Медицина • 27 Шілде, 2018

Органикалық өнім өндіру жыл сайын 12-15 процентке өсіп келеді

991 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде Еуропа елдерінде экологиялық таза өнімдерге сұраныс өте жоғары. Сондықтан да жер жүзінде органикалық өнімдер өндіру аса маңызды салалардың бірі болып отыр. 

Органикалық өнім өндіру жыл сайын 12-15 процентке өсіп келеді

2015 жылы елімізде «Органикалық өнімдерді өндіру туралы» заңға қол қойылып, бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынған болатын. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу  институтында өткен «Органикалық ауыл шаруашылығы – экологиялық таза өнімдерді өндірудің негізі» атты халықаралық конференция­да осы мәселе жан-жақты талқыланды.

Ресей, Германия, Моңғолия, Беларусь, Түркия және Қырғызстанның ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары қатысқан конференцияның алғашқы күні институттың тәжірибелік алқаптарына егілген дәнді дақылдар мен май бұр­шақтардың өсу барысы қадағаланды. Институт ғалымдары өздерінің нәтижелі жетістіктерін шетелдік әріптестеріне көрсетіп, жоғары бағасын алды.

Конференцияның екінші бөлімінде Қазақ егіншілік және өсімдік шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу  институты дирек­торы Серік Барманбекұлы ғылыми ша­раларының мән-мақсатына тоқталып өтті.

Аталған конференция барысында ғалымдар бір-бірімен тәжірибе алмасып, ғылыми ізденіс нәтижелерін ортаға салды. Органикалық өнім өндірудің бағыт-бағдары, оның жүзеге асуы тұрғысындағы артықшылықтар мен кемшіліктер барысы да талқыланды. Бұл бағыттағы қолданылып жатқан жаңа технологиялар да назар аударарлық.

Конференция барысында анық болға­нындай, отандық ғалымдардың зерттеулері бойынша еліміздегі егіс алқап­тары мен  бақша дақылдары егілген аумақтардың 85-90 проценті экологиялық таза аумақ болып табылады. Бұл көрсеткіш 2000 жылдары 11 млн гектарды құраса, бүгінде экологиялық таза алқаптар 60 млн гектарға жуықтаған. Ғалымдардың болжамына орай органикалық өнім өндіру жыл сайын 12-15 процентке өсіп келеді.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ