Қазақстан • 25 Шілде, 2018

«Анаға апарар жол» АҚШ-ты шарлайды

1282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Анаға апарар жол» АҚШ-ты шарлайды

Америкалық «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атын­дағы «Қазақфильм» АҚ және «Новый мир» Продакшн» ЖШС-інің бірлесе түсірген «Анаға апарар жол» фи­льмінің солтүстікамерикалық өңірде дистрибуциялау құқығын сатып алды. Естеріңізге сала кетейік, атал­ған фильм былтыр Қазақстан атынан «Оскар» және «Алтын глобус» «Үздік шетел фильмі» аталымына ұсынылған еді. 

Бас продюсері Әлия Назарбаева, режиссері Ақан Сатаев бұл фильмге кіл жұлдыздарды жи­на­ған. «Анаға апарар жол» фильмінде еліміздің та­­нымал актерлері – Алтынай Нөгербек, Әділ Ах­ме­тов, Аружан Жазылбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов түскен. Бұл эпикалық фильмнен кө­рер­мен қазақ отбасының 1930 жылдардан бас­тап, күні бүгінге дейінгі бастан кешкен тағдырын кө­ре алады.

«Продюсерлерімізге, түсірілім тобын және маған да  фильмді АҚШ кинотеатрларында көрсету – үлкен абырой. «World Wide Motion Pictures Corporation» компаниясы фильмдегі шынайылықты көріп,  ондағы оқиға желісі әлемнің барлық аудиториясына ұғынықты болатынына сенім білдіргеніне қуанып отырмын»,  деді бұл жөнінде режиссер Ақан Сатаев.

«Бірнеше ұрпақтың тарихын баяндайтын, оның үс­тіне «Оскар» сыйлығына ілгеріде ұсынылған те­рең драманы прокаттауды мақтан санаймыз. Аме­ри­калық отбасылар, әсіресе аналар қауымы жан­ға жылу сыйлайтын фильмді қуана көреді», деді «World Wide Motion Pictures Corporation» ком­па­ния­­сының бас директоры Пол Д.Хэнкок.

«Анаға апарар жол» фильмі АҚШ-та шектеулі прокатқа биыл күзде азия-америкалық ұйымдардың қолдауымен шығады.

Айта кетелік, «Анаға апарар жол» фильмінің тұсау­кесері 38-ші халықаралық Мәскеу кинофес­ти­валінде өтіп, сыншылардың оң бағасын алған. Соны­мен қатар, фильм түрлі кинофестивальдерден жүлде алып, халықаралық көрсетілімдері өт­кен. 19 шілде күні осындай көрсетілім Вашингтондағы Кар­неги инс­­титутында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясы­нд­а өтті.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»