ре­дак­тордың орынбасары болып істеп келемін. Аталған жылдар ішінде сын, проза, балалар әдебиеті салаларында қатар еңбек­теніп, көптеген еңбектер жазып, жария­ладым. Қоғамдық жұмыстардан жоңғар зама­нындағы Абылаймен тізе қоса шайқасқан әйгілі батыр Ер Жәнібек Бердәулетұлының атында халықаралық конференция өткізу және басына кесене қою, Ақыт Үлім­жіұлының 140 жылдығы, Асқар Татанай­ұлының 100 жылдығы, Оспан батырдың 110 жылдығы секілді іс-шаралардың өтуіне мұрындық болдым. Осының бәрін атап отырған себебім, бұл Тәуелсіздіктің маған берген көл-көсір шабыты мен шуағының жемісі еді. Ал менің тәуелсіз Қазақстанда қаламгер болып осы еңбектерді халқыма арнай алуым қарлығаш­тың қанатымен су сепкендей болмашы ғана үлесім деп есептеймін. Бұл үшін мен бақытты болмай, біз бақытты болмай, кім бақытты болсын?! Мен ғана емес, менің алды-артымда атамекенге келген ағаларым – Халифа Алтай, Зардыхан Қи­наят, Қаржаубай Сартқожа, Сейітхан Әбіл­қасымұлы, Жақсы­лық Сәмитұлы, Серік Қапшықбаев, Тұрсын­әлі Рыскелдиев, Нәби­жан Мұхаметхан, Ислам Жеменей, Мұс­тафа Өзтүрік, Дүкен Мәсімхан, Мұртаза Бұлұтай, т.б. бастаған зиялы қауым өкілдері мен өнер адамдары Отанымның руха­ниятына бұлақ болып құйылып, бақыт дәмін бірге татты. Кеше ғана біріміз кеңестік шекпенді, біріміз қытайлық қызылдың тонын жамылып, зорекер ұлттардың қабағына жалтақшыл болып өссек, енді, міне, төңіректің төрт бұрышынан жиналып егемен елдің еркелері мен серкелеріне айналдық. Барлығымыз тәуелсіз заман­ның, егемен елдің бақытты қожасы болдық. Бүгіндері қазақты бүкіл әлем таныды. Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.