Аймақтар • 03 Тамыз, 2018

Павлодарда «Ұлы Дала» фестивалі басталды

547 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығында ұлттық салт-дәстүр, тарихи танымдық бағытта   ұйымдастырылған мерекелік шара 3-5 тамыз күндері аралығында өтеді.

Павлодарда «Ұлы Дала» фестивалі басталды

Бүгін фестивальдің алғашқы  күні Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында «Ұлы дала» халықаралық этнофестивалі шеңберінде «Ұлы дала мұрасы: тарих, тұлға, тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ашылды.  

Жиналғандарды облыс әкімі Болат Бақауов құттықтады. Осы  фестиваль аясында жыл бойы  жүзеге асырылған рухани-мәдени шараларды  да атап өтті. Бұл күндері Баянауыл ауданы Теңдік ауылында Мұса Шорманның кесенесі бой көтеруде. Ақтоғай ауылы маңындағы Естай Беркімбайұлының кесенесіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жол салынбақ. Мәшһүр Жүсіптің 20 томдық шығармалары сандық жүйеге көшірілді. Сұлтанмахмұт Торайғыров  музей күрделі жөндеуден өтті.

Облыста Бұқар жыраудың туғанына-350 жыл, Мұса Шорман ұлының  200 жыл, Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығы, Естай Беркімбайұлының 150 жылдығы, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 125 толу  мерйтойлары бірінен соң бірі аталып өтуде. Осы бес мерейтойдың кульминациясы «Ұлы Дала Елі» этнофестивалінде көрініс табуда.

Этно ауылдарда  мерейтой иесінің өмірі, шығармашылығына арналған сахналық көріністер, көрмелер ұйымдастырылып, көркемсөздер оқылады, шығармалары халыққа кеңінен насихатталады. Мерейтой иелеріне арналған республикалық ақындар айтысы, мүшәйра, жыршылар байқауы жалғасуда.

Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, «Ұлы дала елі» фестивалінде Ертіс жағасындағы Ертісpromenade сахнасында ашық аспан астында С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық театры «Көмекей әулие Бұхар жырау» тарихи драмасын сахналайды. Одан кейін  «Ертістің ерен Естайы» атты республикалық дәстүрлі әндер фестивалі өтеді. Байқауда Естайдың «Құсни-Қорлан», «Бір  мысқал», «Сандуғаш», «Жай қоңыр», «Юран-ай» және басқа туындылары орындалады.

Мереке көрінісі жағалай тігілген киіз үйлер, қайнаған қазан, жайылған дастарқан, шырқалған әндер, таңқалдырған қолөнер бұйымдары-барлығы да өткен ғасырлардан бір күнде келіп жеткендей әсер қалдырады.

Тек той соңынан тағылымды  із қалып, санаға тиер ой жиналса болғаны.

Кең далада музыкалық және әдеби шығармалар, театрландырылған қойылымдар, ақындар сайысы, салт-дәстүрлер, жарыстар бағдарламалары өтеді, «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Ертіс-Баян әуендері»  облыстың шығармашылық ұжымдарының  концерт береді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен  Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген: Валерий Бугаев