Ана бір жылы Мәскеуге жолымыз түскен. Внуково әуежайынан Санкт-Петербург бағытындағы ұшаққа отыруымыз керек. Оған әлі уақыт бар. Әуежайды аралап келген сапарластарымның бірі:
– Мына жерде өзбек асханасы бар екен, – деді.
Бардық. Өзбек халқының ұлттық нақыштарымен безендірілген дәмханада кісі көп. Палауын таңдадық. Дәмді. Самсасы мен пәтір наны да тіл үйіреді. Алматыға, Таразға жиі барып тұрамыз. Өзбек ұлты тағамды тым тәуір дайындайды. Өзіміздің Шымкентте де өзбек тағамдары жетіп артылады.
Гарвард университетінің студенті Шыңғыс Мұқанның айтуынша, Нью-Йорктің өзінде он шақты өзбек мейрамханасы бар екен. Америкалық қазақтар ұлттық тамақты сағынғанда сол мейрамханалардан табылатын көрінеді.
Мына түрік ағайындар жер шарының түкпір-түкпіріне «Адана кебап» деген тағамын тез таратып үлгерді. «Адана кебап» атауымен Америкаңыздың өзінде айқайлап алдыңыздан шығатын көрінеді.
Ал біз ше? Ұлттық тағамдарымыз дегенде ет, қуырдақ, қарынбөртпе, мипалау, сірне, бауырсақ, құрт, ірімшік, жент, қымыз, қымыран, қазы-қарта, жал-жая деп шұбырта жөнелеміз. Бірақ осы ұлттық тағамдардың қайсысын жарқыратып көрсете, насихаттай алдық? Кешегі ЭКСПО кезінде мұхит асып келгендер қазақтың қай тамағын сүйсіне жеп, не ішіп «осыны біздің қалада да жасауға болады екен ғой» деп оны қалай жасау керектігі жөніндегі нұсқаулықты алып кетті? Ештеңе дей алмаймыз. Неге? Өйткені кезінде қымызымыздың өзін немістер патенттеп алып, сан соқтырып кете жаздады. Осыдан соң өзгеге өкпе жүре ме?
Сондықтан облыстық әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталы-
ғы ұлттық тағамдарымызды насихаттау жөнінде бірнеше семинар өткізіп келеді. Соның ішінде күнделікті тұрмыста әзірленбей, ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарымызды насихаттауда көп ізденістер жасады. Мәселен, «Көмбе» деген тағамды жеп көріп пе едіңіз? Оны былай жасайды. Жерді жарты метр-
дей қазады да ішіне от жағып, бүйірлерін әбден қыздырады. Содан соң күлін алып тастайды да, қарынға салынған етті осы қуысқа салады. Қарын аузына қамыстан ұзын түтік жасайды. Мұнан кейін ыстық топырақ пен күлді қарынның жан-жағына үйіп көмеді. Топырақ үстінен қызуы қатты от жағады. Осылайша, марқаның еті үлбіреп, әдемі піседі. Тіпті сүйегіне дейін жұмсарып кетеді. Жайлауда, жорықта жүрген жауынгер халық көмбені өте дәмді етіп пісіру тәсілдерін жақсы меңгерген. Қарынға түрлі дәмдеуіш шөп қосқан.
Осыны жақсы меңгерген қазақ әлемнің әр түкпірінен келген туристерге бренд болатындай бірер тағам ұсына алмауы мүмкін бе? Ендеше қазақ мейрамханаларына тән өзіндік стильдер неге қалыптастырмаққа?
Оңтүстік туристер тартуға ең қолайлы аймақ дейміз. Мақтанғанда аспанға лақтыратын бөркіміз қайта түспейді. Сонда дейміз-ау, үнемі шекесінен қарай-
тын шетелдіктердің өзі «е, қазақтарда мынадай тамақтар бар екен ғой» деп таң қалатын ұлттық тамағымыз қайсы? «Бесбармақ» деймісіз. Келісеміз. Бірақ оның жаймасы, тұздығы қандай? Қамыры қалың, бетінде кеуіп кеткен бірер түйір сиыр не қой еті бар тағамды «мынау біздің мақтанышымыз» деп қонақтарға көрсете аламыз ба? Әлде олардың алдына құда ретінде бас қоямыз ба?
Қалың қазақ шоғырланған Шымкентіңізде ұлттық асхана неге аз? Толып жатқан «Палау орталықтарға», «Гамбургер», «Лаваштарға» «Адана кебабтарға», «Түрік мейрамханаларына» қашанғы бара бермекпіз? Ұлы ұятымыз қайда қалады сонда?
Рухани жаңғырамыз деп жатырмыз. Қоғамдық сананы өзгертпекпіз. Ол ұлттық құндылықтарынан бірте-бірте ажырап жатса, қалай жаңғырамыз?
Міне, гәп қайда?!.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ