Аймақтар • 25 Шілде, 2018

Құрманғазы ауданында балықшылар мерекесі өтті

994 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Атырау облысының Ресеймен шекаралас Құрманғазы ауданы – сулы, ну­лы өңір. Каспий теңізінің солтүстік-батыс бөлігінен, Еділ өзенінің сала­ларынан, Манаш, Нұрман көлдерінен құйылатын тіршілік көзі аудан­да балық шаруашылығының дамуына оң ықпалын тигізіп отыр. Жыл сайын балықшылар күні ауданда ұлан-асыр той өтеді. Бұл үр­діс биыл да жалғасты.

Құрманғазы ауданында балықшылар мерекесі өтті

Балық­шылар мерекесіне арналған шара көктің иісі бұрқыраған, жан-жа­ғын жасыл желек қоршап, салқын самал ескен, табиғаты тамылжыған Қи­ғаш өзенінің жағасында басталды. «Амангелді» ЖШС мен «СевКаспийФиш» балық зауыты, «Ақсу-Қиғаш»ЖШС, балық қорғау инспекциясы, «Каспий-балық» ӨК, Орман шаруашылығы мекемесі, «Сәр­сенбаев» шаруа қожалығы, «Кас­пий таңы» ӨК және округтер мен жеке кәсіп­керлер құрған ақшаңқан киіз үйлер салтанаттың сәнін келтіріп-ақ тұр. Одан бөлек көршілес Ресей Федерациясының Красный Яр ауданынан келген кәсіпкерлер де өз өнімдерін ұсынды. Жағалай киіз үй­лермен қоршалған алаңда ерекше бір аура орнағандай. Бұл алда болатын шараның ауқымды екенінен хабардар етіп, аяқ басқаннан-ақ көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Балық шаруашылығы қызметкер­лері күніне арналған «Қажырлы ең­бек, ме­рейлі мамандық» атты салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысушыларды мере­кемен құттықтады: «Бүгінде ба­лық шаруашылығы облысымыздың экономикалық дамуына өзіндік ерекше үлесін қосып келе жатқан үлкен салалардың бірі. Әрине қиындықсыз жұмыс болмайтыны белгілі. Бұрын­ғы балық шаруашылығы тарих қой­науына кетсе, қазір қайта құрылып, дамып келе жатыр. Тәуелсіздік жыл­­­­дары бұл саланы қайта дамыту бағы­­тындағы Елбасымыздың үлкен еңбегін атап өтуіміз қажет. Себебі ата кәсібін жалғастырып жатқан Кас­пий өңіріндегі қиыншылықтарды жоюда, көршілес төрт мемлекетпен бірлесе отырып оның қойнауындағы бай­лықтарды бөлісуде, мұны ортақ пайдалану мәселелерін шешуде үлкен істер тындырылды. Осыдан бір-екі жыл бұрын балықшылар 400 тонна ғана балық ауласа, биыл олардың лимиті 9 мың тоннаға жетті. Бұ­рын­ғы Атырау балық зауытының бір бөлігі болған Шортанбай балық зауыты қайта түлеп, жаңғырып, салаға өзіндік үлесін қосып отыр­ғаны сіздерге аян», дей келе елеулі еңбектерімен ерекшеленген балық­шыларды облыс әкімінің алғыс хатымен марапаттады.

Аудан әкімі Бибоз Шаяхметов аудан­дағы балық шаруашылығы бойынша тындырылған жұмыстар жөнінде баяндама жасап: «Аудан көлемінде балық шаруашылығын дамыту және өркендету бағытында Теңіз ауылдық округінде 2016 жылдың наурызынан бастап Ресей-Қазақстан азаматтарының қатысуымен «Каспий Интер Фиш» ЖШС құрылды. Серік­тестіктің жылдық балық қабылдау қуаты – 2000 тонна. Тұрақты түрде 20, маусымдық қызметте 60 адам жұмыс істейді. Шортанбай балық зауыты өндірістік базасында «Сев Каспий Фиш» ЖШС құрылып, жұмысты қарқынды бастады. Байда ауылдық округінде «Каспиан Фиш» ЖШС-іне қарасты балық зауыты іске қосылды. Бұлардан басқа ауданда саланы дамыту бағытында бұрыннан «Каспий Балық» ӨК, «Каспий Таңы» ӨК, «Аман­гелді атындағы» ЖШС, «Ақсу-Қи­ғаш» ЖШС, «Сәрсенбаев Е» ШҚ аудан көлемінде балық аулап, өңдеп, экспортқа шығарумен айналысады» деп атап өтті. Салтанатты шарада бірнеше сала ардагері мен озат жұмысшылар марапатқа ие болды.

Әрине қандай мерекенің де ән шашусыз сәні кірмейтіні анық. Кең даланың төсінде ән әуелеп, спорт­тық жарыстар өтті. Осылайша Қи­ғаш өзенінің жа­ғасына жиналған балық­шылар атаулы күндерін айрықша мерекеге айналдырды.

Қанат ҒҰМАРОВ

Атырау облысы