Аймақтар • 26 Шілде, 2018

Жамбыл облысында Астана қаласының күндері өтті

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы еліміздің барлық өңірінде жоғары деңгейде аталып өтті. Күн санап қарыштап дамып келе жатқан елорда елдігіміздің айғағы, мемлекеттігіміздің көрінісі екені анық. Бүгінгі таңда бас қалаға қарап еліміздің өзге облыстары мен қалалары бой түзеп келеді. Сондықтан да аймақтар үшін Астананың алатын орыны ерекше.

Жамбыл облысында Астана қаласының күндері өтті

Айтулы мерейтойға орай Жамбыл облысында Астана күндері өтті. Мерейтой аясында Әулиеата өңіріне Астана қаласынан қала әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған арнайы делегация келіп, жамбылдықтармен жүздесті. Әуелі елордалық делегация өңірдегі «КазУпакТрейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің және «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Минералды тыңайтқыштар зауытында» болып, олардың жұмыс барысымен танысты. Өндіріс орындарын аралаған астаналықтар Жамбыл өңірінің экономикалық-әлеуметтік дамуын оң бағалап, өздерінің пікірлерін білдірді.

Бұдан кейін елордалық делегация М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде өткен «Аймақаралық ынтымақтастық бизнес – форумына» қатысты. Мұнда әрбір делегация мүшелері өз салалары бойынша тәжірибе алмасты. Жиынды ашып, жүргізіп отырған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов Астана – барлық өңірдің, сонымен қатар әрбір қазақстандықтың мақтанышы екенін айтып өтті. Сондай-ақ, ол Әулиеата өңіріндегі Елорда күндері аясында ұйымдастырылған бұл бизнес-кездесу өзара ынтымақтастықты дамытуға және тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік екенін жеткізді.

Өз сөзінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев тарихы терең Тараз жерінің, әлеуеті артқан Әулиеата өңірінің қонақжайлылығына алғысын білдірді. Сонымен қатар, Астана қаласының әлем шаһарлары арасындағы абыройы мен беделін қалыптастырудағы Елбасының ерен еңбегін атап өтіп, бас қаланың гүлденуі жолында Жамбыл облысының да үлесі мол екенін айтты. «Бұл кездесу аймақтардың арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына серпін береді» деп атап өтті Ермек Әмірханұлы.

Кездесу барысында Астана қалалық инвестиция және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, «Астана» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Досбол Күшербаев, «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Серік Құсайынов, «Смартнет» жеке кәсіпкерлігінің директоры Таир Қожахметов және «Лед Солюшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қаныбек Айтақов сөз алып, Астана қаласында атқарылып жатқан келелі жобалар мен жарқын істерге тоқталды. Сондай-ақ, бүгінде дамудың даңғыл жолына түскен Тараз қаласында да түрлі игі жобаларды бірлесе атқаруға ниет білдірді. Аталған форум аясында қос тараптың өкілдері арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды.

Бұдан кейін астаналық делегацияның қатысуымен облыстық өлкетану музейінде «Ақ тілекпен, Астана!» атты көрменің ашылу салтанаты өтті. Мұнда қонақтар Елорданың және Әулиеатаның тарихына қатысты дүниелерді тамашалады. Бас қаланың байтақ мерейтойына орай Жамбыл облысындағы Астана күндері аясында «Баласағұн» орталық концерт залында Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы әулиеаталық көпшілікке «Астанадан ақ тілек...» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Концерт барысында Астана қаласы филармониясының «Шалқыма» би ансамблі, Эстрада би ансамблі, Қазақ оркестрімен қатар, Гүлмира Ақүрпекова, Клара Төленбаева, Алмас Кішкенбаев сынды танымал әншілер өнер көрсетті.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы