19 желтоқсан күні Жаңаөзендегі жағдай бір қалыпқа түскендей болды. Шетелдік бір топ журналистермен бірге оқиға болған орталық алаңды, қиратылып, отқа оранған қалалық әкімдік, «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалы кеңсесі мен «Аруана» қонақ үйін, ірі сауда орындарын аралап көрдік. Көшелерде тәртіпсіздіктің салдарынан қираған, бүлінген дүние-мүліктер, автокөліктер жинала қоймапты. Көшелердегі жүргіншілер қатары да сирек. Желтоқсанның қара суығына қарамай ішкі істер органдары мен әскерилер сақтық пен қырағылық танытып, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жолындағы жұмыстарын атқарып жүр. Қалаға кіреберістегі арнаулы пункттерде төтенше жағдайларға байланысты тексеру жолға қойылыпты. Жалпы, қала көшелері, негізгі нысандар бақылау мен қорғауға алынған. Қалалық аурухана маңайында халық біраз жиналып, тума-туыс, дос-жарандарының жағдайына алаңдаулы екен. Аурухана бас дәрігерінің орынбасары Р.Жапарованы әңгімеге тарттық.
Бізде 16, 17, 18 желтоқсанда дәрігерлік көмек сұрап келген 99 адам тіркелді. Біраз адамға жедел жәрдем көрсетілді. Күні бүгін 23 адамға көмек көрсетіліп, ем жасалуда. 28 адам Ақтауға жөнелтілді. Бізге келгендердің 85 пайызы оқ тиіп, дене жарақатын алғандар. Жас мөлшерлері 18-30 жас аралығындағы адамдар. Науқастарға қажетті дәрі-дәрмек пен қан жеткілікті екендігін жеткізді.
Қалалық штабта облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, қала коменданты, полиция полковнигі А.Қабыловпен әңгімелестік. Елбасының Жарлығымен 17 желтоқсаннан бастап Жаңаөзен қаласында төтенше жағдай енгізілді. Мен сол Жарлыққа орай Жаңаөзен қаласының коменданты қызметін атқарып жатырмын. Жарлыққа орай қалаға келіп-кету уақытша шектеліп, басқа да қауіпсіздік заңдылықтары сақталуда. Қала түгелдей дерлік бақылауға алынды. Қазақ газ өңдеу зауыты, «Қазтрансойл» АҚ объектілеріне және басқа да халыққа қызмет көрсететін нысандарға бақылау қойылды. Жұмыстары бірқалыпты жүруде. Азық-түлік жеткізіліп, 3 наубайхана жұмыс істей бастады. Қалалық әкімдік уақытша дене шынықтыру және спорт кешеніне орналасты. 20 желтоқсан күні қалада сенбілік өткізіп, көшелерді, әлеуметтік нысандар маңайын тазалау жоспарлануда, бұл жұмысты қалалық «Тазалық» серіктестігі қолға алады. Бұзақыларды іздеу, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Барлығы 700-ге жуық адам тексеріліп, 49 адам тұтқындалды. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық тәртіп қатаң бақыланып, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау үшін қолдан келгеннің бәрі жасалуда. Сондай-ақ қалада Жаңаөзен қаласының экономикасы мен әлеуметтік өмірін шұғыл арада қалпына келтіру мақсатында құрылған комиссия мүшелері де жұмыс жасауда.
Сол күні облыс әкімі Қ.Көшербаев қаладағы қалыпты тұрмысты қамтамасыз етуші құрылымдар қызметін қалпына келтіру мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізді. Оған Төтенше жағдайлар министрі, Үкіметтік комиссия төрағасының орынбасары, ішкі комиссия жетекшілері В.Божко, Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиев қатысты. Онда бірінші кезекте жергілікті атқарушы биліктің қалыпты жұмысы үшін барлық жағдайды жасау қажеттігі айтылып, оны жедел үйлестіру шаралары белгіленді. Қорыта айтқанда, Жаңаөзендегі жағдайды қалыпқа келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жолындағы жұмыстар жүйелі жүріп жатыр.
Жоламан БОШАЛАҚ.