Аймақтар • 09 Тамыз, 2018

Әулиеатада «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығы таныстырылды

163 реткөрсетілді

Бүгінгі жастарды білімге ынталандыру, туған өлке тарихын білуге баулу еліміздегі маңызды мәселелердің бірі. Еліміздің болашағы болып саналатын жастардың білім бәсекесіне қабілеттілігі мектеп жасынан қалыптасуы тиіс. Бұл орайда оқулықтардың сапасы мен мазмұны аса маңызды. Сондай-ақ, туған елінің тарихын терең білген азаматтар болашақта да білім бәсекесінде ешкімге дес бермейді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында «Мысалы, өте көкейкесті болып табылатын «Қазақстан құқығы» (оның болмауы жастардың құқықтық нигилизмі мен сауатсыздығына соқтырады), «Өлкетану» (туған жерге махаббат отаншылдықтың негізі ғой), жеке табысқа жетудің, жеке тұлғаның әлеуметтануының әдістемесі сынды «Акмеология» сияқты пәндер қайда? Олардың жоқтығы жастардың едәуір бөлігінің әлеуметтік инфантилизміне, ересек өмірге бейімделе алмауына, басқа да келеңсіздіктерге ұрындырады» деген болатын. Қазіргі кезде мемлекет тарапынан жастардың білім алуына тиісті жағдай жасалып келеді. Ұмыт қалған пәндер қайтадан білім жүйесіне енгізілді. Мектеп оқулықтарының мазмұны жаңарып, биік деңгейге көтерілді.

Бүгін Жамбыл облыстық білім басқармасының мәжіліс залында аталған басқарманың ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының 5, 6 және 7 сыныптарына арналған «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығының таныстырылымы өтті. Өлке тарихын қамтыған кітап Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жарық көріп отыр.  Аталған шараға оқулықты құрастырушы жергілікті ғалымдар, өлкетанушылар, жазушылар мен қоғам қайраткерлері, әдіскерлер мен практик-мұғалімдер қатысты.

«Өлкетану» оқулығының бағдарламасы 2017 жылы 10 тамызда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен бекітілді. Оқулық Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Өлкетану» курсы оқулығын әзірлеуге арналған әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жазылды. «Өлкетану» оқулығының жобасы облыс әкімдігінің жанынан құрылған редакциялық кеңесте, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің пәндік және эксперттік комиссияларында, авторлық жұмысшы тобының отырыстарында қаралып, талқыланды. Оқулықтың электронды нұсқасы 2018 жылдың наурыз айынан бастап облыстық білім басқармасының сайтында орналастырылып, алдын-ала пікірлер жинақталды», деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова таныстырылым барысында. Бұдан кейін облыстық білім басқармасына қарасты оқу-әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары Бигелді Тәжібаев өңір педагогтарын «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығының мазмұнымен таныстырды. Оқулықтың құрылымы «Қымбатты балалар!», «Кіріспе», «Қорытынды» сияқты бөлімдерден тұрады. Өз сөзінде ол аталған оқулықтың мазмұны оқушылар бойында туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын тарихи-мәдени, географиялық, эстетикалық, филологиялық білімдерінің қалыптасуына бағытталып, жастарды туған өлкесін аялап, қастерлеуге тәрбиелейтінін жеткізді.

Сондай-ақ, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан, М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің оқытушысы Зиба Құламанова және өзге де редакциялық кеңес мүшелері жарық көрген жаңа кітап туралы өз ойларымен бөлісті. «Алматыкітап» баспасынан шығып отырған «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығында Әулиеата өңірінен шыққан тарихи тұлғалар өмірі, Тараз  топырағындағы тарихи ескерткіштер, жер-су атауларының тарихы толықтай қамтылған. Сондай-ақ, аталған оқулықта Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Асанәлі Әшімов, Өмірбек Байгелді сияқты жазушы, ғалым және мемлекет қайраткерлерімен қатар, ән әлеміндегі Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаев есімдері де бар. Ендігі жерде Әулиеата оқушыларына «Өлкетану» оқулығы 5 сынып оқушыларына  5 сағат, 6 сыныптарға 7 сағат және 7 сынып оқушыларына 8 сағат бойы оқытылатын болады. Кітап таныстырылымына жиналған көпшілік аталған оқулық оқушылардың Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, география, музыка сабақтарында алған білімдері мен дағдыларын тереңдетуге ықпал ететінін айтты. 

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда достық көрмесі өтті

Аймақтар • Бүгін, 15:44

Шпал өндірісі іске қосылды

Экономика • Бүгін, 15:07

Қайран тілім қор болды-ау!..

Руханият • Бүгін, 10:08

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Бүгін, 10:05

Қаламның қарагері

Руханият • Бүгін, 10:00

Камбэктің драмалық хикаясы

Спорт • Бүгін, 09:46

Толағайлар неге тоқырады?

Спорт • Бүгін, 09:20

Халықаралық әуежай салынады

Аймақтар • Бүгін, 09:12

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Бүгін, 09:07

Ұлт газеті ұлықталған күн

Руханият • Бүгін, 08:58

Ұқсас жаңалықтар