«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері
Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының орталығы Қандыағаш қаласынан фоторепортаж беріліп отыр.
МҰҒАЛЖАР
![211211-11](http://old.egemen.kz/2011img/211211-11.jpg)
Мұғалжар ауданы бұрынғы екі үлкен ауданның ізінен құрылды. Соңғы жылдары аудан тізгінін ұстаған Серік Шаңғұтов елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін шешуде іскерлік танытуда, Соның ішінде Қандыағаш қаласының көптеген өзекті мәселелерінің оң шешілуіне, шаһардың шырайлы бола түсуіне қол жеткізілгенін айту орынды болмақ.
Кеңес Одағы кезінде Октябрь атанған қазіргі Қандыағаш қаласы тоғыз жолдың торабында орналасқан құтты мекен. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жаңадан ашылып жатқан мұнай кен орындарына бұрынғы КСРО елдерінен көптеген ұлт өкілдері келіп, қала халқының саны 30 мыңнан асқан кезі болды. Алайда, Одақ ыдыраған кезде көптеген кәсіпорындар жабылып, жаппай жұмыссыздық орын алғандықтан тұрғындар басқа жаққа қоныс аударуға мәжбүр болды.
Қала болғанына қырық бес жылға аяқ басқан мұнда 2000 жылдардан бастап бұрынғы жабылып қалған бірқатар мекемелер мен кәсіпорындар қайта ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда бола бастады. Қала халықаралық, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль және темір жолдар тоғысында орналасқандықтан негізінен теміржолшылар, мұнайшылар және соңғы бес жыл ішінде басқа да өнеркәсіп саласының кәсіпорындары қызметкерлері шоғырланып, тұрғындар саны көбейіп келеді. Соңғы жылдары жұмыс орындары көптеп ашылып, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсетіліп, жеке тұрғын үйлер құрылысына жер учаскелері бөлініп, барлық көп қабатты және жеке тұрғын үйлерге қажетті коммуникациялар тартылып, жабылып қалған балабақшалар қайта ашылып, тұрғындарға барлық жағдайлар жасалу нәтижесінде халықтың қаланың болашағына деген сенімі мол. Қазіргі таңда Қандыағаш қаласында тіркеуде тұрған азаматтар саны 30 000-ды құрайды. Бұдан басқа өзге елді мекендерде тіркеліп, Қандыағаш қаласында тұрып, жұмыс жасап жатқан 7 000-ға жуық адам бар.
![211211-14](http://old.egemen.kz/2011img/211211-14.jpg)
Қалада Қандыағаш жол дистанциясы, вагон депосы, локомотив пайдалану депосы, «Локомотив сервис орталығы» ЖШС, Қандыағаш белгі беру және байланыс дистанциясы, электрмен қамту дистанциясы, Қандыағаш темір жол стансасы және Қандыағаш темір жол вокзалы жұмыс істейді.
Мұнда мұнай өндірумен айналысатын «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-қа қарасты «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасы, «Ақтөбе көлік компаниясы» ЖШС, «Ақтөбемұнайэнерго» басқармасы, «Ақтөбемұнаймашкомплект» ЖШС, «Жаңажол желілік газ құбырлар» басқармасы орналасқан.
Темір жол саласында 3000, мұнай саласында 4000, бюджеттік салада 2600 және өзге де салаларда 6500 қала тұрғындары еңбек етеді. КСРО кезінде екпінді құрылыс ретінде салынған бұрынғы «Шилісай» фосфорит өндіру зауыты жабылып қалған болатын. 2010 жылы инвестиция тартылып, «Темірсервис» ЖШС зауытты қайта іске қосып, 300-ден астам адам жұмысқа орналасты. Қалада ашылған шыны, мұнай өңдеу зауыттары 500-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. 2007 жылы кірпіш түрлерін шығарып, оларды жасауға қажетті шикізатты өндіретін «Силикат-А» және «Базальт» ЖШС құрылып, қазіргі таңда оларда 300-ге жуық адам еңбек етеді.
![211211-16](http://old.egemen.kz/2011img/211211-16.jpg)
Тұрғындардың 40 пайызы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысады. Қалада шағын бизнес субъектілерінің саны жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, 8 жанар-жағармай бекеті, 12 автотұрақ, 32 монша, 21 шаштараз, 183 азық-түлік дүкені, 4 жиһаз дүкені, 4 тігін цехы, 13 дәріхана, 7 мейрамхана, 28 кафе, 1 базар, 1 коммуналдық базар жұмыс істейді. Бұдан басқа пластик терезелер мен есіктер шығаратын, ағаш өңдеу, кірпіш шығаратын, жиһаз жинайтын шағын цехтар бар.
Қалада иесіз қалған көп қабатты тұрғын үйлерді қалпына келтірудің тәуір тәжірибесі қалыптасып отыр. 2006-2009 жылдары жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, 60 пәтерлі екі тұрғын үй күрделі жөнделіп, ауданның мемлекеттік тұрғын үй қорына алынды. «Жастық» шағын ауданындағы 120 пәтерлі тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізуге бюджеттен 258,0 млн.теңге бөлініп, қайта жарақтандырылды. Осы тұрғын үйлерден мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, көп балалы аналар, оралмандар, ҰОС ардагерлері, мүгедектер пәтер алып, баспаналы болды. Аудан әкімі Серік Шаңғұтовтың қолдауымен «Мұғалжар ауданының қолдау және даму қоры» демеушілігімен қаланың жылу жүйесі күрделі жөнделіп, жылу беру мәселесі оң шешілді.
![211211-12](http://old.egemen.kz/2011img/211211-12.jpg)
Қандыағаш қаласындағы 5 мектеп және 1 кәсіптік лицейде 5035 бала білім алуда. 2011 жылы қала мектептерінің ҰБТ-дан ортақ көрсеткіші 86,7 балл құрады. Сонымен қатар, 6 түлек «Алтын белгі» иегері атанып, 9 түлек ерекше үлгідегі аттестат алды. Биыл 2 балабақшаға бюджеттен 31,0 млн.теңге бөлініп, күрделі жөндеуден өткен.
Қалада «Отан» әскери-патриоттық клубы, пневматикалық мылтықпен оқ атуға арналған тир жұмыс істейді. Сондай-ақ, екі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жасөспірімдер өздері қалаған спорт түрлерімен айналысады. Осындағы үш кітапхана, тарихи-өлкетану мұражайы, орталық саябақ, саз мектебі тұрғындарға қызмет көрсетеді. Аудандық мәдениет үйінің ғимараты және кітапхана өткен жылы «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізілді.
Қандыағаш – жыл өткен сайын өсіп-өркендеп, көріктеніп-көркемденіп келе жатқан қала. Мұнда бұрынғы үш шағын ауданға қосымша тағы да екі шағын аудан бой көтеруде. Тиісінше 500 және 200 тұрғын үй салынатын «Самал-2» және «Болашақ» шағын аудандарына қазірдің өзінде су, газ құбырлары тартылып, электр қуаты берілді. Аудан және қала басшылары тұрғындарға жайлы жағдай жасау мақсатында алдағы жылы кәріз жүйелерін толық ауыстыруға 550,0 млн.теңге көлемінде қаражат бөлу, 500 орынға есептелген мәдениет орталығын салу, қалаішілік автокөлік жолдарын күрделі жөндеу, «Болашақ» поселкесінен жаңа мектеп, «Финский» аумағынан балабақша, ойын-сауық орталығын салу мәселелерін шешпекші. Сонда Қандыағаш қаласы бұрынғыдан да көріктене түседі, тұрғындарға қолайлы болады. Міне, қанатын кеңге жайып келе жатқан Қандыағаштың бүгіні мен ертеңі осындай.
_______________________
Арнайы бетті дайындаған «Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысы бойынша меншікті тілшісі Сатыбалды СӘУІРБАЙ.