Қазақстан • 20 Тамыз, 2018

«Ы.Алтын­сарин – ұлы педагог, ағартушы» атты көрме өтті

1701 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халқымыздың оқу-ағарту тарихының ұшар басында Ыбырай Алтынсарин тұр. Осы орайда, Қостанай облыстық Алтынсарин атындағы мемориалдық музей мен Астана қаласында қоныс тепкен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы бірлесіп елорда төрінде «Ы.Алтын­сарин – ұлы педагог, ағартушы» атты көрме ұйымдастырды.

«Ы.Алтын­сарин – ұлы педагог, ағартушы» атты көрме өтті

Аталмыш көрменің маңызы жайлы көпшілікті хабардар еткен облыстық музей басшысы Марғұлан Оспанов, бұл шара Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, сонымен қатар жуықта атап өтілген Астананың 20 жылдық мерейімен орайлас қолға алынып отырғанын, мұнда жеткізілген ұлағаты мол тарихи-танымдық жәдігерлер елордалықтар­дың санасын жаңғыртып, зердесін жетілдіруге үлкен әсер етерін атап өтті.

Алғаш 1991 жылы шаңырақ көтерген ұлы ағартушы атын­дағы мемориалдық музей өз қорына сол дәуірге тән 12 мың дана жәдігерді топтастырған еліміздегі жалғыз мекеме. Яғни бұл дүниелердің арасында өте құнды қолжазбалар, заттық бұйымдар, әкімшілік құжаттар мен фотодеректер бар.

Қостанайлық ағайын­ аста­на­лық көрермен­дер үшін музей қорынан таңдап алынған маңызы зор деген жәдігерлерді әкеліп­ті. Атап айқанда, ағартушы Ыбырай Алтынсариннің бас­тамасымен мектеп құрлысын салу туралы Қостанай уезінің бастығы Михайловтың мәлім­десі, 1884 жылы Қазан қаласын­да жарық көрген атамыздың «Шариғатул – ислам» кітабының түпнұсқасы, Ыбырайдың атасы Балғожа бидің немересіне жазған хаты, ағартушы дүние­ден өткеннен кейін оның артында қалған дүние-мүлкі туралы 1890 жылдың 24 наурыз күні толтырылған тізім және марқұмның «қайтыс болғаны туралы» 1890 жылдың 13 сәуір күні артында қалған же­сірі Айғаныс апамызға беріл­ген куәлік, сонымен қатар әулет шежіресі, Орынбор шекара­лық комиссия төрағасына Бал­ғожа бидің Ыбырайды орыс-қазақ мектебіне қабылдату туралы мәлімдемесі, Орынборда қазақ балаларына арнап салынған мектептің макеті (бұл мектепте 1850-1857 жылдары Ыбырай атамыз білім алған), ағарту­шы-қайрат­кер­дің 1889 жылы Қоста­най қаласындағы екі­ кластық қазақ-орыс учили­щесінің оқушыларымен бірге түскен портреті және оның мектебі­нен түлеп ұшқан шәкірттері: Қорғанбек Бірімжанов, Ғабды­ғани Балғынбаев, Ахмет Бай­тұрсынов, Нұрғали Құлжанов, Спандияр Көбеев, Бекет Өте­тілеуов, Міржақып Дулатов, т.б. деректі дүниелерін көріп, көзайым болдық.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»