02 Тамыз, 2018

Сынақ цифрлы технологиямен жүргізілуде

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсуге ниетті үміткерлер саны жыл сайын артып отыр. Мәселен, былтыр бір орынға екеуден болса, биыл үш үміткерден келген.

Сынақ цифрлы технологиямен жүргізілуде

Ал талап бұрынғыдай өте жоғары, сынақтары салмақты. Бұған кеше үміткерлермен сұхбаттасу нысанындағы қабылдау сынағын өткізу барысында да куә болдық. Сұхбаттасу түріндегі қабылдау сынағы цифрлы технологияларды қолдана отырып жүргізілді. Оған емтихан комиссиясының мүшесі ретінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев қатысты.

Академияға түсуге үміткерлерден биыл 400-ге жуық өтініш қабылданған екен. Ал оларға бөлінген грант саны магистратура үшін – 120, ал докторантура үшін ­– 12. Іріктеу кезеңінде үміткерлер үш саты бойынша сынақтан өтеді. 

Бүгінде үміткерлермен сұхбаттасу нысанындағы қабылдау сынағы өтіп жатыр.  Бұл ретте айрықша атап өтер жайт, оқуға үміткерлерді іріктеу үдерісі ретінде сұхбаттасу ситуациялық тапсырмаларды – кейстерді шешумен, цифрлы технологияларды қолдана отырып жүргізілуде. Ал бұл іске асырылып жатқан «Цифрлы Академия» жобасы шеңберінде қабылдау емтихандарын өткізудің Академияда апробациядан өткен жаңа форматы.

Бағдарламалар бойынша емтихан комиссиясының құрамында Парламент Сенатының депутаты, Президент Әкімшілігі, Қауіпсіздік Кеңесі, Премьер-Министр Кеңсесі, «Нұр Отан» ХДП, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ақпарат және коммуникациялар министрі, коммерциялық құрылымдар, ғылыми-зерттеу институттар, Назарбаев Университеті, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, Академияның шетелдік әріптес жоғары оқу орны – Сиракуз университеті Максвелл мектебінің (Нью-Йорк, АҚШ) профессоры, сондай-ақ шет мемлекеттердің елшілері мен Академияның профессорлары бар.

Түсу сынақтарының нәтижесі бойынша үміткерлерге Академияға оқуға қабылдау туралы хабарлама жіберілетін болады.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»