22 Желтоқсан, 2011

Татулығымыз тұрақты, бірлігіміз берік

280 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығындағы сал­танатты жиналыста сөйлеген сөзінде Ел­ба­сы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның бү­гіні мен болашағын айқындайтын бағыт-бағ­дарымызды көрсетіп бер­ді. Прези­денті­міз­дің осын­ша­лық­ты кезеңде да­мы­ған ел­дер­дің қатарына қо­сылуға деген үлкен тал­пы­нысы мен үлкен талабы жақсы істердің, жақсы игілік­тер­дің иірімі болды. Туысқан елдің тұғырлы бірлігін біріктірген еліміздің ынтымағына үл­кен баға берді. Елбасы осы аз­ғантай уақыттың өзінде бір­ліктің, ынтымақ­тас­тық­тың және татулық­тың қан­ша­лықты қайтарымды бола­тын­дығын ісімен де, өнегесімен де көрсетті. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы тамаша та­быс­тарға толы. Осы кезеңде Елбасымыз Нұр­сұлтан Назарбаев егемен елімізді небір күр­делі кезеңдерден тура бағыттан адастырмай алға бастап, тәуелсіздіктің тұғырын бекітетіндей берекелі істер бекемдегенін барша қазақстандық анық сезініп отыр. Қазақстанды әлем­­ге танытты, мемлекеттілігін қалыптастырды, алыс-жа­қын шетелдерге абыройын асқақтатты. Астананы Арқаға көшіріп, ғасырлық жобаны жүзеге асырды. Елбасының әр қадамы өз елінің эконо­ми­ка­лық дамуы мен халқының тыныштығын, әлемде бейбітшілікті нығайтуға бағытталып келе жатқаны сөзсіз. Ортақ отанымыз – Қазақ елін әлемдік қаржы дағдарысынан қиындықсыз шығарып, дамудың даңғыл жолына бастап келе жат­қа­нын әлем мойындап отыр. Сондықтан да ол халқына қалаулы, еліне елеулі тарихи тұлға. Айта берсе, тәуелсіздік жылдары атқарыл­ған шаруалар қисапсыз көп. Оны күнделікті өмірімізде сезініп те келеміз. Елбасының елімізде ұлтаралық келісімді нығайтудағы бастамалары қашанда ха­лық­тан қолдау тауып жатады. Қазақстан халқы Ассамблеясы Президент бастамасымен дүниеге келген, Тәуелсіздіктің төл перзенті. Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің басты жетістігіміз – жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың бір елде татулықта, бірлік пен бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымыз, мұны айрықша бағалау, қастерлеу керек деп үнемі атап өтеді. Біз тәуелсіздіктің нәтижесінде салт-дәстүрімізді, тілімізді сақтауға қол жеткіздік. Тәуелсіз мемлекеттің бір белгісі мемлекеттік тіл екенін ұмытпайық, ағайын. Сондықтан да тәуелсіздікпен келген табыстарымыз бен жетістіктеріміз де ортақ. Біз егеменді еліміздің ертеңі үшін еселі еңбек етіп, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Ел ертеңінің темірқазығы болатындай ұрпақтарымыз да достықтың, татулықтың үлгісін көрсетуі қажет. Сонда ғана тәуелсіздік тұғыры бұрынғыдан да беки түседі, өміршеңдігі ұзарады. Паввел МАГЛЕЛИ, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі. Ақтөбе облысы.