Технология • 03 Тамыз, 2018

Астанада заман­ауи құрылғылармен жасақталған смарт-орындықтар орнатылды

54 реткөрсетілді

Ұялы телефондарды сымсыз және USB порт арқылы қуаттауға болады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жол­дауының оныншы тарауын «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін» деген тақырыпқа арнап, заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге бірнеше жол ұсынған болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Смарт сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет» деді.

Шынымен де бас қаламыздың заманауи қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орта­лық­тарының қатарына қосылуы баршамыздың ортақ мінде­тіміз. Жолдауда айтылған меже­лі міндеттер елімізде кезең-кезеңі­мен сәтті жүзеге аса бастады. 

Соның бірі жуырда Астананың сол жағалауында орнатылған 39 смарт орындық. Аталған «ақылды орындықтарды» елорданың 20 жылдығына орай Павлодар облысы сыйға тартып отыр. Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, заман­ауи құрылғылармен жасақталған орындықтардың смартфондарға блютуз арқылы қосылу және динамика арқылы музыка тыңдау қызметтері бар. Сондай-ақ ұялы телефондарды сымсыз және USB порт арқылы қуаттауға болады. Орындықтарға электр қуаты оған орнатылған күн батареялары арқылы келеді. Ең бастысы, бұл орындықтар велосипедшілер үшін тұрақ қызметін атқарады. 

Смарт орындықтардың жаңа веложол маңайына орнатылған себебі де сол. Өйткені Астана күніне тарту етілген 56 шақырым веложолда павлодарлықтардың да үлесі бар. Жеті облыс атынан, яғни Павлодар, Атырау, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстары тарту еткен веложол Есіл өзенінің сол жағалауы, ЭКСПО кешені арқылы өтіп, қала бағының шаңғы-роллерлік трассасы мен Қараөткел ауылынан басталатын «жасыл белдеу» арқылы өтетін велосипед жолын байланыстырады. 

Павлодар облысының атынан табыс етілген жол мен «ақылды орындықтар» ERG компания­сы қаражатының есебінен салын­ға­нын айта кеткеніміз жөн. 

Бағасы 1,2 млн теңге тұратын смарт-сәкілердің үш жылға дейін кепілдік мерзімі бар. «Смарт сити» стандартын қалыптастырудың бір үлгісі ретінде осы «ақылды орындықтарды» атауға болады. Расымен де «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың жобасына айналады.

Айта кетейік, мұндай смарт орындықтар Петропавл, Қа­рағанды сияқты облыс орталық­тарына да қойыла бастады. «Ақыл­ды қала» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаларды жаңа тұрпатты Қазақстанның же­тістіктері қатарында атауға толық негіз бар.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар