Қазақстан • 09 Тамыз, 2018

Елімізде қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеді - Қайрат Қожамжаров

355 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ақордада еліміздің Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровты қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Елімізде қылмыс деңгейі 10 пайызға төмендеді - Қайрат Қожамжаров

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа еліміздегі құқық қорғау органдарының қызметі және бұған дейін жүктелген тапсырмалардың орындалуы жөнінде есеп берілді.

«Бас прокуратураға ең жоғары дәрежеде бақылау шаруасы берілген, барлық жағынан. Заңның әділетті болуы үшін бірнеше шараны қолдадық, заңдарды қабылдадық, сот жүйесін түзедік. Полиция туралы заң қабылдадық. Енді солардың барлығының нақты орындалуы Бас прокурордың құзырында»,  деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Қайрат Қожамжаров  ағымдағы жылдың 7 айында еліміздің  құқық қорғау саласында біраз жұмыс атқарылғанын айтты.

«Соны өзіңізге баяндауға келіп отырмын. Елімізді саяси-қоғамдық ахуал тұрақты. Прокуратура органдары заңдылықты және құқықтық тәртіпті сақтауда жүйелі шаралар қолданып жатыр. Азаматтардың құқығын қорғау саласына жарты жылдықтың ішінде 5-6 тексеру жүргіздік. Оның ішінде еңбек, жер қатынастары, тарифтер,жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері бар. Нәтижесінде осы уақытта дейін прокуратура органдары үш миллионнан астам азаматымыздың құқығын қорғады. Мәселен, тарифтерге келер болсақ, жеті өңірде тарифтердің деңгейін түсіріп, 1,5 миллион адамға артық төлеген ақшаларды қайтару бойынша шаралар қолданып жатырмыз», деді Бас прокурор.

Осы орайда Мемлекет басшысы Бас прокурордан оның қандай тарифтер  екенін сұрады.

«Бірінші - электр тарифтері. Себебі араларында фирмалар өте көп, қосып қойған. Олардың арасында лауазымды адамдардың да, монополистердің де фирмалары бар. Солардың барлығын анықтап, сыртқа шығарып жатырмыз. Құқықтық баға берудеміз», деді Қайрат Қожамжаров.

«Егер де өзін монополист деп санайтын болса, онда ол істейтін жұмысына инвестиция салуы керек. Тарифтер арқылы қаражат тауып, ақшасын салып, тұрғын үйлердің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жұмыстарын жөндеуі керек»,  деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Бас прокурор ҚР Президентінің тапсырмасымен қылмыстық процесті жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын, қылмыс деңгейі жалпы елімізде 10 пайызға төмендегенін айтты. «Қазіргі уақытта адамдар бұрынғыға қарағанда 30 пайыз аз қамалады.  Мысалы, биыл сот 12 мың адамға үкім шығарып, соның 4 мыңы ғана бас бостандығынан айрылды»,  деді ол.