Әлем • 20 Тамыз, 2018

Қазақстанның танымалдығы арта түсті

623 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстанның танымалдығы арта түсті

Николя РУЧТИ (Швейцария):

– Мен бұрыннан да Азия елдерін жақсы көре­тінмін. Бірнеше жыл Қытайда тұрдым. Кейін Қазақстанға баруға мүмкіндік туды. Шы­ным­ды айтсам, бұрынғы кеңестік елдердің бірі болғандықтан, сол заманның архитектурасын көретін шығармын деген күдік басым болды. Әйтсе де, Қазақстанның бас қаласына келгенде, шаһардың сұлулығына ерекше тамсандым.

«Tour de France»-қа жиі қатысатын «Аста­­­на» велокомандасын біздің елімізде көп адам біледі. «Астана» велокоманданың атауы ре­тінде ғана қабылданады. Бірақ өз көзіммен көр­ген соң, мен қала туралы үнемі айтып жүремін.

Габриэль МАКГУАЙР (АҚШ):

– Мен Орталық Азияның мәдениеті мен әдебиетіне қызығып, Қазақстанға қазақ тілін үйрену үшін бардым. Алдымен Оңтүстік Қазақстанда тұрдым. АҚШ-қа кетпес бұрын Астанада жұмыс істеу туралы ойлана бастадым. 2007 жылы Астанаға қыдырып келдім. Әу бас­та қалада биік ғимараттар көп, көшеде адам аз болғаны маған таңсық көрінді, тіпті, ғылыми фантастика секілді болды. Мені Қазақстанда ең бірінші таңғалдырғаны – 20-дан асқан, жұмысы, тұрақты табысы бар адамдардың ата-анасымен тұруы болды. Бізде ата-анаңды тек демалыс күндері көруге барып қайтатындықтан, бұл дәстүр маған ерекше әсер етті әрі бірден құрметтеуге лайық үрдіс екен деп ойладым. Себебі бұл туыстық қарым-қатынастың беріктігін көрсетеді.

Ханс ДРИССЕР (Нидерланды):

– Қазақстанның елордасы Еуропаның ешбір қаласына ұқсамайды. Мен ұшақтан түс­кен кездің өзінде қаланың ауасын жұтып тұрып, ерекше рахаттанғаным есімде. Ал қала­ның архитектурасын көріп, шексіз фанта­зия­ның куәсі болдым. Астана туралы естіп – білген бір бөлек, барып қаланы көрген – тіптен бөлек. Астанада ескі мен жаңа жақсы үйлесім тапқан. Астана бизнес үшін қолайлы. Жас, әдемі қала жаңашылдығымен өзіне баурап әкетеді.

Элоиза КЛЕЧЕСКИ (Филиппин):

– Шетелге шыққан сайын жаңалыққа байып қайтасың. Тіпті халықтар арасындағы ұқсастықтарға кез болатын сәт те аз болмайды. Қазақстанға барған сапарымда осындай ұқсастықты байқадым. Менің ойымша қазақтар мен филиппиндіктер арасында ру­хани жақындық бар тәрізді. Мысалы, отба­сылық байланыс, туыстық қарым-қатынас, дос­­тықты қадірлеу тәрізді игі қасиеттер қос халыққа ортақ қасиет екеніне көз жеткіздім.

Әзірлеген Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»