![Қоқыста қомақты қаржы бар](/article_photo/1532486188_article_b.png)
«Astana clean time» компаниясының бас директоры Тимур Исмагуловтың айтуынша, қоқысты қабылдайтын пункттерді салмас бұрын «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде астаналықтардың 70 пайызы жобаға қолдау білдірген.
«Идея осы жылдың басында пайда болды. Біз өзге елдердің тәжірибесін зерттедік. Соның ішінде Жапонияның қоқысты жинау жүйесін қабылдадық. Жобаны «Жасыл таңдау» деп атадық. Ең бірінші экожайды «Солтүстік шұғыласы» тұрғын үй кешеніне қойдық. Әрі қарай «Достар-1», «Достар-2», «Арман қала», «Эдем палас» тұрғын үй кешендеріне және «Шапағат» базарына орналастырдық», дейді Т.Исмагулов.
Қазіргі таңда экожайларда шикізаттың 11 түрін, оның ішінде макулатура, ақ қағаз, қаңылтыр құты, полиэтилен, стрейч қаптама, пластик бөтелкелер, алюминий құты қалдықтарын қабылдайды. Баға килограммен есептеледі. Кәсіпорын жыл соңына дейін Астанада тағы 22 экожай ашуды көздеп отыр.
«Баға әзірге 20-дан 70 теңгеге дейін, ал оны көтеру нарықтың қалай жауап беретініне байланысты болмақ. Жобаны бастамастан бұрын нарыққа талдау жасадық. Назарбаев университетінің ғылыми тобымен бірге жұмыс істедік. Ай сайын Астанада 6 мың тонна картон полигонға шығарылады. Біздің мақсатымыз бизнес ретінде ақша табу болса, екіншіден экологиялық маңызын да ойлап отырмыз. Полигонға шығарылатын қоқыс көлемін азайтуды көздейміз», деді Т.Исмагулов.
Әр қабылдау пункті күніне қайталама шикізаттың 500 килосын қабылдай алады. Қанатқақты жоба алғаш қолға алынған кезде тұрғындар күніне 20-30 кило ғана өткізген. Пункттерде қоқысты кімдер қабылдап алады десеңіз, мұнымен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған адамдар айналысады, яғни экожайларда зейнеткерлер, мүгедектер жұмыс істейді.
«Жиналған қоқысты базамызға таситын арнайы 5 экомобиль сатып алдық. Тағы да
3 көлік алмақшымыз. Шанхай базарындағы базамызда қоқысты өңдейміз. Ал картон, макулатура, пластикті Петропавл мен Алматыдағы компанияға жөнелтеміз. Шикізат шетелге шығарылмайды», дейді компания директоры.
Азаматтар жинауға оңай материал картонды жиі өткізеді. Жұмыс күндері 15-20 адам қоқыс өткізсе, демалыста олардың саны арта түседі. Компания қызметкерлері балалардан қоқыс қабылдамайды. Балалар ата-анасымен, ересек туыстарымен келгенде ғана кәсіпорын қызметкерлері қоқысты өлшеп, ақша береді.
«Astana clean time» директорының орынбасары Клара Исақызы мемлекет тарапынан осындай компанияларға қолдау болса, бұл кәсіптен жақсы табыс табуға болатынын айтады. Себебі Еуропа, Америка елдері қоқыс өңдеуді табыс көзі ретінде энергия өндіру, табиғи ресурстарды үнемдеу мақсатында қолдайды.
«Халықтан, шетелден келген қонақтар мен шетелде оқып келген жастардан осындай сұраныстар жиі түсті. Адамдар қоқысты үйінен сұрыптап өткізбейді. Сол себепті біз үйлерге, аулалар арасына осындай экожай орналастыруды ұйғардық. Қазір Астанада он шақты экожай бар, сегізі толық жұмыс істеп тұр. Макулатураны көп жинай алмайсың, кез келген жерге қоя да алмайсың. Жекеменшік иелігі бар адамдардан рұқсат сұрап немесе пәтер иелерінің кооперативінің келісімі бойынша жерді жалға алып, өз қаражатымызбен экожайларды салдық», дейді ол.
Жалпы бұл бағыттағы жұмыстар елімізде жылдан жылға жолға қойылып келе жатыр. Айталық, былтыр тағы да елордамызда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған «ЭкоАсар» шарасы ұйымдастырылып, шара аясында азаматтар қоқыс тапсырып, бағалы сыйлықтар ұтып алуға мүмкіндік алған болатын. Сол кезде Астана қаласы әкімдігі мен өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері операторы қатты тұрмыстық қалдықтарды екі фракцияға бөліп тастаудың қанатқақты жобасы аясында 2018 жылдың шілде айынан бастап қаладағы 2070 қоқыс алаңына 6 275 контейнер қойылады деп хабарлаған.
Одан бөлек, елімізде IT университетінің түлектері Айбек Рахым мен Ерсұлтан Налихан, сондай-ақ «Ақпараттық жүйелер» саласында оқып жүрген Елнұр Жексенов есімді жігіттер «Tazalyk» қосымшасын жасағанын ақпарат құралдары жариялаған болатын. Жоба авторларының айтуынша, «Tazalyk» қосымшасы арқылы да қоқысты сатуға болады.
«Қазіргі таңда еліміздегі қоқыстардың 5-7%-ы ғана қайта өңдеуден өтеді. Қалған 93-95%-ы қоқыс полигонына жіберіледі. Оның қоршаған ортаға зиян тигізетіні айтпасақ та белгілі. Сол себепті қайта өңдеуге жіберілетін қоқыстардың үлесін көбейту керек. Қазіргі таңда Алматыда қоқыс жинайтын 40 пункт бар. Онда қоқыстарды әртүрлі категориялары бойынша тапсыруға болады. Сол үшін ақша аласыз. Көп адам бұл туралы біле бермейді. Білген күнде де қоқысты арнайы пунктке апарып тапсыруға ниеті жоқ», дейді А.Рахым.
Шынымен де кез келген қала тұрғыны үшін өзі тұрып жатқан шаһардағы барлық қоқыс жинау пункттері туралы, олардың жұмыс істеу уақыты, қоқысты қалай, кімге апарып беруге болатыны туралы, қандай қоқысқа қанша ақша төлейтіні жөнінде ақпарат беретін платформа керек. Өз идеяларын жетілдіру үшін жас жігіттер Астанадағы Назарбаев университетінің nFactorial инкубаторына қатысқан. Екі ай бойы оқып, қалған бір айдың ішінде өз өнімдерін шығару керек болған. «Мен осы қосымшаны IOS-қа арнап жасадым. Бұдан кейін Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырған «Жас кәсіпкер» конкурсына қатыстым. Осы кезде команда жасақталып, жаныма Елнұр мен Ерсұлтан қосылды. Олар «Tazalyk» қосымшасын Android бағдарламасына жасады. Конкурсқа қатыстық, бірақ қалалық әкімдік қызығушылық танытып, қолдау білдірген жоқ», дейді Айбек.
Жоспарлы жобалардың біразы елімізде іске асырылып келеді. Бұл қатарға жуырда Астанада бірінші рет өткізілген «Green Heroes» халықаралық конференциясының жұмыстарын да қосар едік. Онда ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінде елімізде алғаш рет «жасыл» сенбілік өтетіні хабарланған болатын. Аталған шара да қоқыстарды іріктеп жинайтындығымен ерекшеленеді. Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары Елдос Абақанов айтып өткендей, Еуропаның дамыған елдерінде қоқысты шикізат көзі ретінде пайдаланып жатқандығы белгілі. Яғни қоқысты өңдеу технологиясы жоғары дәрежеде жолға қойылған. «Қазақстанда да қоқысты өңдеу тәжірибесі жоқ деуге келмейді. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың жақсы жүргізіліп жатқанын атап өткім келеді. Себебі бүгінде Қазақстанда жалпы қоқыстың 7 пайызы қайта өңделеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш 1-2 пайыз ғана болатын. Әрине бұл көлем жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айту керек», дейді Елдос Нұрболұлы. Оның пікірі елімізде қоқыс өңдейтін компанияларды ынталандыру тетіктерін қарастыру керек дегенге саяды. «Яғни 1 кило пластик немесе шыны болсын, болмаса электр құрылғыларды қайта өңдеу болса да мемлекет тарапынан қаражат берілетіндей жағдай жасау керек», дейді басқарма төрағасының орынбасары.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»