Әлем • 16 Тамыз, 2018

Жакартада еліміздің мемлекеттік туы ресми түрде көтерілді

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Жакартадағы атлетикалық ауылда Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы салтанатты түрде көтерілді деп хабарлайды Olympic.kz. 

Жакартада еліміздің мемлекеттік туы ресми түрде көтерілді

Еліміздің туын ресми түрде көтеру салтанатына Қазақстан құрамасының спортшылары мен еліміздегі спорт саласын басқарушы мамандар қатысты. 

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті спорт Дирекциясының басшысы, Азия ойындарындағы Қазақстанның спорттық делегациясының жетекшісі Елсияр Қанағатов ту көтеру салтанатына жиналған спортшыларға сәттілік тілеп, Азия ойындарының Қазақстан үшін маңызды спорт додасы екенін атап өтті. 

«Бүгін Азия ойындарында еліміздің көк байрағы көтерілді. Қазіргі таңда 200-ге жуық спортшы Джакарта мен Палембанг қалаларындағы атлетикалық ауылға келіп қоныстануда. Құрамадағы көптеген спортшылар жарыс кестесіне сай Азия ойындарына алдағы уақытта ұшып келеді. Атлеттерді күтіп алу, орналастыру, тамақтандыру мәселелері түгелдей шешілген. Бүгінде Индонезиядағы спортшыларымыз жаттығу жұмыстарын бастап кетті. Ал кейбір командалық спорт түрлерінен іріктеу кезеңіндегі матчтар өтіп жатқанын білесіздер. Гандболшылар мен баскетболшыларымыз Азия ойындарындағы іріктеу кезеңдерін өткізуде.  Біз спортшыларымызға сәттілік тілейміз! Жанкүйерлер үміт артып отырғандықтан, халықты қуантады деп сенеміз», - дейді Елсияр Қанағатов. 

«Міне, еліміздің көк байрағы атлетикалық ауылда желбіреді. Бұл біздің жарыс орнына келіп, қатысуға дайын екенімізді растайды. Спортшылардың көңіл-күйі көтеріңкі! Кеше Елсияр Баймұхамедұлының бастамасымен штаб отырысын өткіздік. Азия ойындарында спортшыларға көрсетілген жағдайды толығымен жақсы деп айтуға болады. Әрине, аздаған кемшіліктер кездеседі. Десе де, жалпы алғанда бәрі де көңілден шығады. Тамақтану да толығымен реттелген. Азия ойындарына Қазақстан құрамасы қарқынды жаттығу жұмыстарын жүргізді. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен Мәдениет және спорт министрлігі спортшылардың алаңсыз дайындалуына толықтай мүмкіндік жасады. Қазақстан ҰОК президенті Тимур Асқарұлы Құлыбаев құрама команданың дайындығын өз бақылауына алып, барлығын қадағалап отырды.  Сондықтан, спортшыларымыз сенімді ақтап, жеңіске жетеді деген үміт мол», - дейді спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясының атқарушы директоры Елдос Рамазанов. 

Спортшылар атынан сөз алған спорттық гимнастика шебері Милад Карими Азия ойындарында жүлде алу үшін бар күшін салатынын жеткізді.

"Азия ойындарына алғаш рет қатысып отырмын. Мұндағы командалық рухты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осындай керемет сәтті Универсиада кезінде бастан өткерген едім. Командаластарыммен бірге елімізді қуантып, жүлде алуды мақсат етудеиіз. Жанкүйерлер сенімін ақтаймыз", - дейді Карими.

 

Еске сала кетейік, Жазғы Азия ойындары 18 тамыз -2 қыркүйек аралығында Джакарта мен Палембанг қалаларында өтеді. Қазіргі таңда Джакартадағы атлеттер қалашығына олимпиадалық спорт түрлері бойынша 15 команда, Палембангта 4 команда қоныстанды.