Медицина • 20 Тамыз, 2018

Ел мен жерді қадірлеуді өнерімен ұқтырып жүрген Александр

92 реткөрсетілді

Ұшқан құстың қанатын, жүгірген аңның тұяғын талдыратын шет-шегі жоқ жазиралы кең дала. Көк мұнар­мен көмкерілген көгілдір тау­лардың ұшар басы қазбауыр бұлттарды іліп алып, кілкіген көгілдір әлеммен астасып жатыр. Үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдер баяу ғана толқиды. Осы бір әдемі сурет көз алдыңа қанық бояуымен көлбеп келгенде, көкірегің қуанышқа шүпілдеп-ақ  кетеді. Бұл менің елім, менің жерім, атамекенім!

Ән осылай дейді, жаның­ды тербейді, жүрегіңді әлди­лейді. Ән әсерінен жамыра­ған жұл­дыз­дай маздаған сезім оты жан жүрегіңді жылытып отырған сәтте еріксіз мақтаныш сезімі, ата­мекенге деген сүйіспеншілік қуаты таудан аққан тұма бұлақтай өне бойыңды шарлап, алпыс екі тамырыңды қыз­дырмасы бар ма?.. Әншінің де дауысы сұрапыл екен. Жаңағы жалпақ далада бір шөкім меруерттей жалт-жұлт еткен көл үстіндегі құс төресі – аққудың үніндей сызылып-ақ тұр.

Әнші Александр Агофонов – Қарағанды қаласының тумасы. Көкшетаудағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжі­нің түлегі, қазіргі күні Сандық­тау ауданын­дағы ауылдық мәде­­ниет үйінің директоры болып қыз­мет істейді. Колледжде оқып жүрген кезінде әнге көңілі ауған. Жалғыз ынта ғана емес, табиғи талант, яки дауыс та бар. Ән болғанда Александр Валентиновичтің сүйсініп, сүйіп айтатыны кілең қазақ тіліндегі патриоттық әндер. Солт­үстік өңірде өзге жұрттың қазақша тіл сындырғанының өзі жетістік болып есептеледі. Ал ән салу өзгеше өнер. Оның ішінде тыңдарманын керемет әсерге бөлеп, құлағыңнан кіріп, көңіліңде Отан сүю қасиетінің дәнін егетін әнді айту, ел ішінде насихаттау, замандастарының көкірек көзін ашу азаматтық.

– Репертуарымда осындай тақырыптағы жүзден астам ән бар, – дейді Александр Вален­тинович, – біздің Максимовка селосында әлденеше ұлттың өкілдері тұрады ғой. Бәрі сүйіп тыңдайды. Ұйып тыңдаған соң маған да қанат бітіп, айта бергім келеді. Әрине, әр әнші өзінің жүрек қалауымен тақырып таңдағаны, ән таң­дағаны дұрыс. Мен осы пат­риоттық әндерді бар ынтаммен орындаймын.

Осы өлкеде дүниеге келіп, ат жалын тартып мініп, дәм-тұзын татқан Александр бауыры­мыздың ниеті жан дүниемізді елжіретіп жіберді. «Азамат болсаң, осындай бол!» дедік біз өнерімен өлке­нің өрендеріне ел мен жерді қадірлеуді әнімен ұқтырып жүрген әншіге.

 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы  

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Карнегиде ән салады

Руханият • Бүгін, 10:21

«Хат қоржын» (27.06.2019)

Қоғам • Бүгін, 10:18

Арыс, біз біргеміз!

Аймақтар • Бүгін, 09:53

Апатта босанған ана

Аймақтар • Бүгін, 09:36

Газ құбыры құрылысы ойдағыдай

Қазақстан • Бүгін, 09:33

Салық жүйесі жетілдіріледі

Экономика • Бүгін, 09:28

Зардап шеккендермен кездесті

Аймақтар • Бүгін, 09:27

Кемеңгерлік келбеті

Қазақстан • Бүгін, 09:23

Агросектордың әлеуеті қандай?

Қазақстан • Бүгін, 09:15

Апаттың алдын алу мүмкін бе еді?

Аймақтар • Бүгін, 09:13

«Егеменнің» еңбегі еленген күн

Қазақстан • Бүгін, 09:03

Әрі ақын, әрі жазушы

Руханият • Бүгін, 00:18

Ұқсас жаңалықтар