Өнер • 14 Тамыз, 2018

Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған көрме-байқауы өтті

1057 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда Бұқар жырау ауданының әкімдігі және Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен көмекей әулие – Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнерінің облыстық көрме-байқауы өтті.

Бұқар жырау Қалқаманұлының 350 жылдығына арналған көрме-байқауы өтті

Қарағандыдағы «Достық үйінде» тұсауы кесілген өнер жарысында 23 суретші мен мүсіншінің 47 жұмысы бәсекеге түсті. Авторлардың бәрі де өз туындыларында Бұқар жыраудың заманында ұлттың сөзін айтқан өр тұлға ретіндегі образын жан-жақты ашып көрсетуге ұмтылған. Байқауда бақ сынаған жас суретшілер мен мүсіншілерге есімі елге таныл­ған Мәдіхан Қалмаханов, Қаныш Балабеков, Евгений Шульц, Дәулет Ізбасарұлы, Манатбек Аманбаев, Юрий Ку сынды шеберлермен бәсекеге түсу оңай болмады. Дегенмен олар үшін бұл байқаудың зор тәжірибе мектебі болғаны анық.

– Бұқар жырау – әр қазақтың мақтанышы. Байқауға ұсынылған жұмыстардың барлығы да жоға­ры деңгейде орындалған. Сон­дық­тан жеңімпазды анықтау бізге оңайға түспеді, – деп атап өтті қазылар алқасының төр­аға­сы, Қазақ­станның еңбек сіңір­ген өнер қайраткері Бейбіт Мұстафин.

Көрме-байқаудың қоры­тындысы бойынша бас жүлде «Бұқар жырау» деп аталған линогравюрасы үшін белгілі суретші Манатбек Аманбаевқа бұйырды. Графика өнерінің хас шебері бұл сынға сегіз туындыдан тұратын сериялық жұмысын ұсынған екен. «Мен Абылай хан мен Бөгенбай батырдың ерлік істерін жырлаған Бұқар жырауды өз заманының ұлы  жаршысы ретінде көрсетуге тырыстым», – деді марапаттау кезінде жеңімпаз.

«Көркем сурет» аталымы бойынша бірінші орын Мәдіхан Қалмахановқа берілсе, «Мүсін» аталамында Амантай Әкішев­тің жұмысы үздік болып танылды. Сонымен қатар «Сәндік-қолданбалы өнер» сыны бойынша Евгений Шульц озып шықса, Наталья Жилкина «Графика» номинациясында жеңімпаз атанды.

«Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масы аясында ұйымдас­тырылған бұл көрмені келушілер 15 тамызға дейін тамашалай алады. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше