Аймақтар • 27 Шілде, 2018

Депутаттар Қазталов ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты

532 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ерболат Мұқаев Батыс Қазақстан облысындағы жұмыс бабындағы сапар аясында Қазталов ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады. 

Депутаттар Қазталов ауданының әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты

Сенаторлар Жалпақтал ауылындағы № 15 өрт сөндіру бөлімшесінде болды. Оның ғимараты былтыр күрделі жөндеуден өткен болатын. Депутаттар Байқоңыр көшесінде салынып жатқан 2 қабатты 12 пәтерлік тұрғын үй құрылысымен де танысты. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жаңа нысандарды аралап, ауыл саябағындағы «Батырлар аллеясы» мен қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровтың ескерткішінде болды.

Сенаторлар Н.Төреғалиев пен Е.Мұқаев Жалпақтал мәдениет үйінде жұртшылық өкілдерімен, ауыл ақсақалдарымен және мекеме басшыларымен кездесті. Кездесуде халық қалаулылары Парламенттің заң шығару қызметі мен сессия барысында қабылданған жаңа заңдар туралы жан-жақты айтып берді. Сондай-ақ қойылған сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарға ден қойды.

Депутаттар сол күні Жаңажол ауылында болып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан әлеуметтік нысандармен және жол құрылысымен танысты.

Сенат депутаттары аудан орталығы – Қазталов ауылында таяуда пайдалануға берілген 100 орындық интернатта болды. Депутаттар сондай-ақ интернат қасында салынып жатқан саз мектебінің құрылыс алаңында болып, «Жолаушы - Жол» мекемесінің қызметкерлерімен де кездесті.

Сенат депутаттары «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында аудан активімен кездесіп, сапарды қортындылады.