Әскерден оралған жылы кеңшарға қара жұмысшы болып орналасты. Әкесінің ақыл-кеңесімен Қапланбекке оқуға ілініп, зоотехник деген табақтай көк дипломды алып келді. Малинин кеңшарына ферма зоотехнигі болып жұмысқа кіргені сол, кеңшар тарады. КПСС есімді нағашысы басқаратын ет комбинатына жұмысқа орналасқаны сол еді, «ауданда мал таусылды» деген желеумен ол да жабылды. Содан бері жұмыссыз. Келіншегі көпшілік жиі келетін халықтық кеңседе жұмыс атқарады.
Еркек адамның көңілін де, өмірін де қысқартатын осы жұмыстың жоқтығы-ау. Он теңге тапса да кешкісін «жұмыстан шаршап келдім» деп төрінде шалқайып жатқан еркектен бақытты еркек болмас. Айлық тауып, бала-шағасын асырап отырған әйеліңнің қас-қабағына қарап қимылдау еркек үшін қорлықтың қорлығы екенін Арқабай осы жылдар ішінде шегіне жете түсінді. Әйеліңнің маңдайтерімен тапқан қант-шайы жұмыссыз болған соң тамағыңнан әзер өтеді екен. Дастарқандағы нанға қол созғанды айтсаңшы, дейді Арқабай іштей егіле.
Иә, кеш түсе бастағаннан әйелінің жолына қарап елеңдейді. Оны «шаршап келеді-ау», «не істеп қуантсам екен?» деген ой жиі мазалайды. «Ең құрығанда, тамақты да істей алмаймын. Қой, үйді жинап, ыдыс-аяқты жуып қояйын» деп елпең қаққанын көрген адам болса аяп кетер еді. Бүгін де Арқабай түстегі ішіп-желінген ыдыс-аяқтарды жуып, үй-ішін сыпырып-сиырып тазалап шықты. Отынын апталық жағатын етіп жарып, жиыстырып, күлшедей етіп қалап қойды. Балаларының мектепке киетін киімдерін де жуып, жайып тастады.
Осылай жылдар өте күнделікті күйбеңдеумен жүріп тамақтың түр-түрін, тәтті-тұттының нешеме атасын пісіруді де үйреніп алды.
Кеше кешкісін келіншегі Гүлсім жұмыстан көңілді оралды. Ол «Арқаш, саған жақсы жұмыс таптым. Ауылшаруашылық мекемесінде мал маманы қызметі бос тұр екен. Бастығымен сөйлесіп қойдым. Ертең жұмысқа кірісесің», деген жұбайының жағымды, қуанышты жаңалығына неге екенін Арқабай аса селт етіп қуана қоймады. Тек ақырын ғана күбірлеп «Үй-ішінің тірлігі бар, оның үстіне балалардың жағдайын кім жасайды?» дей берді. Қазекең, айтатын «үш ай үйшікте отырсаң, үй күшік боласың» дегені осы шығар. Ер адамның еңбекке деген қабілетін жоғалтуы өте оңай екенін Арқабайдың өзі ұғынса да өзгелер ұғынбайды-ау?!
Мақсат ЖЕҢІСҰЛЫ