Қазақстан • 08 Тамыз, 2018

Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен қажылық мәселесі талқыланды

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен кешікпей қажылық сапарға аттанатын қазақстандықтардың құлшылық мәселелерін ұйымдастыру бойынша отырыс өтіп, оған ҚМДБ басшылығы және шараға  қатысы бар мемлекеттік орган қызметкерлері, сондай-ақ азаматтарды тасымалдайтын әуе компанияларының өкілдері қатысты.

Дархан Кәлетаевтың төрағалығымен қажылық мәселесі талқыланды

Жиын барысында қажылық маусым кезінде атқарылатын шаралар пысықталып, әсіресе адамдарды тасымалдайтын әуе компанияларының даярлығы, сондай-ақ міндетті вакцина қабылдау рәсімі мен виза мәселесі кеңінен талқыланды.

ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораздың айтуына қарағанда, биыл Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық істері жөніндегі министрлігімен келісім бойынша үш мың қазақстандыққа құлшылық квотасы бөлініпті. Бұларды  қасиетті сапарға алып бару үшін 18 отандық туристік компания қызмет көрсетуге дайын. Аталмыш министрлік өткен жылы діни туризм саласында туроператорлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын  бекіткен. Барлық шара осы қағидат негізінде орындалады.

Министр Дархан Кәлетаевтың айтуынша, қажылықты қадағалау һәм  ұйымдастыру мақсатында ведомоства діни басқармамен бірлесіп  14 адамдық топ құрыпты. Бұл құрамда: діни басқармадан 7, бұқаралық ақпарат құралдарынан 3,  Денсаулық сақтау және Қоғамдық даму министрлігінің әр қайсысынан екі-екіден өкіл бар.   

Қажыларды тасымалдау ісін Қазақстан мен Сауд Арабиясының әуе компаниялары 50/50 пайыз үлес негізінде атқармақ. Бұл істі тиянақты атқарып шығуды саудиялық «Fly Nas» әуе компаниясы өзіне міндеттесе,  біздің тараптан «SCAT» әуе компаниясы қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар қажылардың міндетті түрде вакцина қабылдау шарасы еліміздің бес қаласында орналасқан 8 медициналық орталықта атқарылады. Вакцина бағасы – 28 мың теңге. Қажылық парызын өтеушілер Сауд Арабиясына 9-15 тамыз аралығында барып, 1 қыркүйекке дейін елге оралады.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»