«Жеті атасы би болған, жеті жұрттың қамын жер» дегендей, Ы.Қалиев ағамыздың тектілігі тереңнен тамыр тартады. Оның текаталары, түпаталары – Әлімнің алты баласының ең атақтысы Төртқарадан тараған, қарадан шығып хан болған, сегіз қырлы, бір сырлы, әрі жаужүрек батыр, әрі отауызды, орақ тілді шешен, қажылыққа үш рет барған, аты белгілі әулие сегіз жүйелі Сейітқұл, Самарқанды қырық жыл билеген, Орта Азияның соңғы жолбарысы Жалаңтөс баһадүр, бүкіл қазақтың қамын жеген, ел сенімін ақтаған, жоғын жоқтаған, мұңын мұңлаған, 19 жыл хан кеңесінің мүшесі болған Әйтеке би.
Міне, осындай тұлпарлардың тұяғы, сұңқарлардың қияғы, алтынның сынығы, Жалаңтөс баһадүрдің тікелей 8-ші ұрпағы Ыдырыс Қалиевтің елдің бесігіне сыйғанмен төріне сыя бермейтін қазақтың қадірлі, қастерлі азаматы болуы кездейсоқтық емес, табиғи заңдылық, тағдырлық жазмыш.
...Ашаршылық жылдары Ыдыкеңнің әкесі Қалы сталиндік зауал нәубеттің құрсауына түспеу үшін Өзбекстанның Үргеніш қаласына қашып барып, бас сауғалайды. Ал Аралда қалған отбасы аш, бір уыс бидайға үйдегі бар өтетін заттарын сатып, біраз уақыт күн көреді. Сонсын сегіз жасар Ыдырыс балық зауытының қызметкері туысынан балық алып, оны тоғыз шақырым стансаға шанамен сүйретіп апарып сатып, тапқан тиын-тебеніне жанұясына жүрек жалғар тамақ әкеліп жүреді. Бірде ол да бітіп, көн етікті суға қайнатып талғажау қылған күндері де болған.
Он алты жасында оның еңбек жолы басталады. Ф30-ның 6 айлық курсын 2 айда бітіріп, СУ-2 жолаушылар таситын паровозға отжағушы (кочегар) болып орналасады. Күніне 12 тонна көмірді күрекпен пешке атқылайды. Қабырғасы қатпаған жас бала мұндай ауыр жұмыстан әбден әбіржіп, азып-тозып кетеді. Осыны ескерген депо басшылығы оны басқа жұмысы жеңілдеу паровозға отжағушы, 2 айдан кейін машинистің көмекшісі қызметіне жоғарылатады.
Ыдырыс Қалиев 1943 жылы он сегіз жасында армия қатарына шақырылып, соғыстың қайнап тұрған аласапыран кезінде эшелон Белград майданына жақындағанда, Бас қолбасшы: «Тәжірибесі жоқ жастарды отқа салмаңдар, соғыс өнеріне үйретіңдер» деп бұйрық береді. Осы бұйрықтың шапағатымен эшелон шығысқа қарай бұрылып, Маньчжурияның шекарасына келіп тоқтайды. Сонымен 1945 жылдың тамыз айының 20-шы жұлдызында Забайкалье майданының жауынгерлері 40 миллион халқы бар Маньчжурия жерін түгелдей жаудан босатып, Квантун армиясын талқандап, Жапонияны жеңеді.
Ыдыкең елге жеткесін өзінің бұрынғы ұжымы депоға қайта келіп, машинист көмекшісі болып орналасады.
Көп ұзамай Ыдыкең 8 сыныптық біліммен Қазалы темір жол бөлімшесі саяси бөлімінің комсомол нұсқаушысы қызметіне тағайындалады. Ауданда кешкі мектептің жоқтығына байланысты, депо басшыларының келісімімен 10 сыныпты өзінен 7-8 жас кіші балалардың ортасында төбедей болып қатар отырып, өзінен 4-5 жас кіші мұғалімдерден сабақ алып, бітіріп шығады.
Жоғары білімді Алматыдағы көшбасшы оқу ордасы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін сырттай оқып бітіріп алады.
Осыдан кейін Ыдыкеңнің қызметі жоғарылып, саяси бөлім бастығының комсомол жөніндегі көмекшісі әрі орынбасары болады. Бұл қызметке Қазақстан комсомолы Орталық комитеті, темір жолдың Одақтық саяси басқармасы, министр бекітеді. Ол аудандық комсомол комитетінің бюро мүшесі, облыстық комсомол комитетінің Пленум мүшесі болып сайланады.
«Қос оңбай іс оңбайды», «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды», «Бір жақсы, бір жаман әр жерде бар, екі жақсы қосылған қай жерде бар», «Ерді кебенек ішінде таны», «Кісі болар жігітті ел мақтайды, ел мақтаған жігітті қыз жақтайды» деген қазақтың қасқабас қағидаларының барлығы айна-қатесіз орындалып», Ыдыкең үйлі-баранды болады.
Ыдырыс аға бірінші рет Қанзираны жиналыста көріп, бір бақытты сәтте жанарлары түйісіп, сезімдері селт етіп, сөзсіз түсінісіп, ұғынысып,жандары жарасып, әйтеуір есебін тауып кездесіп, Ыдыкең екі-ақ сұрақ қояды: «Мені ұнатасың ба?». Қазира: «Иә» деп ишарат білдіреді. Ыдыкең: «Маған тұрмысқа шығасың ба?», Қанзира: «иә» деп келісімін береді. Осылай 1950 жылы Ыдыкең 25 жасында өзінен 8 жас кіші Қанзира апаймен отбасын құрады.
Міне, содан табаны күректей 68 жыл бойы Ыдыкең мен Қанзекең жұбы жазылмай, қол ұстасып, тату-тәтті, мәнді-мағыналы, өнегелі өмір сүріп, біріне-бірі тек тән серігі емес, жан серігі, тіреу, сүйеу, ақылқосар, ашубасар, демеуші, жебеуші, біріне-бірі ұстаз да, шәкірт те болып ертегідегідей тамаша тағылымды ғұмыр кешті.
Алтын қамшыдай Серікжаны аяулы ата-анасының серігі де, әулеттің көрігі де, көзі де, өмірінің жалғасы да, ал алтын қасықтай қыздары Фарида мен Нұргүл, немерелері, шөберелері, шөпшектерімен бірлігі мен тірлігі жарасқан бір қауым кішігірім ел сияқты.
1953 жылы ол облыстық партия комитетінің өндіріс және көлік бөліміне нұсқаушы болып қабылданды. Қалада біреудің бір бөлмелі үйінде пәтерде тұрады. Обком күніне бір бөлке нан және бір мезгіл ақысыз тамақ береді. Бір демалыста ауылдан қайнағасы келіп: «базарға барып, қыдырып қайтайық» дейді. Бұл кісі: «бара алмаймын» дейді, себебін қарындасынан сұраса: «жалғыз көйлегін жуып қойып едім, үстіндегі киімінен басқа артық киімі жоқ қой» дейді. Жағдайды түсінген қайнағасы бір көйлек сатып әпереді.
Көп ұзамай Ы.Қалыұлы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылады. Үстінде темір жолдың кителі мен шекпені. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы: «Мәскеуге, бекуге барғанда костюм киіп, галстук тағып бар» дейді. Ал Ыдыкеңде костюм де, көйлек те, галстук те жоқ. Бір нұсқаушының костюмін, бөлім меңгерушісінің орынбасарының көйлегін, бөлім меңгерушісі Смағұл Ысқақовтың галстугын сұрап алып Мәскеуге барады.
Облыс комсомол ұйымын алты жыл басқарып, 1959 жылы Ы.Қалиев Мәскеудегі КОКП Орталық комитеті жанындағы жоғарғы партия мектебіне оқуға кетеді.
Ол паровоздың отжағушысынан машинистің көмекшісі, Қазалы теміржол бөлімшесі саяси бөлімінің комсомол жөніндегі нұсқаушысы, бастықтың комсомол жөніндегі көмекші әрі орынбасары, облыстық партия комитетінің өндіріс және құрылыс бөлімінің нұсқаушысы, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы, Арал аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің өндіріс және құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қалалық атқару комитетінің төрағасы, партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы, мұрағаттар басқармасының бастығы сияқты өсу жолынан өтті.
Осыншама жауапты жұмыстарда, ұзақ жылдар, неше түрлі алмағайып, аумалы-төкпелі, қилы-қилы замандарда сүрінбей, жығылмай, тізесі бүгілмей, басы иілмей, кеудесін ешкімге бастырмай, төбесіне ешкімді шығармай, намысының туын жықпай, арына дақ түсірмеуінің сыры неде? Ол сөзсіз Ыдыкеңнің ақылдылығы, тазалығы, төзімділігі, қанағатшылдығы, шүкіршілігі, сергектігі, сезімталдығы, сақтығы, шайтанға тұзақ құрарлықтай саясаткерлігі, табандылығы, тұрақтылығы, кеңдігі, кешірімділігі деп бағалауымыз керек.
Сондай-ақ ағамыздың батыр бабаларына ұқсап қажетті, тағдырлы, сын сағаттарында батырлық, батылдық көрсететін жүректілігі, жігерлілігі де бар.
Мысалы, 1958 жылы біздің облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы М.Сужиков Семейге басшылық қызметке сайланып, Қызылорда облыстық партия комитетінің бюро мүшелерін түгел Алматыға шақырып, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің екінші хатшысы Фазыл Кәрібжанов ендігі жаңа бірінші хатшының кандидатурасы жөнінде пікір сұрайды. Бюро мүшелерінің көпшілігі облыстық кеңес атқару комитетінің төрағасы Ізмұхамед Еділбаевтың кандидатурасын ұсынады. Тек Ыдырыс Қалиев қана бір өзі облыстық партия комитетінің екінші хатшысы С.Оспанов болсын деп жалтақтамай батыл, жігерлі, қажырлы ұсыныс жасайды. Осылайша С.Оспанов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланады.
Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы кезінде Ы.Қалыұлы одақтық екпінді құрылыс ЦКЗ-ның (кейіннен бір өзі комбинаттың жарты қала» атанған целлюлоза картон зауыты) штабын басқарады.
Бір кездері қаржының дұрыс шешілмеуінен, жұмысшылар 3 ай жалақысын ала алмай, құрылыс қарқыны төмендеп, жұмыстың берекесі кете бастайды. Сонда штаб бастығы, ол кезде қала оңтүстік өлкеге қарайды, өлкені, республиканы аттап тікелей Мәскеуге дабыл қаққан жеделхат жолдайды. Мәскеудің араласуымен бұл өткір мәселе 2-3 күнде оң шешімін табады, бірақ Ыдырыс Қалиевтың бұл «партизандығы» өлке, республика басшыларына ұнамай ол партиядан шығып, қызметтен босап қала жаздап, өлке, республика басшыларының кеңдігінің, кешірілімдігінің, әділеттіліктің арқасында аман қалады. Ыдыкеңнің осы тәрізді ерліктері аз болмаған.
Ол қаланы, облысты басқарған кезең сол заманның талабы мен мүмкіншіліктеріне сай аймақтың өсу, өркендеу жылдары болды. Қызылорда плотинасы, целлюлоза-картон, силикат-кірпіш, экспериментальды жөндеу және Рисмаш зауыттары, ТЭЦ-6, тоқылмайтын маталар фабрикасы, конструкциялық-қабырға материалдар комбинаты, элеватор, Шалқия кен орны, Шиеліде уран өндіру өндірісі іске қосылды. Қызылорда қаласында алғашқы көшелердің асфальтталынуы, су құбырларының, кәріз жүйелерінің, алғашқы көпқабатты үйлердің, Гагарин, Титов, Ақмешіт, Мерей, Оңтүстік шағын аудандардың салынуының басында Долдаш Алисов пен Ыдырыс Қалиевтің тұрғандығы облыс халқының, қала тұрғындарының жадында мәңгі сақталары сөссіз.
Бірнеше құрылыс, мелиорация трестері мен бірлестігі құрылып, ондаған өндіріс орындары ашылып, Түгіскен, оң жаға, сол жаға, Қазалы күріш массивтері инженерлік жүйеге келтіріліп, пайдалануға берілді. Арал, Қазалы, Қызылорда қаласында теледидар мұнаралары тұрғызылып, облыс халқы көгілдір экранды көру мүмкіншілігін алды.
Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі мен Нартай Бекежанов атындағы драма театрының, Ғани Мұратбаев атындағы стадионның салынуы облысымыздың мәдени өміріндегі елдің есінде қалған елеулі уақиғалар болды.
Бір сөзбен айтқанда облысымызда ХХ ғасырдың екінші жартысында атқарылған барлық игілікті, ізгілікті істерде Ы.Қалиевтің қолтаңбасының барлығы баршаға аян ақиқат.
Біздің Сыр елі үшін тағдыршешті тарихи оқиға жайлы Ыдыкеңнің өзі жазған кітабына сол кездегі КСРО астанасы Мәскеу қаласында арнайы іссапармен болып, аймағымызға қатысты өміршең мәселелерді шешу үшін одақтың мүйізі қарағайдай астық дайындау министрі, 74 жастағы Коломенко (бұл дөй дөкей сол кездегі КСРО-ның бірінші басшысы М.С.Горбачевты Ульяновскіде жастайынан қызметте тәрбиелеп өсірген «батькасы» екен), мұнай газ министрі Черномырдин, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, әлемге әйгілі академик, машина-құрылысы министрі Славский, темір жол министрі Конарев, тағы басқа биік лауазымды тұлғалардың ресми қабылдауында болып, тіл табысып, түсінісіп, келісімдерін алып, маңызды құжатқа қолдарын қойғызып, түйткілді мәселелерін оңтайландыруға байланысты былайша баяндайды:
«...Осы жайды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Әуелбековке тегіс баяндап, телефон арқылы жеткіздім. М.С.Горбачевтің келісімі керек, мен оған шыға алмаймын дедім. Шамамен бір сағат уақыт өткенде Н.Рыжков (одақтық үкімет басшысы) маған кірсін деді. Кабинетіне кіріп едім, ол кісі жылы қабақ танытып, бағанағыдай емес көңілді. Бетіме бір қарады да, ұсынған қаулымды алды.
Бұл 1986 жылдың 26 желтоқсаны еді. «Об ускоренном социально-экономическом развитии Кызылординской области» («Қызылорда облысының әлеуметтік-экономиялық дамуын жеделдету жөніндегі») қаулысына қолын қойды. Бұл облыс тарихында осы тақырыптағы алғаш рет қабылданған қаулы еді». Расында бұл мұнан кейін одақтық республикалық деңгейде дүниеге келген Сыр өңірінің дамуына қатысты және Арал экологиялық апат аймағы болып жарияланып, мұндағы халыққа қосымша қаржылай көмек жасау жайлы маңызды үкіметтік шешімдердің басы болды. Ал ең бастысы, сол арқылы міне, бақандай 30 жылдан астам уақыттан бері қызылордалықтарға негізгі күнкөрістің көзі, олжалы нәпақасы болып келе жатқан Құмкөл мұнай кенішінің ашылуына осылайша берік негіз қаланған болатын.
Ол қолына алған қай істің де берекесін кіргізіп, беделін көтеріп, бағын жандыратын ұтқыр ұйымдастырушы, іскер басшы еді. Ол елдің бағын баптай білген, жоғын жоқтай білген, дұрыс сөзге тоқтай білген, халықтың сенімі мен үмітін ақтай білген, әрқашанда қара халықты жақтай білген, басшы болды. Сондықтан да еліне елеулі, халқына қалаулы, рухы биік, жаны да, тәні де таза, қазақтың нағыз нар тұлғалы азаматы атанып тарихта қалды.
Мемлекет және қоғам қайраткері, соғыс және еңбек ардагері Ы.Қалиев екі рет Еңбек Қызыл Ту, Отан соғысы, Құрмет белгісі ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына алты рет, Қазақстан Компартиясы съездеріне, КОКП-ның XXVII съезіне делегат болып сайланған. Сонымен қатар Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» және тағы да басқа медальдарымен марапатталған. Қызылорда облысының, қаласының, Қазалы, Арал аудандарының құрметті азаматы, Сыр өңірінің бас батагөйі болды.
Ағамыз ешуақытта іс-әрекетсіз қолын қусырып отыра алмайтын, тынымсыз бейнеткер, еңбекқор адам еді. Ыдыкең зейнеткерлікке шыққасын есігінің алдына көкөніс, бау-бақша екті, мал бақты, облыс көлемінде өтетін барлық саяси, әлеуметтік, халықтық, мемлекеттік шаралардың бәріне белсене қатысып, сөйледі, сұхбат, бата берді, мақала, кітап жазды.
Жалаңтөс баһадүр қорын құрып, оны 20 жылдың үстінде басқарды. Аталған мерзімде қажымай, талмай, шаршамай-шалдықпай ұлы бабасының рухын тербетумен, оны ұлықтау, ұлағаттау, атын тарихта, халықтың есінде мәңгілік қалдырудың саналуан шараларын ұйымдастырумен болды.
Нәтижесінде Жалаңтөс Баһадүрге арналған үш ғылыми-практикалық конференция өтіп, оның рухына арналып үш рет ас беріліп, кітап, кино шығарылып, Қызылорда қаласында ең көрнекті жерде, тоғыз жолдың торабында теңдесі жоқ тамаша ескерткіш орнатылды, аты шаруашылыққа, мектепке, Алматы және Қызылорда қаласындағы көшелерге берілді. Енді келешекте бабаның ескерткішін Астанада қою мәселесін белсенді түрде көтеріп, ізбасарларына аманаттап қойған.
Ыдырыс Қалыұлы соңғы жылдары елдің, халықтың жағдайы жөнінде, Жалаңтөс Баһадүр бабасының мәселесімен екі рет Елбасының қабылдауында болды. Жеңістің 65 жылдығына байланысты Мәскеудегі, Бейжіңдегі әскери шерулерге қатысты.
Өз басым Ыдыкеңді көп жылдан бері жақсы білемін, ақиқатын айтсам, жақсы көремін. Бұрын ат үстінде, қызмет бабында, ал енді соңғы 20 жылдай күнде, күнара дерлік етене араласып, бірге жүріп, біте қайнасып, тұздас, дәмдес, сырлас, сыйлас болып бір-бірімізге тілектестік жағдайда да жүріп жаттық. Ептеп, сыпайы майдан қыл тартқандай етіп, әзіл айтып қоятын да нәзік назымыз бар-тын.
Енді міне бүгінде біз былтырғы жылқы жылы тоқсанның үшеуінде бақилыққа аттанған абыз ағаның асыл сөзін де, өзін де сағынып жүрміз...
Ағамыз біздің ұлтымыздың ұлы тұлғаларының ұрпағы, тұлпардың тұяғы, абыз ақсақалы санатында Қазақ елі тәуелсіздігінің тұғырлы болуына рухани дем беріп, ақ тілеулі батасын арнап кетті.
Сейілбек ШАУХАМАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері