Қазақстан • 24 Шілде, 2018

Халықаралық сарапшылар шеберлік сабақтарын өткізді

237 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ «Стартап жобаларды дамыту және нарыққа шығару» тақырыбында шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Шара барысында әлемге халықаралық сарапшылар өздерінің табысты кейстер тәжірибесімен бөлісіп, жаңа жобалар құрудың инновациялық тәсілдерін айтып берді. Шара технологиялық кәсіпкерліктің құзыреттілігін арттыру, технологиялық кәсіпкерлікке қызығушылықты ынталандыру және инновациялық стартаптарды дамыту мақсатында өткізілді.

Халықаралық сарапшылар шеберлік сабақтарын өткізді

Шеберлік сабақтары барысында табысты кәсіпкерге басшылыққа алуға қажетті құралдар, стартаптың табысты дамуы үшін Индустрия 4.0 технологиясын қалай қолдану керектігі, ол үшін маркетингтің қандай стратегиялары және сатылымдары тиімді екені, 500 Startups акселераторына қалай кіруге болатыны және Силикон алқабында инвестицияларды қалай тартуға болатыны туралы айтып берді. Спикерлердің бірі – әлемнің 60 елінде 500-ден астам компанияны инвестициялаған 500 Startups акслераторының серіктесі Марвин Лиао. Оның айтуынша, табысты стартап-жобасының дамуындағы негізгі сәт – тұтынушымен кері байланыс. «Сіз әлеуетті клиентіңізбен үнемі сөйлесіп, онымен кері байланыс іздеңіз. Нәтижесінде сіз бизнесіңіздің қандай кезеңде екенін, кемшіліктеріңізді уақытында жою үшін жобадағы кедергілерді біле аласыз», – деп атап өтті спикер. Yahoo-дың бұрынғы коммерциялық директоры бизнесмен өз саласындағы беталыстар мен трендтерді үнемі бақылап отыру қажеттілігін атап өтті. Мұндай тәсіл клиенттер үшін дұрыс өнім таңдауға, оны уақытында жақсартуға көмектеседі және сіздің жобаңыздың қызметін қалай дұрыс пайдалану керектігі туралы нақты түсінік береді.

«Health IT-да» ең ықпалды әйелдер рейтингісінің ондығына кіретін Татьяна Канзавеллидің пікірі бойынша, стартап жобасын жасау кезінде автор серіктестердің не үшін қажет екенін анық білу керек. «Мен өз клиенттеріме серіктес іздеген кезде, сізде кемінде үш слайд болуы керек деймін. Біріншіде, серіктеспен ынтымақтастықтың сізге әкелетін пайдасы туралы ақпарат. Екіншіде  – серіктестеріңізге қандай пайда әкелетініңіз, оларға не үшін қажет екендігін көрсетіледі. Үшінші слайд – сіздің серіктесіңізбен ынтымақтастығыңыз ортақ клиенттерге не беретіні туралы ақпар. Егер сіздің компанияңызда осы үш сұраққа жауап болса, онда ынтымақтастық туралы мәселе туындамайды. Өйткені табысты бизнес дәл осылай жұмыс істейді»,  деп есептейді 500 Startups акселераторының тәлімгері, Кремний алқабының инвесторы, «Open Health Network» IT-стартабының негізін қалаушы. Сондай-ақ шеберлік сыныптарында стартап-идеялармен тәжірибе жүргізу маңыздылығы туралы айтылды.

Венера Түгелбай,

«Егемен Қазақстан»