Қазақстан • 25 Шілде, 2018

Депутаттар – ел ішінде

353 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Дәурен Әділбеков пен Рашит Әкімов Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Президенттің бес әлеуметтік бастамасының орындалу барысымен танысты. Парламентшілер бастаманың әр тармағы бойынша өзекті мәселелерді, пікірлер мен ұсыныстардың топтамасын жинақтауды жоспарлап отыр.

Депутаттар – ел ішінде

Облыстық мәслихаттың отырысында өңірде жүргізілген жұ­мыс­тар­дың аралық нәтижелері са­­рапқа салынды. Жиынға об­лыстық басқармалар басшы­лары, екінші деңгейдегі банктер­дің өкіл­дері қатысты. Облыс әкімі­нің орынбасары Қанат Ыды­ры­сов республикалық бюджет­тен 2019-2021 жылдарға арнал­ған тұр­ғын үй құрылысына бөлі­нетін қаржы есебінен «7 – 20 – 25» бағ­дар­ламасы бойынша ин­же­нер­лік коммуникация құрылы­сы­на жоспар жасалғаны туралы ха­бардар етті.

Елбасының басқа бастамалары бойынша да белсенді жұмыс жүзеге асуда. Есептеулер бойынша облыстағы еңбекақысы төмен 22 мың жұмысшыға еңбекақысын көтеру үшін салық азайтылатын болады. Студенттерге арналған жатақханалар салу тетіктері әзірленуде. Қазіргі уақытта об­лыс­та 2 870 студентті орналастыру үшін 11 жатақхана салу қажет. Көк­шетау қаласының әкімдігі 4,5 гектардан астам ыңғайлы жер телімін белгіледі. Шағын жә­не орта бизнеске шағын несие бе­ру­ді ұлғайтуға қаржы бөлу жоспар­ланып отыр. Сонымен қатар газ­бен қамтамасыз етудің жол кар­тасы әзірленді. Аршалы ауда­нында 40 мыңнан астам  тұр­ғыны бар  17 елді мекен, Це­ли­ноград ауданында 90 мыңнан ас­там тұрғыны бар 7 елді мекен газ­бен қамтамасыз етілмек.

Депутаттарға кездесулер ба­рысында «7 – 20 – 25» бағдар­ла­масы бойынша несие беру кезінде жас ерекшеліктерінің еске­рілуіне, бағдарламаның ауыл­дық жерлерде үй сатып алу мүм­кін­дігіне, алғашқы жарнаның тұрғын үй бағасының 20 пайыздан асуына қатысты сауалдар жиі қойылды.

Сондай-ақ «7 – 20 – 25» бағ­дар­­ламасы бойынша облыста бір ғана банктің екі несие бергені айтыл­ды. Енді бөлімшелер ауқы­мы кең ірі банктердің қосылуы арқы­лы несиелендіру аясын ұлғай­ту қажеттігі белгілі болып отыр. Бағдарламаға екінші дең­гей­­лі жеті банк қатысуы тиіс.

Бағдарламалық құжаттың бас­қа тармақтары да жан-жақты қарал­ды. Облыстық мәслихат депу­таттары мен мемлекеттік орган­дардың басшыларына бес әлеу­меттік бастаманы нақты жағ­дайға мейлінше бейімдеуге көмектесетін нақты ұсыныстар айтылды.

«Нұр Отан» партиясы депутаттық фракция мүшелері Әбдіманап Бектұрғанов, Омархан Өксікбаев, Зағипа Балиева мен Марат Бопазов бастаған бір топ Мәжіліс депутаттары Қапшағай қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің жанындағы спорт алаңдарының жұмысымен танысты.

Кездесуге облыстық мәслихат депутаттары, әкімдік өкілдері, жас спортшылар мен мекеме ұжымы қатысты. Былтыр мектеп жанындағы футбол және волейбол алаңдарының, баскетбол, воркаут, боксерлік алаң, душ және киім ауыстыратын арнайы бөлмелер салынып, қолданысқа берілген. Сондай-ақ ролик тебетін алаң мен стадион алдында 45 жеңіл автокөлікке тұрақ салынған. Оған қоса, биыл жаңа партиялық жоба аясында қосымша 14 млн теңге қаражатқа жүгіру жолдары, баскетбол алаңдары мен футбол алаңының қоршауын жасау жоспарлануда. Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов спорт алаңдарын қайта жаңғырту жұмысы, одан бөлек студенттердің ыстық тамақпен қамтылуы, олардың жатақхана мәселесінің шешілуі халық қалаулыларының назарынан тыс қалмайтынын айтып өтті.

Атырауға арнайы іссапармен келген Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжі жатақханасының құрылысымен танысты. 

Таяуда пайдалануға берілетін 100 орындық жатақханада облыстың шалғай аудандарынан келген студенттер орналасатын болады. Колледж директорының орынбасары А. Сүндетқалиеваның айтуынша, былтырғы оқу жылында 217 студенттің 116-сына жатақхана жетіспеушілігі туындаған. Заманауи үлгіде салынып жатқан ғимаратта студенттер үшін барлық жағдай қарастырылған. Айта кету керек, Елбасының бес әлеуметтік бас­тамасы аясында Атырау облысында студенттердің жатақхана мәселесін шешу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Мысалы, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың батыс филиалы компанияға қарасты 700 орындық жатақ-
хананы Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау мемлекеттік уни­вер­ситетіне сыйға тартып, қазір аталған оқу орны бойынша жатақхана мәселесі толық шешілді. Ал Атырау инженерлік-гуманитарлық институты сту­денттерінің жатақханаға деген сұранысын қамтамасыз ету мақсатында биыл арнайы жер телімі бөлініп, келесі жылы құ­рылыс жұмыстары басталмақ. Парламент депутаты Бақтияр Мәкен құрылыс нысанын аралап болған соң, жастар мен жастар ұйымдарының басшыларымен кездесті.

Дайындаған 
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»