Қазақстан • 25 Шілде, 2018

«Мыңшейіт» мінәжаты

1787 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ғасырлар бойы қаншама қайғылы оқиғалардың куәсі болып, талай-талай тартыстар мен қатыгез қанды сапырылыстарды басынан өткізген бабаларымыз атамекенін жауларынан қорғап, ерекше ерліктер жасаған. Сондықтан туған жер – қазақ үшін аса киелі ұғым. Көшіп-қонып, жаз жайлап, қыс қыстаумен өткен аталарымыз сол киелі мекеніне ат қоюға ерекше мән беріп отырған. Ол атаулардың астарына аңыздар мен әңгімелерді сыйғызып, қазақ топонимикасының өзіндік философиясын құрай білген. Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтың жер атаулары адам қызығарлықтай әдемі мәнге ие болып, көптеген көршілес халықтардың қызығушылығын оятқан. Кеңестік кезеңде бұрын кілемдей құлпырып, біртұтас мәнге ие болған ұлттық топонимикамыз бөлшектеніп, қырық жамау күйге түсті.

«Мыңшейіт» мінәжаты

«Жер-судың аты – тарихтың хаты» дейтін қанатты сөздің та­ғы­лымы зор. Демек, жұмыр жер өз төсін мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың, рулардың ғұмыр шежіресін төсіне жаза беретін мәңгілік кітап сияқты. Әркімнің-ақ туған жерді киелі, қасиетті санап, перзенттік махаббатпен сүйетіндігі содан болар. Мәсе­ленің мәні туған топырақтың қа­сие­тіне сайса керек. Ойлы көз, ояу жүрекпен үңілер болсақ, басып жүргеніміз жай ғана топырақ емес, ғасырлар бойы қатталған ата-бабаның ес­телігі сияқ­ты.

Қазақ елінің кең байтағында мың­даған эндогендік байырғы топонимдер қалыптасқан. Өкі­ніш­ке қарай, солардың белгілі бір бөлігі ғана хатқа түскен, карталарда көрсетілген. Ресми басылымдарда таңбаланбаған, бірте-бірте ұмытылып бара жатқан атаулардың қанша екендігі бір Жаратқаннан басқаға мәлім емес.

ХІХ ғасырда өмір сүрген орыс­тың белгілі географы Н.И.Надеждин: «Топонимика де­ге­­­німіз – жердің тілі, жер – гео­­графиялық атаулар арқылы адам­заттың тарихы жасалынатын кітап» десе, кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің қазақ жер атын, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білетін жұрт. Қайда, қандай бір елге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады» деп топонимика ғылымы туралы құнды пікірлер айтқан.

Сол эндонимдер (халықтың өз жеріне өз тілінде қойған аты)­ қатарында Ұлы Тәңірдің несі­бесімен құт дарып, түркі жұрты ұйысқан Алатаудың баурайында, арынды Сайрамсу өзенінің бо­йында тарих сырын ішіне бүккен қасиетті Мыңшейіт қорымы (молалар тізбегі) жатыр. Бұл жердің ашылмаған сыры, айтылмаған жыры көп.

Төле би ауданындағы бұл өңір­­дің әрбір сай-саласының бойы тұнып тұрған тарих. Ауыл аты Қарасора (бүгінде Кеңесарық), өзендер Сайрамсу мен Қасқасу. Таудағы жайлау қоныстар мен аң­ғар-шатқалдардың атаулары – Ұлы жұрт, Кіші жұрт, Қан­тау, Ақтау, Пайғамбар шыңы, Қо­ңыр­төбе, Ұларлы, Қырыққыз, Әу­лие үңгір, Айтас, Мыңжылқы... осылай тізіліп кете береді, кете береді. Қазақ қашанда жерге себеп-салдарсыз ат қоймаған. Әр атау­ды сол жерде өткен оқи­ға­лар­ға байланысты, болмаса бедер-сипатына қарап дәл әрі нақ­ты да әдемі ат қойған. Барлық атау­лардың аңызбен ұштасатын әңгімелері бар. Соның бірі осы тарихы жұмбақ Мыңшейіт.

Алла мен Пайғамбарға шексіз сенсек те, кейде сол Пайғамбар не­гізін қалаған Ислам діні өз уақытында біздің елдегі кейбір жерлерде күшпен ендірілгенін тарих сыр етіп шертеді. Мыңшейіт соның куәсі. Ол туралы көнекөз әңгіме, құлақтан құлаққа жеткен бағзы аңыз былай дейді: VIII-ІХ ғасырларда араб халифаты Орта Азияға Ислам дінін тарату үшін жорыққа шыққаны белгілі. Олар осы Сайрам аймағына келгенде, мұндағы көк Тәңірге жалбарынатын жергілікті түркілердің зор қарсылығына тап болады. Алатау бауырының жазық төсі де, жайпаңдау келген тау шатқалдарының етегі де қанды майдан даласына айналады. Бірақ күші басым араб әскерлері біртұтас бірікпеген түркі жа­уын­герлерінен үстем түседі. Амал­дары таусылған түркілер арабтардың осал тұтастарын іздеуге кіріседі. Олардан қалайда кек алуды ойлаған бір топ түркі сарбаздары олардың ішінен қалайда сыр тартуды жоспарлайды. Ойлары іске асып, жаудың жанды жерлерін біледі. Яғни Аллаға бас иетін арабтар күнде бес рет намазға жығылады екен. Намаз кезінде олар қаруларын қалдырып, аттарын қосақтап не­месе байлап сапқа тізіліп, құ­былаға қарап жығылып тұрады екен. Мұсылмандардың осындай сәттерін оң пайдалану ора­йын­дағы ойларын сарбаздар Түр­кі қолбасшысына жеткізеді. Күн­дердің күнінде Сайрамсу аңғарында өзен жағасында намазға (бесін болу керек) тұр­ған араб әскеріне осы сәтті аңдыған мыңдаған түркілер екі жақтан лап қояды. «Барлығы да Алланың пәрменімен болады» деп санайтын мұсылмандар намазды бұзуды да үлкен күнә қатарына қосқан. Бірақ жан беру оңай ма, өзен жағасы қырғынға айналып, Сайрамсу өзені қанқызыл түске боялған екен. Бес қаруы сай, үлкен дайындықпен келген түркілер арабтарды шашау шығармай қырып салады. Қанды майдан даласынан санаулы адам қашып құтылған екен дейді бізге жеткен қария сөз. Май­дан даласындағы арпалыста мың­даған түркілер мен арабтар шейіт кетеді. Соғыс тыншыған соң екі-үш күннен соң адамдар өлік­терді сүйрелеп осы беткейге жерлеген екен. Содан бері бұл жер Мыңшейіт аталады. Мұның «Мың» дегені мың адамды білдірсе, «шейіт» сөзі дін жолында құрбан болған деген ұғымды айғақтайды.

Бұл күндері ол мазаратты әм­бе жұрт әулиелі жер деп сыйынады, басына зиярат етеді, құран-дұға оқытады, құрбандық шалады. ...Кезінде қырғын соғыстар болса да бәрібір түркілер Ислам ді­нін қабылдағаны хақ.

Ал тарихшы, профессор Сәбит Жолдасов (марқұм бол­ған) «Бірліктің басы болған Ор­дабасы» атты кітабында «Мың­­шейіт» мазарының тарихын жоң­­­ғар шапқыншылығына байланыс­тырады. Дәлірек айтқанда, «қа­зақ­тар намазға бас қойғанда бір қазақ әйелінің сатқындығы сал­дарынан қалмақтар шабуыл­ жасап қазақтарды қырып тастапты». Ағамыз үлкен қателікке жол берген. Осы кезге дейін сан тарихты ақтарып, қазақ әйе­лі Отанына сатқындық жа­сап­ты дегенді оқыған да, көр­­ген де емеспіз. Бірақ бұл маза­ратқа жоңғарлармен болған шай­қастарда қаза тапқандар да қо­йылғанына дау жоқ. Оған мынадай дәйекті де келтіре кетейік. Абы­лай хан ұрпақтары болып келетін Сейдазым, Сейдалы Тұрғымбаев деген қариялар бұ­дан он шақты жыл бұрын бізге жолығып, қызықты әңгімелер шерткен болатын. Сонда олар жыл сайын « Мыңшейітке» барып дұға оқитындарын, онда Абылай ханның әкесі Уәли мен анасы Айғанымның жатқанын айтатын. Аталардан ауыз­ша тарих арқылы жеткен бұл әңгімеде де шындықтың болуы ықтимал. Біздің баба, әжелеріміз де осында жатыр.

1960 жылдары аңыздың анық-қанығын білгісі келгендер моланы ашқанда кездейсоқтық па, әлде бәрі де солай ма, әйтеуір екі ма­зардан басы бөлек жатқан екі жауынгердің қаңқа сүйегі шыққан. Екеуінің жанында да тот басқан қару-жарақтары бар, киімдері күл болып үгітілген. Олардың қалай көмілгені жөнін­де де аңыздар әртүрлі айтылады.

Мыңшейіт оқиғасының аңыз емес, шынайы шындықпен астар­ласып жатқанын орта ғасыр­лық шығармалар мен аты әлі көп­шілікке мәлім емес биік ілім иесі, ғұлама Бекасыл Бибо­латұлының «Жұлдызнама» ат­ты шығармасынан аңғардық. Араб қолбасшысы Кутәйб ибн Мус­лим әскері Қазақстанның оңтүстігіне 714 жылы, яғни VIII ғасырда кіреді. Осы кезде Мауренаһрдағы бауырластарына үнемі қол ұшын беріп отыратын Түркеш қағанаты Орта Азиядағы арабтардың жаулап алған жерлеріне үлкен қауіп төндірді. Себебі олар Шаш (Ташкент) пен Ферғананың, Самарқанд пен Бұхараның автохонды тұрғындарын қолдау үшін әскер жіберіп отырды. Испиджабта (Сайрам) жоғарғы түркештердің қолбасшысы Әбу Мырзақым (Сүзеген) қаған араб басқыншылығына сәтті тойтарыс берді. Міне, осы тұста Мың­шейіттегі оқиға орын алған болатын. Әбу Мырзақым сарбаздары араб әскерлерін тас-талқан еткен еді. Ал бұл оқиғаны естіген араб, парсы жазбагерлері Мыңшейітті тікелей атамағанымен, Испиджаб өңіріне қарасты болғандықтан сол атаумен оқиға барысын жет­кізген. 737 жылы түркеш атты әскерінің көмегімен Орта Азия жерлері басқыншылардан тазартылған. Бірақ таққа талас барысында Сүзегеннің өлтірілуі Түркеш мемлекетін әлсіретті, сол себепті арабтың аймақ бастығы Насыр ибн Сейяр осы жылдан бастап Орта Азиядағы араб билігін қалпына келтіре бастады. Өзбекстан ғалымы Б.Ғафуров та өз еңбегінде оқиға барысын нақ­ты сипаттайды. «714 жылы Кутәйб Шашқа қайта шабуыл жасап, шаһарды өз ордасына айналдырды, содан Испиджаб бағытында жорыққа аттанды» дейді. Бұл баяндаулар Мыңшейіт оқиғасының аңыз емес, ақиқат екендігіне көз жеткізеді.

Мыңшейіттің қасиетті мекен бол­ғандығын Бекасыл Би­болатұлының «Жұлдызнама» кітабының Испинжаб дұғасынан табамыз. Онда былай деп нұрлы сөздермен жеткізеді. «Мейірімді де рақымшыл Алланың атымен (бастаймын). Ал Жаъфардың ұлы Мансұр (Алла одан риза болсын!), Абдулла Мүбарак Хаммаданның (Алла одан риза болсын!) ұлы Сауд (Алла одан риза болсын!) еді» Міне, осылардың риуаят етуінше, олар әзірет Мұхаммед Пайғамбардың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын!) мүбәрак ауыздарынан естіпті: «Күн­шығыста бір мекен бар, ол мекен пейіштің шырағы екен. Ол мекен – шығыстың жауһары. Ол Ыдырыс (Алланың оған сәлемі болсын!) Пайғамбар келіп зиярат еткен жер. Тағы бір риуаятта «Күншығарда бір мекен бар, ол мекен пейіштің шырағы екен. Онда бір нұр бар, ол пейіштің нұры, Алла тағала мұны артық жаратыпты (Нұрлы мекен Қазығұртты он сегіз мың ғаламнан артық етіп, ахрет күні осы бейіштің шырағы адамзат баласын тозақ отынан құтқаратынын және бейішке баратын тура жол көрсететінін Мұхаммед (с.а.с.) сәуегейлі хабары арқылы жеткізген – авторлар).

Оған қоса Испиджаб – он екі мың асыл кісілер шаһид болған жер. Ол екі уәляаттың ортасында орналасқан. («Нұрлы – мекен» екі елдің Қазақстан мен Өзбек­станың аралығында – профессор Б.Артықалиевтың түсініктемесі). Күншығыс бағы­тындағы мекен – Касан делінген. Ал Қыбыла тара­бында Ташкент қаласы ор­наласқан. Қайсы кісі ол мекенге барып, ықыласпен ол жерде екі рә­кат намаз оқы­са, жетпіс мың рә­кат намаз оқығандай сауап алады екен.

Тағы бір риуаяттарда айтуынша, ол жерде он екі мың асыл кісілер шаһид болып, Алла рақыметіне бөленген екен. Сонда кәпірлер тарапынан жеті мың әскер шығын болып, жандары тозаққа кетіпті. Міне, бұл риуаят­тарда қанша адамның шаһид болғанына дейін анықтап, айқын хадис нұсқада бүгінгі біздерге жеткізіп отыр. Қасиетті сол Нұр­­лы мекеннің қай тарапта ор­наласқанын да осы құнды жазбадан білеміз. Пайғамбарымыз өз кезеңінде сәуегейлікпен бола­шақта Ташкент деген қаланың болатынын айтып кеткен ғой. Ғажап! ­Бұған қалай таңғалмассың.

Иә, тізе берсек, тереңірек та­ныс­тырар мұндай киелі орын­дар бұл аймақта өте көп. Пай­ғамбарымыздың лебізіне ілін­ген қасиетті мекенді қас­тер­леп жаңғыртуымыз керек. Оны Елбасымыздың ұсынған «Қа­зақстанның киелі жерлер географиясы» жобасына енгізіп, зерттеулер жүргізіп, таныстыра білсек, мұндай мұғжизаға әлем тамсанып қызығады. Бұл өлкені табиғи-тарихи туризм­ның бесігіне айналдыруға мүм­кіндіктер мол. Біздің елімізде Ком­мунистік партия тұсында әулие-мазарлар қараусыз, күтусіз, аяқасты болып жатты. Алайда Мәскеу «Золотое кольцо» атты қасиетті мекендерді жаңғыртып, бүгінгі Ресейдің туристік индус­триясының идеялық тұғы­рын қалыптастырды.

Осынау кезеңде әрекет етіп, мазаратты қоршатып, қорғауға алып, басына кішкене болса да там салып, шырақшы қойып, бір Аллаға сыйынып, өлшеусіз еңбек еткен Пошатай Бишымырұлы сынды алтынның сынығы мына өмірден 100-ге жақындап баз кешті. Кейінірек онда мешіт салып, атаның ісін жалғастырған ұзынарықтық Молберген Жа­мал­беков қарияға да бүгінгі ұрпақтың алғыстан басқа айтары жоқ. Қазір әулиенің басында 85 жастағы Шымкентбай ақсақал шырақшылық қызмет атқаруда. Оның аянмен мұсылмандықты қабылдаған орыс әйелі Дариға ұзақ жылдар осында шырақшы болып, бойындағы Алла берген қасиетін елге таныта білді.

Киелі орындармен танысу елдік бейнеміздің кәусар бұлағы. Сондықтан Мыңшейіт сияқты қасиетті тарихи орындарды қастерлеуді, өзімізде ғана емес, шетелдерге әйгілеуді бір сәт те назардан тыс қалдырмау керек деп санаймыз. Қазір біз Төле би өңіріндегі жер атауларына қатысты әпсана-аңыздарды тарихи деректер негізінде зерделеуді қолға алып, сан алуан материалдарды жүйелеудеміз. Осынау жер атауларына қатысты ой бөлісетін, тың мәліметтер жеткізетін азаматтар болса тілдесіп, сырласуға дайынбыз. Қорыта айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысының Туризм басқармасы біз көтеріп отырған мәселеге ерекше назар аударып, өлкелік ескерткіштерді туризм кластерінің «Рухани жаң­ғыру» жоба-жоспарына кір­гізіп, жұмыстарды бірлесе жан­дандырса нұр үстіне нұр болар еді.

Мұхитхан ҮМБЕТҰЛЫ,

«Қазақтану» ғылыми-зерттеу

орталығының  директоры,

Қанатбек ПОШАТАЙҰЛЫ,

өлкетанушы,

Ақбөпе ПОШАТАЕВА,

тарихшы

ШЫМКЕНТ