Қазақстан • 30 Шілде, 2018

Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері 101 жылдығын атап өтті

957 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында қос басылым қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, облыстық музейде арнайы көрме ашылды.

Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері 101 жылдығын атап өтті

Бастауын 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Бөкей ордасындағы қазақ зиялылары шығарған «Ұран» газетінен алатын «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері ғасырлық тойын былтыр атап өткен еді. Екінші ғасырға аяқ басқан басылымдардың туған күнін «Жайық Пресс» медиахолдингі ерекше атап өтті. Әр жылдары газетте қызмет еткен, редакторлық жасаған қайраткерлердің образын Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының артистері сомдап, ұлт зиялыларының өлмейтін сөзі мен ой-пікірлерін көрермен назарына тағы бір ұсынды.

Арнайы бейнероликте басылымдардың ғасырлық тарихы, Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Нұғыман Манаев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиев, Ахмет Мамытұлы сынды тұлғалардың өмір жолы мен ұлттық баспасөзді қалыптастырудағы еңбегі туралы айтылды. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов ғасырдан асқан жасы бар ұжымды құттықтап, бір топ журналистке Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің арнайы марапатын табыстады. Бұл күні «Приуралье» газетінің бөлім редакторы Лучия Курарару, радио журналисі Әуес Орынаева Ақпарат саласының үздігі төсбелгісімен марапатталса, министрліктің Құрмет грамотасына «Орал өңірі» газетінің бөлім редакторы Нұрбек Оразаев ие болды.

- Бұған дейін қос газеттің 47 мыңдай нөмірі жарық көріпті. Әр нөмірінде аға буынның қаншама қажыр-қайраты, азап-мехнаты мен табандылығы, жанкештілігі, талайлы тағдыры жатыр. Сондықтан мұндай мерекені жыл сайын атап өтсек те ешқандай артықтығы жоқ. Сол саңлақтар салған сара жолды әріптестеріміз абыроймен жалғастырып келеді. Ендеше төл мереке құтты болсын! Қалам қуатының қасиетін аманат деп біліп, әрдайым халыққа адал қызмет ете берулеріңізді тілек қыламын! - деді «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов.

Бұл қызметке жақында ғана тағайындалған Рауан Сәбитұлының алғаш ұйымдастырған көпшілік шарасы – тарихқа тағзым, алдыңғы толқын ағаларға құрмет көрсетуден басталғанын өңірдегі журналистика ардагерлері қуанышпен қарсы алды. «Орал өңірі» газетін ұзақ жыл басқарған Мәжит Қайырғалиевке бұл күні ерекше құрмет көрсетіліп, иығына шапан жабылды.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ғасыр жасаған қос басылым» деген тақырыппен арнайы көрме ашылды. Көрмеде газет редакцияларында ұзақ жыл қызмет еткен ардагер журналистердің тұтынған бұйымдары, кәсіби құралдары қойылған. Сондай-ақ советтік саяси репрессияға ұшырап, «халық жауы» атанған газет қызметкерлері туралы құжаттар, көне газеттер де келушілерге көптеген тың мәліметтер береді. Мұнда ақын Жанғали Нәбиуллиннің машинкасы, майдан газетінде қызмет еткен қарт тілші Бисен Жұмағалиевтің портфелі, Сәбит Мұқановпен жазысқан хаттары, баспаханалық қорғасын бұйымдар, т.б. көптеген жәдігерлер бір ай бойы облыстық музей экспозициясында көрермен назарына ұсынылмақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ