Аймақтар • 01 Тамыз, 2018

Орал қаласында жастарға қызмет көрсететін арнайы орталық ашылды

1479 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздегі жастарды жұмыспен қамту – әлеу­меттік-экономикалық дамудың кілті екені белгілі. Оны ел Президенті әр сөзінде «Келешегімізге қамқорлықпен қарау менің саясатымның басты мән-маңызы» деп үнемі айтып отырады. Осыған орай жуырда Орал қаласында жастарға қызмет көрсететін арнайы орталық ашылды. Бұл Батыс Қазақстан облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жанынан құрылған бірінші орталық.

Орал қаласында жастарға қызмет көрсететін арнайы орталық ашылды

– Жаңа орталықта жастар жұмысқа орналасу, өз кәсібін ашу сияқты мәселелерде пайдалы кеңес, нақты көмек алады. Арнайы орталық мамандары жастар көп жиналатын жерлерге өздері шығып та қызмет көрсетпек. Қазір мұнда 4 маман бар, болашақта сұранысқа қарай оның саны көбеюі мүмкін, – дейді жас­тармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Мержан Әбілқас.

Орал қаласында қызметін бастаған осындай орталық әрбір ауданда да ашылмақ. Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірдегі барлық аудан әкімдеріне осындай тапсырма берген.

Айта кетейік, бүгінде облыс тұрғындарының 21,0 проценті жастар. Яғни 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың саны 136 мыңнан асады. Олардың жартысына жуығы ауылда тіркелген.

«2018 жылдың 1 тоқсанында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,0 процент болды. Жалпы еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін жастардың үлесі – 2018 жылдың 1 тоқсанында 2,8 процент. Қазір бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш» делінген өңірдегі жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық таратқан мәлімдемеде.

2018 жылдың алғашқы жартысында 3573 жас түрлі қызмет іздеп, жұмыспен қамту орындарына жолыққан екен. Олардың 2889-ы жұмысқа орналасқан. Таратып айтар болсақ, 1425 адам дерекқорда бар тұрақты жұмысқа кірген, 902 адам әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесіне жіберілсе, 562 жас қоғамдық жұмысқа тартылған.

Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысында 3 мыңға жуық жас маман мемлекеттік бағдарламалар және жобалардың игілігін көрген екен. Соның ішінде 747 маман «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында қызметке алынса, 383 маман «Дипломмен ауылға!» бағдарламасымен жұмысқа кіріскен. Оларға тиісінше 246,7 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. Ал 236 жас маман өздері барған ауылдарға тамыр жайып баспаналы болған. Ал оларға берілген жеңіл несие көлемі 802 млн теңге.

Жастарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігін кеңейту, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыру, жұмыс берушілерге ашылған бос жұмыс орындарына лайықты жұмысшы іріктеуге жәрдем беру, ықпалдасу мәселелерімен облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы тікелей айналысып отыр. Одан бөлек облыс бойынша «Uralsk job fair-2018» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп жатқандығын да айта кеткіміз келеді.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы