
Бұған дейін зейнетақымен қамсыздандыру заңына енгізілген жаңа өзгерістер бойынша қазақстандықтар пәтер немесе көлік сынды жеке мүлікті сатудан түскен кірісінің 10 процентін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару керектігі туралы жалған ақпарат тараған болатын. Осы мәселенің мән-жайын түсіндірген С. Жақыпова тараған хабардың негізсіз екенін жеткізді.
− Жаңадан өзгерістер енгізілген зейнетақы туралы заң қоғамда қызу талқыланып жатыр. Соның ішінде азаматтық-құқықтық шарт бойынша жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын аударуына қатысты бірқатар сұрақ туды. Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уақтылы түсініктеме бермеді, заңға тәуелді актілер неге уақытында қабылданбаған деген мәселе туындап отыр. Министрлік неге түсініктеме бермегені жайында айтатын болсам, бұл мәселе менің құзыретімде. Мен еңбек демалысында болуыма байланысты бұл мәселеге жексенбі күні ғана тиісті түсініктеме бере алдым, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, заңға тәуелді актілердің дер кезінде қабылданбауына қатысты Үкіметтің регламентіне сәйкес, құзырлы орган заңнамалық акті қабылданған күннен бастап екі ай ішінде барлық заңға тәуелді актілерді, егер бұл бұйрық болса, Әділет министрлігіне, қаулы болса, Үкімет қарауына енгізуі керек.
− Аталған заң 2 шілдеде қабылданса, сәйкесінше, 2 қыркүйекте мерзім аяқталады. Яғни бұл жерде ешқандай да кешігу, уақыт созу деген мәселе туындап отырған жоқ, – деді С.Жақыпова.
Сонымен қатар вице-министр пәтер мен көлік секілді жеке мүлікті сату кезінде зейнетақы жарнасын төлеу міндеттемесі жайында да түсініктеме берді.
− Министрлік әркез диалогке ашық. Қоғамда талқыланып жатқан кез келген мәселеге қатысты біз пікірімізді, түсініктемемізді беруге дайынбыз. Сол себепті мен қоғамда туындаған мәселелерді дұрыс пайымдап, дұрыс түсіндіруге шақырамын. Қазір әлеуметтік желілерде адамдар пәтер мен көлік сатылымынан зейнетақы жарнасы ұсталатынын жазып жатыр. Бұл айтылғандар шындыққа жанаспайды. Тағы да айтамын, табыстан зейнетақы жарнасы ұсталмайды. Зейнетақы жарнасы, егер сіз қызмет көрсету немесе жұмыстарды орындау туралы келісімшарт бойынша табыс тапқан болсаңыз ғана ұсталады, – деді С.Жақыпова.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта көптеген жұмыс берушілер мен жеке тұлғалар міндетті төлемдерден «қашып», келісімшарттар жасап, зейнетақы жарналарын төлемейтінін, ешкім өзінің зейнетақымен қамсыздандырылуы жайлы толғанбайтынын айтты. Аталған заң жобасы қоғамда орын алған осындай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып отыр. Бұған дейін келісімшарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалардың зейнетақы қорларына қаражат аударылмайтын болса, енді көрсетілген қызмет түрінен 10 процент БЖЗҚ-ға аударылып отырады. Жаңа заң бойынша Қаржы министрлігіне қарасты Кірістер комитеті аталған шарттардың қатаң қадағалануын уақтылы тексеріп отырмақ. Ал келісімшарт бойынша зейнетақы қорына қаражат аударылмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 44-ші, 91-ші бабына сәйкес, жеке тұлға зейнетақы қорына уақтылы я толық жарнаны аудармағаны үшін аталған сомадан 10 процент айыппұл алынады.
Бұған қоса, жаңа заң жобасында бірінші топтағы мүгедек балаларға күтім жасаушыларға арналған жаңа жәрдемақы енгізу нормалары бекітілген болатын. Аталған заң биыл 2 шілде күні күшіне енді, қазір елдегі 10 мыңға жуық отбасы аталған жәрдемақыны алып отыр.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»