Нұрсұлтан Назарбаев туристермен әңгімелесу барысында Каспий шипажайларында демалудың артықшылықтарын, соның ішінде бағаның қол жетімділігін, суға шомылу маусымының ұзақтығын, Ақтау қаласы инфрақұрылымының жақындығын, қонақ үй санының көптігін атап өтті.
– Мен бұған дейін Алакөлде, Балқашта, Бурабайда болдым. Бұл демалыс аймағы отандық туризмді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Біз осы саланы ілгерілетуді жоспарлап отырмыз. Ақтау қаласы келешекте Қазақстанның Анталиясына айналатын болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бір маусымда 140 мыңға жуық адамды қабылдауға мүмкіндігі бар демалыс аймағы 5,7 гектарды қамтиды және Ақтау қаласынан 25 шақырым жерде орналасқан. Туристік нысанға тартылған инвестицияның жалпы көлемі – 485,2 миллион теңге.