Қазақстан • 02 Тамыз, 2018

Қазақстан балмұздағы Қытайға экспортталды

467 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан балмұздағы Қытайға экспортталды

Дүйсенбі күні «Бомба», «Бах­рома» мен «Мишка на полю­се» секілді Қазақстанда шығары­латын балмұздақтардың 10 тоннасы Алматыдан Шанхайға жөнел­тілді». Ендігі жерде Шанхайда жо­ғарыдағы брендтердің иесі, яғни «Шин-Лайн» компаниясының өз қоймасы бар. Бұдан былай Қы­тай­дағы орталық хабтан қазақ­стан­дық балмұздақтар елдің солтүстік аймағына, шығыс және оңтүстік-шығыс өңіріне жеткі­зіледі.

Аталмыш компания биыл Қытай нарығына 200 тонна бал­мұздақ апаруды жоспарлап отыр. «Шин-Лайн» балмұздақтарын қытайлықтар асыға күтуде. Өйт­кені 2017 жылы бұл компания үш бірдей мамандандырылған көр­меге қатысып 100 дистрибьютормен келісімге келген.

«Бұл дегеніңіз – жыл оқи­ғасы. Біз Қытайға балмұздақ өн­діретін алғашқы қазақстандық компаниямыз. Көршілес мем­ле­кеттің нарығына шығу – үлкен еңбектің нәтижесі. Еліміз­дің Ауыл шаруашылығы министр­лігі мен «Атамекен» Ұлттық кә­сіп­кер­лер палатасы қазақстандық өнім­нің Қытай нарығына шығуы­на септесіп, балмұздақты экспорт­таудағы біраз шектеулерді алып тас­тауға көмегін тигізді. Бүгіннен бас­тап біз Қытайға экспортты бас­тап, өз өнімдеріміздің көрші ел­дегі үлесін 3 пайызға арттырдық» – де­ді «Шин-Лайн» компаниялар то­бының президенті Андрей Шин.

Экспорттың өсу келешегі сұра­ныспен тікелей байланысты. Жалпы әлемде өндірілетін бар­лық балмұздақтың үштен бірін қы­тай­лықтар жейді. 2014 жылы Қытай­дың балмұздақ нарығы АҚШ-ты басып озған.

Андрей Шиннің айтуынша, Ресей мен Қытайдың экспорт нарығында ұсыныс өте көп. Сон­дықтан отандық компанияға нарық сұранысына сай келетін өнім ұсыну маңызды.

Нәтижесінде аталмыш компания әбден зерттеу жүргізіп, өнім­нің жаңа құрамын жасап, тех­нологиялық орындалуын өзгертіп, балмұздақтардың қаптамасына дейін жаңартқан. Ұжым жоғары сапалы өнім дайындауға 1,5 жыл уақыт жұмсап, жалпы сомасы 5 миллион еуро қаражат құйған.

«Шин-Лайн» балмұздақ­тары­ның Қытайға экспортталуында өзге де маңызды тұстар бар. Ел­басы бекіткен мемлекеттік бағ­дарламаларда елге инвестиция тарту туралы жиі айтылады. Бұл өз кезегінде қазақстандық өнімнің әлеуетін арттырмақ. Отандық балмұздақтың сапасын көтеру арқылы экспортқа шығу сияқты қиын мәселе шешілді. Болашақта өндіріс көлемі арта береді деген сенім мол.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ