Қазақстан • 26 Шілде, 2018

Техника жаңармай, диқан оңалмайды

856 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Техника жаңармай, диқан оңалмайды

Агроөнеркәсіп кешенін техникасыз дамыту мүмкін емес. Бұл орайда «АгромашХолдинг» секілді ауыл ша­руашылығы тех­никаларын құрастыратын зауыты, үлкенді-кішілі кәсіп­орын­дары бар Қостанай облы­сының бәсі басым болуы тиіс еді. Алайда облыс­та ауыл шаруашылығын техника­мен жабдықтауда етігі жыртық етік­шінің кері жоқ емес. Қазақстан бойынша пайдаланғанына 17 жыл­дан асып кеткен ескі 99 мың трак­тордың 22, 4300 комбайн­ның 26 проценті Қостанай об­лысына тиесілі екен. Деген­мен облыстың ауыл шаруашы­лығы техникалары паркіне жаңа техникалар қосылып жа­тады. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқарма­сының басшысы Дархан Әб­дікәрімовтың мәліметінше, соңғы бес жылда 70 миллиард теңгеге 1200 трактор, осынша комбайн, 665 тұқымсепкіш, 2000 бірлік тағы басқа да техникалар алынған. Енді осы ұртты майлағандай сандар бес жылда трактордың 5, комбайнның 10, тұқымсепкіштің 3 процентін ғана жа­ңарта алған. Жалпы айтқанда, жылына ауыл шаруашылығы техникалары пар­кінің 2 проценті ғана жаңартылады. Есесіне техникалардың тозуы, ұстау уақытының ұзақтығы 2 есеге дейін өсіп отырады. Өңірдегі шаруашылықтарда 20 жылдан бері салдыратып пайдаланып келе жатқан ескі техникалар же­терлік.

Қазір Қостанай облысында малға жем-азық, шөп дайындайтын науқан қызып жатыр. Шаруа шабындықты дер уақытында орып, шөпті кептіріп алмаса, қыста малдың қоңы оңалмасы анық. Құм сағаттай сусыған уақыт шөптің буынын да қатыра береді. Ауа райына сенім жоқ, шүйкедей бұлт үйіріліп келсе, жаңбыр жауа салады. Орылған шөпке су тиді де­ген­ше қарайып, мал азығының сапасы тө­мендейді. Егін шаруашылығында да жұ­мыс тоқтап тұрған жоқ. Диқан жерді шегірткеге қарсы өңдеу, арам шөп­тен тазарту, тыңайтқыш салу сияқты жұ­мыс­тармен жаз бойы белін жазбайды. «Көк­темнің бір күні – жылға азық» дегендей, көктемгі, күзгі науқан санаулы күнде атқарылады. Қазір техникасы түгел диқандар мыңдаған гектардың өнімін шамалы күнде-ақ жинап алып, жауын-шашынға да ұрынбай, асықпай кептіріп, базар нарқын күтіп отырады. Өткен жылы «Жаркөл» шаруа қожалығының же­текшісі, облысқа белгілі кәсіпкер Ыбы­раш Естаев 13 мың гектар егінін 5 қыр­күйек күні түгел жинап болды. Ал бұл уа­қытта кейбір шаруашылықтар мұнан да аз көлемдегі алқаптың жартысына да жет­пеген еді.

– Техниканың арқасы, – деген болатын сонда Ыбекең. – Бітік егіннің күзде жауын-шашынға ұрынғанынан артық диқанға өкініш бар ма? Біз алдымен шаруашылықтың техникасын түгендеп алуға тырыстық. Қуатты комбайндардың жолында масақ қалмайды, – дейді Ыбыраш Естаев. Алайда, шаруашылықтың бәрі «Жаркөлдей» бонитеті жоғары құ­нарлы жерде тұрған жоқ. Сондықтан олар­дың жинайтын астығы да, соған орай шаруашылықтың күш-қуаты да шамалы болады. Олардың барлығы шетелдік, отан­дық техникаларды шекесінен шертіп, қала­ғанынша ала алмайды.

– «Ескіні жамасаң есің кетеді» деген ғой, ескі техникалар көктемгі дала жұ­мыстары немесе күзде егін жинау науқаны қызып жатқанда сынып қалады да, қосалқы бөлшектерін әкеліп, жөндейміз дегенше біраз уақыт өтеді. Жұмыстың тоқтауы өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Өйткені қосалқы бөлшек те, кеткен уақыт та диқанға шашетектен шығын, – дейді Қостанай ауданындағы «Борис-Романов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алдаберген Жұмағұлов.

Екеуі де облыстағы алдыңғы қатарлы, техникасы толық шаруашылықтар қатарына саналады. Ал жері аз, құнары төмен аумақтағыларға техниканы түгендеу оңай емес. Облыста барлығы 23 мыңнан аса трактор, 9600 комбайн, 22300 тұқымсепкіш, 740 дән себетін кешен бар. Жыл басынан бергі алты айда диқандар 153 трактор, 33 астық жинайтын комбайн, 134 сеялка, 38 дән сепкіш кешен сатып алған. Бірақ Тобыл-Торғай өңіріндегі шаруашылық саны 3 мыңнан асатынын ескерсек, сатып алынған техникалар теңізге түкіргендей жоқ болып кететіні рас. Техниканың алуынан тозуы тез. Мамандардың айтуынша, бір трактордың тозу мерзімі 10-12 жыл. Мамыр айында «Ауыл» партиясының Қостанай филиалы ұйымдастырған мәжілісте ауыл шаруашылығын техникалармен жабдықтаудың барысы жөнінде мәселе қаралды. Сонда партия төрағасы Әли Бектаевтың респуб­лика бойынша келтірген мәліметтері сала дамуына кепіл болатын істің әлі де кешеуілдеп тұрғанынан хабардар еткен еді.

– Қазақстан бойынша қолда бар 150 мың трактордың 55 процентінің пайдаланылғанына 17 жылдан асып кеткен. Бұл техника әбден ескірді деген сөз. 141 мың комбайнның 46 проценті, жем дайындайтын 167 мың техниканың 67 проценті, топырақ өңдейтін 38 мың техниканың 84 проценті ескірген. Сарапшылардың айтуына қарағанда, техникалардың материалдық тозуынан Қазақстанда 95 миллиард теңге жөндеу жұмыстары мен жанар-жағармайды артық қолдануға, яғни шығынға кетеді, – деген еді партия жетекшісі Ә.Бектаев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл ша­руа­шылығын болашақта ел экономикасының драйвері боларына сенім артты. Расында, жиырма шақты жыл бұрынғы уақытқа қарағанда, бұл саланың дамуы әлдеқайда ілгерілегені белгілі. Алайда бүгінгі табысы ішкі жалпы өнімнің 5 процентіне ғана тең екен. Әлі де бергенінен алғаны көп. Өткен жылы ауыл шаруашылығына 260 миллиард теңге жұмсалған.

Шаруашылықтар осы уа­қыт­қа дейін банк­терден 15-17 про­центтік үстемемен несие алып келеді. Отандық техниканы алуға мемлекет қолдауы ди­қан­дарға сезіле бастады. Мұның шарапаты тек диқан емес, техника өндіріп, сатып отырған «АгромашХолдинг» зауытына да білінгендей.

– Мемлекет диқандардың отандық техника алуына 25 проценттік субсидия бере бас­тады. Егер комбайн 39 миллион теңге тұрса, мемлекет 10 миллион теңгесін қайтып береді. Бұл диқан үшін қанша көмек десеңізші, – дейді зауыттың Қостанай филиалы директорының орынбасары Самат Байманов. Алайда ауыл шаруашылығында кәсіп еткендердің барлығы 39 миллион теңгені зауытқа шытырлатып санап бере алмайды. Сондықтан диқандар техниканы негізінен лизингпен алады. Қазір «Қазагрофинанс» лизингтік компаниясы «Жиын-терін» бағдарламасын іске қосып, техника бағасының алғашқы жарнасын 15-тен 10 процентке түсірді. Бұл диқанды қаржылай демей түседі. Алдағы уақытта несиенің 10 процентін субсидиялау көзделіп отыр. Сонда банктің 14 проценттен 17 процентке дейін беретін несиесінен диқан 4 немесе тіпті әрі кеткенде 6-7 процентке дейін ғана үстеме төлейтін болады. Зауыт «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ, «Технолизинг» ЖШС сияқты басқа да қаржылық инс­титуттармен жұмыс істейді. Олар диқандарға түрлі несие шарттарын ұсынады.

Облыстағы орташа шаруа­шы­лық­тар қалай да мемлекет субсидиясына жал­тақтайды. Қостанайдағы ауыл шаруа­шы­лығы техникаларын өндіретін «АгромашХолдинг» зауытынан шығарылатын Еsill КЗС-760, Еsill КЗС-750, Еsill КЗС-740, Еsill КЗС-730 комбайндарының ең арзаны 39 миллион теңгеден басталады.

– Диқандардың отандық техникаға бет бұруы жаман емес. Жалпы, республикада ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерінің 45 проценті біздің өнімді, 45 проценті ресейлік «Россельмаш» зауытының, қалған 10 проценті алыс шетелдік комбайндарды алады. Рас, бірнеше жыл бұрын диқандар «Джон Дир», «Класс» секілді америкалық, германиялық, тағы басқа им­порт­тық комбайндарды қым­батына қарамай алды. Өйт­кені ол кезде біздің комбайн­дар­дың техникалық сапасы бәсе­кеге ере алмайтын. Ал қазір Еsill КЗС комбайндары техни­ка­лық сапасы жағынан алыс ше­телдік комбайндармен үзең­гі қағысады. Оның үстіне отан­дық комбайндар біздің алқап­тарға бейімделген, қосалқы бөл­шектерін табуда да ешқандай қиындық болмайды, – дейді Самат Сақтағанұлы.

Бұл салаға қолдауды кешен­ді түрде қарастыру керек. Тұтас алғанда, техника арзандаған емес, қайта жыл сайын қым­бат­тайды. Ал бидай бағасы өс­пейді. Сосын жанар-жағармайдың өзектілігі техникадан кем бе? Бұрнағы жылдары бір тон­на жанармайды 2 тонна астық бағасына алатын едік, қазір бір тонна жанар-жағармай үшін 5 тонна астық жұмсаймыз, дейді диқан Алдаберген Жұмағұлов.

Кішігірім шаруа қожа­лық­тарының қымбат техникаға тісі бата бермейді. Сондықтан «АгромашХолдинг» зауыты диқандар техникасын жаңалау үшін барлық мүмкіндікті қарастырады.

– Біз шаруашылықтардың ескі комбайнын 10-15 миллион теңгеге бағалап аламыз да, қалған қаржысын төлеген соң орнына жаңа комбайн береміз. Бұл диқанға біраз арзанға түседі. Ал ескі комбайнның қосалқы бөлшектерін жаңалап, жөндеуден өткіземіз де арзан бағамен диқандарға қайта сатамыз. Қуаты аз шаруа­шы­лықтар осылай 15-20 миллион теңгенің комбайнын ала тұрады, – дейді С.Байманов.

Ауыл шаруашылығы тех­ни­каларының бағасы жыл сайын қымбаттап отырғанда бұл диқандар үшін тығырықтан шығудың жақсы амалы секілді. «Джон Дир» секілді алыс шетелдік техникалардың баға­сы доллар бағамына сәйкес қымбаттай береді. «Агромаш­Холдинг» зауытынан шыққан ком­байндардың бағасы да соңғы екі жылда 10 процентке кө­терілген. Өйткені құрастыра­тын техниканың сүйегі Белорус­сиядан келген соң, зауыт та бағаны ұстап тұра алмайды.

– Егер 2019 жылдың қаң­тарынан бастап ескі техника қал­дықтарын өткізу ісі қолға алынса, онда отандық техни­калар арзандамаса да, осы бағадан жоғары көтерілмейді. Импорттық техникалардың арасында ресейлік техникалар біздің бағамен қарайлас, айырмасы 5-7 миллион теңге. Ал «Джон Дир» комбайндарының бағасы 120 миллион теңгеге өсті. Импорт бағасының шарықтауына оның тасымалы ықпал ететінін диқандар жақсы біледі. Қос­танайдан шығарылатын Есіл комбайндарының ең қымбаты – 55 миллион теңге, дейді С.Байманов.

Қазақстандағы ауыл шаруа­­­шы­лығы техникаларын шы­ға­­ратын ең қуатты зауыт «Агро­­машХолдинг» жыл са­йын 500 комбайнды сапқа қоя­ды, ал өні­міне сұраныс күшей­ген жағдайда жылына 1 мың ком­байн шығаруға қауқар­лы. Бұл меже бағынса ауыл шаруа­­шы­лығы техникалары паркі жыл­дамырақ жаңар­тылары, жұмыс орны да көбейе түсері сөзсіз. Ал Ел­басы тапсырған экономиканы және әлеуметтік салаларды серпілте дамытудың кепілі болып табылатын «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы техникасыз жүзеге аспайтыны ақиқат. Оның үстіне Қостанай облысы ауыл шаруашылығын цифрландыру ісінде қанатқақты өңір саналады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ