Соған қарамастан соңғы уақытта кітапханаға бас сұғатын отандастарымыздың саны күрт кеміген. Социологтардың жүргізген зерттеуіне қарағанда, қазақстандықтардың жартысынан астамы кітап бетін мүлде ашпайтын көрінеді. Респонденттердің көбіне детектив, тарихи және махаббат жайлы романдарды оқитыны, одан кейінгі орында іскерлік және классикалық әдебиеттердің тұрғаны, ал фантастика, шетел әдебиеті, балаларға арналған кітаптар мен поэзияны оқу деңгейі сын көтермейтін жағдайда екені қынжылтпай қоймайды.
Осыдан біраз жыл бұрынғы «КОМКОН-2» Еуразия орталығының зерттеуіне сүйенсек, 16 жастан асқан тұрғындардың 32,9%-ті кітапқа құштарлық танытса, оның өзінде детектив пен шытырман оқиғалы романдарды оқудың үлес салмағы басқаларынан басым түскен. Кәсіби әдебиетті оқырмандардың 25,0% тұтынса, жоғары деңгейдегі кеңестік және қазіргі көркем шығармаларды отандастарымыздың 5,0 % ғана сатып алып оқитыны анықталған. Мұны айтып отырған себебіміз, кітап оқып, көз майын тауысып не керек, қажет ақпаратты интернеттен алып оқи саламыз дейтін енжарлық психологиясы бүгінде толғағы піскен үлкен мәселеге айналды. Мұндайда ғаламторға байлану адамның ойлау қабілетін тежеп, рухани мешеулікке ұрындыратынын, жүйке ауруына әкеліп соқтыратынын түсіндіріп, қауіпті «дерттің» алдын алу жағына бас қатырып жатқан әзірге ешкім жоқ.
Әлеуметтік желідегі кейбір жастардың жазбаларын оқып отырсаңыз, жіберген қателері кісі шошытарлық. Жаппай көпшілікті қаралаудан аулақпыз, әйтсе де оқушылардың басым бөлігі кітапхананың есігін ашпай мектеп бітіріп жататыны рас. Олардың оқуға мүлдем зауқының жоқтығын қоғамды интернеттің жаулап алуына аударып, жауапкершіліктен жалтарып, өзімізді алдаусыратқанымызбен бұдан ешқандай пайда жоқ. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясын кім жазған?» деген сұраққа М.Әуезов деп, ал «Абай жолының» авторы кім?» десе күмілжіп, экран алдында жүргізушіге көзін жыпылықтатқан бойжеткеннің беті бүлк етпестен: «Абайдың өзі жазған болуы керек» деуі қарныңды аштырып қана қоймай, ызаңды қайнатады. Олар мектепті қалай бітіріп жүр? Он бір жыл не оқыды? Кім кінәлі? Мұғалім бе, әлде сұрақтың астына жауаптың бірнеше нұсқасын қатар ұсынатын ҰБТ ма?
Бәрінен бұрын қарапайым нәрсені білмей тұрғаны үшін өздерін кінәлі сезінбейтін өзімшілдігі мен сыни пікірге селт етпейтіні қорқытады. Мұны оқытудың практикалық жағына жеткілікті көңіл бөлінбеуден, яғни теориялық білімді тәжірибеде қолдануға машықтанудың әлсіздігі салдарынан орын алып жатқан олқылық деп түсіндіргісі келетіндер бар. Мұнан кейін қазіргі жастардан: «Абай жолын» оқыдың ба?» деп сұраудың өзін бір түрлі артық санайсың. Компьютер мен интернетті асықша иірген бүгінгі заман адамдарының болашағы жарқын, алдарынан арайлап ақ таң күтіп тұр дегенге содан кейін сеніп көр. Әдебиеттегі кейіпкерлермен шаттана қуанып, қайғыра мұңайып, көркем әдебиет оқу арқылы жетілген ұрпақтың аузынан шыққан әрбір әңгімені тұшынып тыңдай бергің келеді. Сондай алдыңғы толқын ағаларымыздың бірі, белгілі қаламгер Кәмел Жүністегі осы мәселеге орай газет бетінде арнайы мақала жазылуын өтінді.
«Кітап оқу дағдысынан айырылған боркемік ұрпақпен қайда барып оңамыз? Қазір телеарналардағы кейбір сапасыз бағдарламалар адамдардың санасын әбден улап, әсіресе солқылдақ жастарды рухани жұтаңдыққа ұшыратып бітірді. Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы сауатсыздықты жою күресінен қазіргі қараңғылықтың көзін құрту қиын соғып тұр-ау...» деп күйінішін жеткізді ардагер.
Бұрын, егер сен жазушылардың жаңадан шыққан кітаптарын оқымасаң, сауатың нашар адам болып есептелетінсің. Сұраған жағдайда тура жауап таба алмай қалсаң, ұяттың шоғына бетіңіз күйетін. Бұрынғылар жан байлығымен таласатын, кім қанша кітап оқыды деп жарысатын. Қазір кітапты жастығының астына қойып оқитын, қолтығына кітап құшақтап, кітапханаға баратын кісі кемде-кем. Соның салдарынан жастар ауызекі тілде мәнерлеп көркем сөйлеуге, ойын шімірікпей дұрыс жеткізуге қабілетсіз. Кітапты көп оқыған адамның ойы жорғадай жұтынып, сөйлеген сөзінен тіл сауаттылығы менмұндалап тұрмай ма?! Сол себепті Абайдың, Әуезовтің кім екенін білмейтін, кем дегенде екі-үш шығармасын оқымаған балаға мектепте аттестат бере салу, өтірік баға қою қаншалықты дұрыс деген мәселе ойға қалдырады. Білім байлығына ұмтылыстан гөрі қазіргі материалдық байлықтың, қызыл-жасыл дүниеге көз байланудың алға озып тұрғаны өкінтеді.
– Бұрын жаңа оқу жылында мұғалім оқушылардан: «Жазғы демалыста қандай кітап оқып келдіңдер?» деп сұрайтын. Біз оқыған кітабымыздан алған әсерімізді баяндап беретінбіз. Қазіргі оқушылардан сұрасаң өзіңді келемеждеп, күледі. Кітап, газет оқуды ескіліктің сарқыты санайды, оқуға, білім алуға зауқы жоқ. «Интернет тұрғанда кітап не керек?» деп, айдың, күннің жарығында адасқандарды кездестірген сайын ет жүрегің қан жылайды. Балаларымыз мейірімсіз құлтемірге айналып барады, – дейді редакцияға хат жолдаған бір оқырман. ...Орта есеппен алғанда, адам минутына 200-250 сөз, яғни 2 бет оқып шығады екен. Ал адамдардың 5 проценті өте баяу оқитындықтан олар минутына 180-220 сөзді қамтып үлгереді. Тарихта жылдам оқу қабілетіне ие тұлғалар аз болмаған десе-ді. Соның бірі, француздың атақты жазушысы Оноре де Бальзак 200 беттен тұратын романды жарты сағатта оқып тастайтын болған. Баланың бәріне Бальзактай болу қайда, бірақ...