Аймақтар • 31 Шілде, 2018

Солтүстік Қазақстанда 13 ауыл таза сумен қамтамасыз етілді

432 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

“Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты Соколовка топтық су құбыры жаңғыртылып, Қызылжар ауданындағы 13 ауылға сапалы ауыз су жетті.

Солтүстік Қазақстанда 13 ауыл таза сумен қамтамасыз етілді

Станцияға су Есіл өзенінен алынып, 12 метр тереңдікте орналасқан арнайы камерада сақталады. Ескі құрал-жабдықтар жаңаланып, ғимараттың жұмысы толығымен автоматты жүйеге көшірілді. “Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорны “Есіл су” филиалының бас инженері Никита Забавиннің айтуынша  сорғы станциясы мен 116 шақырым құбыр қалпына келтірілген. Бұл мақсат үшін республикалық бюджеттен 4,6 миллиард  теңге жұмсалған.

“2018-2020" жылдарға арналған жоба құны  6,9 миллиард теңгені құрайды. Ол бойынша  19 ауылға жаңа құбырлар тартылады”, дейді бас инженер.

Заманауи техникалық қондырғылардың арқасында барлық жұмыс процесі  компьютер арқылы бақыланады. Су шығынының біршама азайғаны байқалады.  Бұған дейін 1 литр тіршілік көзіндегі лайлану мөлшері 1,1-1,2 мл. грамды құраса, енді  0,7-ге дейін төмендеген.

Бүгінде Пресновка топтық су құбыры жөнделуде. Оның алғашқы кезеңіне 7,8 миллиард  теңге қарастырылып, 19 ауыл таза сумен қамтылмақ.  Олардың қатарында Михайловка, Новодубровное, Сенжарка, Кладбинка, Семаки Пчелино сияқты елді мекендер бар.  Тұтастай алғанда 280 шақырым магистральды желі қосылып,  отызға жуық ауылдың тұрғындары су азабынан құтылатын болады.

Биыл  Шал ақын, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандары үшін сорғы станциясы іске қосылып отыр.

“Қазсушар” кәсіпорнының “Есіл су” филиалы өңіріміздегі 11 және Қостанай облысындағы 2 ауданға тіршілік көзін жеткізумен айналысады.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.