Семейдегі Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің профессоры, белгілі ғалым, Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеу орталығының жетекшісі Мұхтарбек Кәрімов Шәкәрімдей Алаштың ардақтысын үйінде қонақ қып, дәм таттырған, қиын-қыстау заманда қажыға көмегін аямаған заманының адал азаматтарының бірі Сәкен Үркімбаев туралы сыр шертті.
– Сәкен Үркімбаевтың бәйбішесі Ақлима Жұматайқызының сүйегі Мұрын елінен, оның ішінде Тоқабай. Әйгілі Қожагелді батырдың інісі, Айдарбек бидің ұрпағы еді, менің туған нағашыларым, – деді Мұхтарбек Қарпықұлы бізбен әңгімесінде, – туған жеріміз Ақсуат, Тарбағатай өңіріне Сәкен Үркімбаев деген кісі ертеде қызмет бабымен келеді. Руы арғын, тобықты ішінде жуантаяқ, қазақтың ертедегі оқығандарының бірі. Ұлы Абайдың айналасы, Шыңғыстау елі сауатын ерте ашқан өңір. Біздің апайымыз Ақлима екеуі жарасып, тұрмыс құрады. 1931 жылы жаз айында Сәкен жездеміз Семейдегі облыстық соттың мүшесі болып жүрген екен. Бұл туралы бүкіл әңгімесін Ақлима әже 90-нан асқан шағында журналист Дәулет Сейсенұлымен сөйлесіп отырып, айтып бергені де бар.
Мұхтарбек ағаның айтуынша, Шәкәрім бір қуғынмен қашып келгенде, олар жасырып, жертөлеге түсіріп қояды екен. Жанында Алдажар деген азамат болыпты. Елден тағы да бір Арғынғазы деген кісі де қашып келеді. Үшеуін кешке Сәкен Үркімбаев жұмыстан келгенше жертөлеге жібереді де, кешке шығарып алып отырады. Ақлима әжемнің айтуынша, Шәкәрім өнерлі кісі еді. Ою оюшы, әсіресе сырмақты шебер оюшы қолөнердің адамы деседі. Дастарқан үстіндегі табақты көтеретін иллюзионистік қасиеті де болыпты. Бір күні Сәкен айтып келеді:
– Шәке, сіздің соңыңызға мықтап түсті. Іш жаққа шығып кетіңіз дейді. «Іш жақ» дегені Сібір. Мен мына пойызға Ауыл стансасынан отырғызып жіберемін, депті.
Шәкәрім бұл сөзге ойланып-ойланып «басқа салғанын көремін» деп бас тартады. Бұл жаз айында болған уақиға. Ал қазан айында Шәкәрімді атып тастайды.
Сәкен Үркімбаев Ұлан ауданының да прокуроры болған. Бұл 1932 жылдың тұсы. Сәкен жас кезінде жолда көшіп келе жатып, бір жастан енді ғана асқан ұлдары Айдарбек қатты ауырады. Баланың ыстығы көтеріледі. Сөйтіп жолда тоқтап Даубай деген жерде отырған Абайдың ұлы Ақылбайдан туған Әубәкірдің үйіне түсіпті. Үйде Абайдың бәйбішесі Ділдә мен Әубәкірдің әйелі бар екен. «Мен ұйықтап қалыппын, оянсам балам өліп қапты. Ал кеп, зар еңіредім» дейді Сәкен. Жылап отыр ем, Ділдә бәйбіше ұрыса жөнелді: «Қарағым, тоқтат көз жасыңды, әлі жассыңдар, құдай береді, балаларың болады» деп. Содан ырымдап, баланы Даубай атаның бейітінің аяқ жағына жерлеп, жүріп кеттік. Бұның бәрі әрине Ақлима әженің 96 жаста айтқан естеліктерінен еді.
Алаш арысы Міржақып Дулатовтың былғары сары портфелі бар екен. Зайсанда бала оқытқан кезде, жолдас болған жігіттеріне беріпті. Соны азаматтар Сәкен Үркімбаевқа сыйға тартыпты. Халық Сәкенді ерекше қадірлеп, жақсы көрген ғой. Ол 1937 жылы Сарқан ауданының прокуроры болып тұрған кезде ұсталыпты.
– Ақлима, мені түбі қалдырмайды, отбасымен ұстап жатыр, сені де тұтқындап алып кетеді, мені аяп жатқан жоқ, сен бірге кетесің, ел жаққа қайт, – дейді жұбайына. «Мен көнбедім, өлсек бірге өлеміз» деп отырып алдым. Сәкен де болмады, маған бұйрық бере сөйледі. Содан болмай Семейге қарай бір көлікке отырғызып, елге жіберді. Елде, Семей өңірінде бір ай ғана болып, одан қайтып келдім. Келсем Сәкен жоқ! Ұстап әкетіпті. Жанұшырып іргедегі Алматыға іздеп бардым. Алматыдағы бір прокурор танысының жұмысына іздеп бардым, деп естелік айтады Ақлима әже. Кабинетіне кірген кезде, Сәкеннің былғары қара плащы көзіме оттай басылды. Прокурор (аты-жөні белгісіз) «Сәкенді алып кетті, кетіп бара жатқан кезде маған «бұны сен киіп жүр, маған кию жазбады» деп, естелікке тастап кетті» дегені. Көңілім алай-түлей болды. Алыстан келгенімді көрген прокурор менен «қайда түстің?» деп сұрады. Мен ешкімді танымайтындығымды айттым.
– Ақлима, сен біздің үйде бол, деп ол адресін көрсетіп, хат жазып берді. Мен «халық жауының әйелімін». Ал оның үйінде болу деген ол заманда «оны отбасымен құрту» деген сөз еді. Мен бара алмадым, дейді, – деп Мұхтарбек аға Ақлима әжесінің басынан өткенді баяндады.
Мұхтарбек Қарпықұлының айтуынша, Сәкен Үркімбаевтан кейін Ақлима апайы екінші рет тұрмысқа шыққан екен, бірақ ол адамнан баласы болмай, асырап алыпты. Сәкеннен Айдарбек деген дүниеден ерте қайтқан баласы және Роза деген қызы болыпты.
Сәкен Үркімбаев туралы кім біледі екен? Мұхаңды бүгінде міне, осы сұрақ мазалайды. Мүмкін, Абай елінің адамдары хабардар шығар?..
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист