Қазақстан • 25 Шілде, 2018

Білім берудегі бірегей қадамдар

373 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламасы рейтингінің бірінші кезең нәтижелеріне арналған баспасөз мәжілісі өтті. Оған Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Олжас Ордабаев және құрылыс саласы бойынша сарапшы Әлібек Марданов  қатысты.  

Білім берудегі бірегей қадамдар

Мәжілісте Білім және ғылым ми­нис­тр­лігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жоғары оқу орын­дарының білім беру бағдарлама­ларын бағалауда бірлесіп жұмыс ат­қарып отырғандығы айтылды. Бүгінде 33 ма­ман­дықтың рейтингі дайындалған. Зерт­теу жұмысқа орналасқан түлектер проценті мен олардың орташа еңбек­ақысы, бағдарламаның өзектілігін баға­лау, сондай-ақ түлектердің сауалдама қо­рытындысы маңызды өлшем болатын әдіс­темеге сәйкес жүргізіледі. Түлек­тер мен олардың жұмысқа орналасуы ту­ралы мәліметтер Жоғары білімді бас­қа­рудың бірыңғай жүйесінен алынды. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі бер­­­ген мәліметпен салыстырылып тек­серілді.

Жиында белгілі болғандай бі­рін­­ші кезеңде Білім және ғылым министр­лігінен алынған иесі көрсетілмеген мәлі­меттермен расталған былтырғы тү­лек­тердің жұмысқа орналасу про­центі мен орташа еңбекақыға сарап­тама, профессор-оқытушылық құрам­ның іс жүзіндегі тәжірибесіне, жо­ғары оқу орындарының білім беру бағ­дар­ламаларына салатын инвестицияларына, білім беру бағдарламаларын дайындау дерегіне, элективті пәндер каталогына, салалық қауымдастықтар мен жұмыс берушілер бірге жасаған силлабустарға, білім беру бағдарламаларының халық­аралық аккредитациядан өтуі туралы мәліметтеріне сараптама жүргізілген.Ал екінші кезеңде салалық сарапшыларды қатыстыра отырып, білім беру бағдарламаларының мазмұндық алшақ­тығы бағаланып талданған. Айталық, «Құрылыс» мамандығы 35 жоғары оқу орнында бар. Оларды сарап­шылар мемлекеттік органдардың ескірген атауларын қолдану, нормативтік-құқықтық базаның өзекті болмауы, білім берудің жалпы теориялық деңгейі сияқ­ты фактілерге сүйене отырып баға­лаған.

Сонымен қатар сарапшылар берілген бағдарламалар Білім және ғылым ми­нис­трлігі бекіткен формаға сәйкес еместігін сондай-ақ орфографиялық жә­не стилистикалық қателіктері бар еке­нін атап ­өтті.

Негізінен профессорлық-оқытушылық құрам­ның іс жүзіндегі тәжірибелік өтілі зор маңызға ие. Айталық, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мем­лекет­тік университеті тәжірибелі ма­ман­дарды тартуға ерекше көңіл бөледі. Ал Орталық Азия университеті, Кас­пий қоғамдық университетіне іс жүзін­де тәжірибесі бар оқытушыларды іздес­тіруге көп көңіл бөлуге кеңес берілді.

Мәжілісте көтерілген тағы бір мәсе­ле еңбекақы деңгейінің еңбек нары­ғы­на шыққан түлектердің кәсіби дайын­дығына тікелей байланыстылығы жайы болды. Бұл фактор жоғары оқу орындарын біліктілігі жоғары профессорлық-оқытушылық құрам мен сапалы білім бағдарламасымен аяқтаған түлектер нарықта бәсекеге қабілетті болатынын көрсетеді, тиісінше олар әлдеқайда жоға­ры еңбекақы алады.

Еліміз бойынша жоғары еңбекақы «Мұнай-газ ісі» мамандығында тіркел­ген, орташа еңбекақы 250 000 теңге, ал ең төменгі еңбекақы – «Биотехнология» маман­дығын тәмамдаған (орташа еңбек­ақы – 70 000 тг) түлектер үлесінде екен.

Сонымен қатар жоғары оқу орнын бітір­геннен кейінгі алғашқы жылы жұмыс­қа орналасу дерегі де маңызды. «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша білім алған түлектерде үздік көрсеткіш – 84%; «Биотехнология» мамандығын бітірген түлектердің жұмысқа бірден орналасу көрсеткіші төмен 56%-ті құрайды.

Айта кетейік, осы жылдың соңына дейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы 50-ден астам мамандықтың рейтингін ұсы­натын болады.

«Егемен-ақпарат»