22 Желтоқсан, 2011

Ақжолдықтар – оңтүстікте жүр

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Бөрі­хан Нұрмұхамедов бастаған бір топ ақ­жолдықтар Оңтүстік өңірдегі жүздесулерін рухани астана – Түркістаннан бастады. Қазақты ел қылған, мемлекетінің негізін қалап, бүтіндігін сақтап қалған ұлы аруақ­тарға зиярат еткен олар Түркістан халқы­мен кездесуде өздерінің сайлауалды тұғыр­намасын кеңінен таныстырды. “Ақ жол” – халықтың үмітін жалғап отыр­ған партиялардың бірі, – дейді партия­ның Түркістан филиалының төрағасы Мұса Пәттеев. – Қазақстан – әлемдегі пайдалы қазбаларға, шикізатқа бай ел десек, оның негізгі игілігін шетелдік кәсіпорындардың аттөбеліндей өкілдері емес, жергілікті тұрғындар көруі керек. Сонымен қатар, жастардың жұмыссыздық деңгейін азайту мәселесімен белсенді айналысады. Отырар ауданында жалғасқан кездесуде Б.Нұрмұхамедов білім беру, денсаулық сақтау салалары жұмысын жақсарту, сот жүйелерінің тәуелсіздігін қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті қолдау, жұмыссыздықты азайту жөніндегі ойларын тарқатты. – Мен “Ақ жол” партиясын кәсіп­кер­лік­ке үлкен қолдау көрсеткендігі үшін таң­да­дым, – дейді “Төребек” ЖШС-інің төрайы­мы, Оңтүстікке белгілі кәсіпкер Баян Нарбекова. – Жұмыс жағдайымен Қытайда сан рет болдым. Онда шағын және орта бизнеске үлкен көңіл бөлініп, жергілікті билік жұмысын негізсіз тексермеуге он жылдай уақыт бөлінеді екен. Ал, бізде мансабын пайдаланып, өктемдік көрсететіндер көп. Көптеген шаруашылықтар жұмысын бастамай жатып, жабылып қалады. Сондықтан, үш жылға дейін тексермеу жөнінде кеңдік берілуі керек деп ойлаймын. Жеңілдетілген несиелердің пайызы төмен болса, шаруа­шы­лықтар аяғынан тез тұрып кетер еді. “Ақ жол” партиясының осы бағыттағы ұста­нымы көңілімізден шығады. Жалпы, күні бүгінге дейін ақжолдықтар еліміздің бірқатар облыстарында сайлау­шы­лармен кездесулер өткізіп үлгерді. Сол жүз­десулер барысы көрсеткеніндей, көпші­лікті әлеуметтік мәселелер толғандыра­тыны белгілі болып отыр. Олардың қатарында комму­нал­дық қызмет көр­сету құнының қымбат­шы­лығы, жұмыс­сыз­дық және тұрғын үймен қам­тамасыз етілмеу проблемалары бар.  Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.