Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Алматы қаласында кернеуі 110кВ-тық «Отырар» және «Алатау» атты қосалқы екі электр стансасы пайдалануға берілді. Бұл нысандардың жалпы сметалық құны 9,19 миллиард теңгені құрады. Бұл қосалқы стансалар Алматыдағы жаңадан енгізілген метрополитеннің «Алатау» және «Жібек жолы» стансаларын және Алматы қаласы орталық бөлігінің тұтынушыларын электр қуатымен жабдықтауға арналған. Алматы қаласының әкімдігінің қос стансаны салуға және болашақта халыққа қызмет көрсететін осындай күрделі жобаларды іске асырудағы қамқорлығы мен көмегі мол болды.
Үйреншікті қосалқы стансалармен салыстырғанда жаңа қосалқы стансалар жабық тұрпатты қосалқы станса болып табылатындықтан көп орын алмайды және оның өзі заманауи ғимарат түріне жатады. Қосалқы станса салу кезінде әлемдегі жетекші электр-техникалық компаниялардың ең жаңа заманауи жабдықтары, материалдары және технологиялары пайдаланылды. Қосалқы стансалардың энергожүйеге қосылуы үшін «PRYSMIAN» (Финляндия) және «NEXANS» (Германия) фирмаларында шығарылған 110кВ-тық кабельдер пайдаланылды.
Стансаларды салу кезінде, сондай-ақ импортты алмастыру саясаты аясында қазақстандық компаниялардың электр-техникалық өнімдері де қолданылды. Мәселен, 10кВ-тық жинақталған бөлу құрылғысы, Алматыдағы «АЭМЗ» АҚ-та және Өскемендегі «КЭМОНТ» АҚ-та өндірілген және «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-та өндірілген трансформаторлар жөнінде атап айту қажет. Сонымен, Алматы аймағын электрмен сенімді жабдықтаудың сапасын арттыруға бағытталған кең ауқымды іс-шаралар кешенін іске асыру жалғастырылуда.
Бақыт БАЛҒАРИНА,
Алматы.