«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді.
«Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады.
Төменде еліміздегі ірі де іргелі қала Алматыдағы метрополитен туралы фоторепортаж беріліп отыр.
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз баянды, халықтың әл-ауқаты жақсы, тұрмысымыз салтанатты болу үшін мемлекетіміз өзінің стратегиялық даму жоспарларын жалғастыра беретін болады. Ал егемендігіміздің 20 жылдығына жасалған ең үлкен тартудың бірі – метро.
Алматы метрополитенін ашқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мұның еліміз үшін тарихи оқиға екендігін атап көрсетті. Ал қала тұрғындары Тәуелсіздіктің 25, 30, 35 жылдықтарында оның жаңа тармақтары тұсауын кесіп, стансалар құлашын жая беретін болады деп ойлайды.
Еске сала кетелік, Алматы метрополитенінің құрылысы 1988 жылы 7 қыркүйекте басталған болатын. Бірінші кезектің екі жолды ұзындығы – 8,56 шақырым. Орташа тереңдігі – 40 метр. Жер асты үңгілеу жұмыстарының ұзындығы – 21,74 шақырым. Бірінші желінің құрамына электродепо, инженерлік корпус, қызметкерлер бөлмесі, «Райымбек батыр», «Жібек жолы», «Алмалы», «Абай», «Байқоңыр», «М.Әуезов атындағы драма театры», «Алатау» атты 7 станса енген. Бірінші желінің жалпы сметалық құны – 165,9 миллиард теңгені құрайды.
![18-3](http://old.egemen.kz/2011img/18-3.jpg)
Мемлекет басшысы: «Бұл Қазақстан тарихындағы ерекше нысан, бұл кешен ел тарихына өшпестей болып жазылады. Қазіргі уақыт – қайталанбас сәт. Тәуелсіз Қазақстан жағдайында қандай керемет оқиғаларға қол жеткізіп жатырмыз. Естеріңізде болар, тіпті дағдарыс кезінің өзінде бұл нысанды қаржыландыруды тоқтатқан жоқпыз. Метро салушылар қобалжулы болды, жұмыс тұрып қалды, қиын жағдайларды бастан өткердік. Бірақ, мен метро құрылысын бір минутқа да тоқтатқан жоқпын. Бұл жұртшылық үшін өте қолайлы. Метро тәулігіне 300 мың адамды, ал жылына 110 миллион адамды тасымалдайтын болады. Бұл экологиялық таза көлік, ал стансалар бейнебір көркем шығарма дерсің», – деп атап өткен болатын.
Алматы метрополитені архитектурасы жағынан да, сапалық тұрғыдан да ТМД елдері ішінде ең үздік, ал әлемдік деңгейде ең алдыңғы саптағы ірі кешен. Автоматты желілердің жоғары деңгейде жұмыс жасауын 29 кешен қамтамасыз етеді. Олар – метрополитеннің автоматика, белгі беру, байланыс және қауіпсіздік жүйелері боп табылады. Жылжымалы пойыздарды радиоарнаны қолдану арқылы басқару әдісі де осы метрода тұңғыш рет қолданылмақ. Пойыздар мен технологияларды басқару мықты қорғалған сандық жүйемен іске асса, пойыздар автономды түрде 4 сағатқа дейін кідіріссіз қызмет ете алады. Күзет, өрттің алдын алу, қауіпсіздік қызметтері қатаң бақылауға алынған. Диспетчерлік бейнебақылау орталығы метроның өн бойын қалт жібермей қадағалайды.
Ал 2011 жылдың наурыз айында екінші желінің құрылысы басталды. Оның құрамына «Сайран», «Москва», «Сарыарқа», «Достық», «Қалқаман» атты 5 станса енген. Алдын ала есептеулер бойынша метро күніне 26 мың адамға қызмет көрсетеді деп жобаланған еді. Ең соңғы ақпараттарға сүйенсек, күн сайын Алматы метросы 30 мыңнан астам жолаушы тасымалдауда. Бұл алдын ала жасалған есепті ақтады деген сөз.
Сондай-ақ, әр сенбі «жетон күні» деп аталады. Бұл күндері жолаушылар пайдаланып үлгермеген жетондарымен сапар шегуіне болады. Метрода полиция қызметкерлері қандай да бір келеңсіздіктер мен тәртіпсіздіктердің алдын алып, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Айнаш ЕСАЛИ,
Алматы.
Суреттерді түсірген Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ.