![Депутаттар – ел ішінде](/article_photo/1532486990_article_b.jpeg)
Облыстық мәслихаттың отырысында өңірде жүргізілген жұмыстардың аралық нәтижелері сарапқа салынды. Жиынға облыстық басқармалар басшылары, екінші деңгейдегі банктердің өкілдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов республикалық бюджеттен 2019-2021 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржы есебінен «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша инженерлік коммуникация құрылысына жоспар жасалғаны туралы хабардар етті.
Елбасының басқа бастамалары бойынша да белсенді жұмыс жүзеге асуда. Есептеулер бойынша облыстағы еңбекақысы төмен 22 мың жұмысшыға еңбекақысын көтеру үшін салық азайтылатын болады. Студенттерге арналған жатақханалар салу тетіктері әзірленуде. Қазіргі уақытта облыста 2 870 студентті орналастыру үшін 11 жатақхана салу қажет. Көкшетау қаласының әкімдігі 4,5 гектардан астам ыңғайлы жер телімін белгіледі. Шағын және орта бизнеске шағын несие беруді ұлғайтуға қаржы бөлу жоспарланып отыр. Сонымен қатар газбен қамтамасыз етудің жол картасы әзірленді. Аршалы ауданында 40 мыңнан астам тұрғыны бар 17 елді мекен, Целиноград ауданында 90 мыңнан астам тұрғыны бар 7 елді мекен газбен қамтамасыз етілмек.
Депутаттарға кездесулер барысында «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша несие беру кезінде жас ерекшеліктерінің ескерілуіне, бағдарламаның ауылдық жерлерде үй сатып алу мүмкіндігіне, алғашқы жарнаның тұрғын үй бағасының 20 пайыздан асуына қатысты сауалдар жиі қойылды.
Сондай-ақ «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша облыста бір ғана банктің екі несие бергені айтылды. Енді бөлімшелер ауқымы кең ірі банктердің қосылуы арқылы несиелендіру аясын ұлғайту қажеттігі белгілі болып отыр. Бағдарламаға екінші деңгейлі жеті банк қатысуы тиіс.
Бағдарламалық құжаттың басқа тармақтары да жан-жақты қаралды. Облыстық мәслихат депутаттары мен мемлекеттік органдардың басшыларына бес әлеуметтік бастаманы нақты жағдайға мейлінше бейімдеуге көмектесетін нақты ұсыныстар айтылды.
«Нұр Отан» партиясы депутаттық фракция мүшелері Әбдіманап Бектұрғанов, Омархан Өксікбаев, Зағипа Балиева мен Марат Бопазов бастаған бір топ Мәжіліс депутаттары Қапшағай қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің жанындағы спорт алаңдарының жұмысымен танысты.
Кездесуге облыстық мәслихат депутаттары, әкімдік өкілдері, жас спортшылар мен мекеме ұжымы қатысты. Былтыр мектеп жанындағы футбол және волейбол алаңдарының, баскетбол, воркаут, боксерлік алаң, душ және киім ауыстыратын арнайы бөлмелер салынып, қолданысқа берілген. Сондай-ақ ролик тебетін алаң мен стадион алдында 45 жеңіл автокөлікке тұрақ салынған. Оған қоса, биыл жаңа партиялық жоба аясында қосымша 14 млн теңге қаражатқа жүгіру жолдары, баскетбол алаңдары мен футбол алаңының қоршауын жасау жоспарлануда. Мәжіліс депутаты Әбдіманап Бектұрғанов спорт алаңдарын қайта жаңғырту жұмысы, одан бөлек студенттердің ыстық тамақпен қамтылуы, олардың жатақхана мәселесінің шешілуі халық қалаулыларының назарынан тыс қалмайтынын айтып өтті.
Атырауға арнайы іссапармен келген Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжі жатақханасының құрылысымен танысты.
Таяуда пайдалануға берілетін 100 орындық жатақханада облыстың шалғай аудандарынан келген студенттер орналасатын болады. Колледж директорының орынбасары А. Сүндетқалиеваның айтуынша, былтырғы оқу жылында 217 студенттің 116-сына жатақхана жетіспеушілігі туындаған. Заманауи үлгіде салынып жатқан ғимаратта студенттер үшін барлық жағдай қарастырылған. Айта кету керек, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында Атырау облысында студенттердің жатақхана мәселесін шешу мақсатында бірқатар шаралар қолға алынған. Мысалы, «ҚазТрансОйл» АҚ-тың батыс филиалы компанияға қарасты 700 орындық жатақ-
хананы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне сыйға тартып, қазір аталған оқу орны бойынша жатақхана мәселесі толық шешілді. Ал Атырау инженерлік-гуманитарлық институты студенттерінің жатақханаға деген сұранысын қамтамасыз ету мақсатында биыл арнайы жер телімі бөлініп, келесі жылы құрылыс жұмыстары басталмақ. Парламент депутаты Бақтияр Мәкен құрылыс нысанын аралап болған соң, жастар мен жастар ұйымдарының басшыларымен кездесті.
Дайындаған
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»