Қазақстан • 25 Шілде, 2018

Сенаторлар Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданында болды

602 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев жұмыс сапармен Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданында болды. Аудан әкімдігінде облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен, ардагерлермен, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесу өткізді.

Сенаторлар Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданында болды

Кездесуде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, «Шұғыла» газетінің директоры-бас редакторы Ахмедияр Батырханов, аудандық мәслихат депутаты Берік Ықсанов, еңбек ардагері Самиға Қайырова, Кәсіпкерлер палатасының Батыс Қазақстан облысындағы бөлімшесінің директоры Жасұлан Басыров «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысы туралы хабардар етіп, аудандағы өзекті мәселелер туралы өз ойларын ортаға салды.

Атап айтқанда, Жәнібек ауданындағы академиялық бақты арнаулы ұйым ретінде құру, облыс орталығынан шалғайдағы Жәнібек, Бөкейорда және Казталов аудандарын 2021 жылға дейін кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, Жәнібек ауданына «Батыр аудан» мәртебесін беру мәселелерін көтерді.

Аграрлық мекемелердің өкілдері сенаторларға ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері туралы айтты. Сондай-ақ Орал-Жәнібек автомобиль жолының құрылысын жеделдету туралы да ұсыныс айтылды. Сапар барысында Е. Мұқаев пен Н. Төреғалиев 20 тұрғын үйдің құрылыс алаңдарында болып, елді мекендерді газбен және ауыз сумен қамтамасыз ету, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстарымен танысты.