21 Тамыз, 2018

Өмір – әділ

1898 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Біреулер өмірді қарғап-сілеп жатады. Оның әділетсіз екендігін айтады. Рас-ау дейсің кейде. Егер өмір әділ болса, неге адам баласы әртүрлі? Біреу – бай, біреу – кедей. Біреу – сұлу, біреу – көріксіз. Біреу – ауру, біреу – сау. Расында да өмір дегенің күн мен түн, ыстық пен суық секілді қа­рама-қайшылықтардың ортасы екен ғой.

Жоқ, өмір – әділ дейді екінші ойым. Егер адам баласының ақылы мен түрі, жағдайы бірдей болса, онда олар роботтарға айналып кетпес пе еді?! Өмірдің қызығы мен шыжығының өзі әрбір адам баласының ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын бірегейлігінде тұрған жоқ па? Ендеше миллиондарға ортақ саналатын өмірдің ұлылығы мен қадір-қасиеті де осында. Әркім жаман болсын, жақсы болсын өз өмірін сүруі керек. Ешбір жан баласы ешкімнің көшірмесі емес. Мұны әділетсіздік деп кім айта алады?! Қайта Алла тағаланың миллиардтардың ортасында әр адам баласын даралап соққан осынша шеберлігіне тәнті болып, жаратылыс заңдылығының алдында басымызды июіміз керек емес пе?!

Алланың өмірді әділ етіп жаратқан­дығының тағы бір белгісі, адамның бәріне бірдей асқазанның берілуі. Бай адам қанша жерден бай болса да, тонналап тамақ жей алмайды. Бәлкім, дәмдірек тамақ жер, тәттірек сусын ішер, бірақ оның өзі шартты түрде. Өйткені бұл жерде бар мәселе, адамның дәм сезу қабілетінде. Мәселен бүгінгі замандағы әлемнің ең бай адамы Билл Гейтс чизбургер секілді көпшілік қолды тағамдарды ұнататындығын айтады. Ал біздің қазақ үшін асып жейтін еттен артық дәмді тағам жоқ.

Сондай-ақ Алла тағала адамзаттың бәріне шартты түрде мөлшерлі жас берген. Сол жастың ұзақтығы мен қысқалығы да көп жағдайда адамның өзіне байланысты екен. Әлемдегі ең үлкен «Стандарт ойл» компаниясын құрушы Джон Рокфеллер аурушаң болып, соның салдарынан компаниясын басқара алмай, зейнет жасына жетпестен директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетеді. Бірақ ұзақ жасайды. Жүзге таяп барып қайтыс болады. Журналистер одан мұның сырын сұрағанда, ол өзінің ұзақ жасауының үш түрлі сырын айтады. Соның ең біріншісі: «Өмірі тойып тамақтанған жоқпын» дейді. Сонда қараңыз, байлық жинау жөнінен әлемде әлі күнге дейін ешкім теңесе алмай келе жатқан (қазіргі инфля­ция­мен есепке алған кезде оның қолында 180 миллиард доллардың активі болған) атақты Джон Рокфеллер бұл өмірден қарны тоймай өткен екен.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында «Стандарт ойл» басшылығы экономикалық, шпиондық және пара беру амалдарын пайдаланып, темір жолдан бастап, өндірістің басқа да салаларына өз ықпалын жүргізуге айналған кезде АҚШ-тың сол кездегі президенті Франклин Рузвельт елдегі «монополиялық билікпен күрес» заңының пәрменімен «Стандарт ойлды» көптеген компанияларға бөлу талабын қояды. Сөйтіп «Стандарт ойл» қырыққа тарта компанияға бөлініп, өзінің бұрынғы қуатынан айырылады. Қазақстанға келіп, жұмыс істеп жүрген АҚШ-тың қазіргі атақты компаниялары ЭксонМобил мен Шеврон – бір кездегі «Стандарт ойлдың» жан-жаққа бытырай шашылған жаңқалары екендігін еске сала кетсек, артық болмас.

Алла тағала адам баласын бір-бірімен теңестіру, бақыт пен қайғының дәмін бірдей сезіну үшін оған сезім атты сұлулықты, көңіл атты жүйрік көк дөненді берген. Адам сезімі арқылы әсерленеді, көңілімен өзін бақытты немесе бақытсыз сезінеді. Осы қасиет күллі адам баласына ортақ. Ал көңіл шіркін еш уақытта бір орнында тұрмайды-ақ. Ол үздіксіз қозғалыстағы радио толқындарындай бірде көтеріліп, бірде орнына түсіп, бірде төмендеп тұрады. Себебі көңілдің өлшемі әр адамның өз ішінде. Барлық адамзат баласына бірдей ортақ көңіл өлшемі жоқ. Өмірдің әділдігі мен кереметтігі де осында. Мәселен дәл бүгін дүниенің бір шетінде бір бай адам  миллион доллар ғана табыс таптым деп жылап отырса, осы біздің Қазақстанда бір кедей адам «бүгін міне, бақандай 10 мың теңге табыс таптым» деп масайрап отыруы әбден мүмкін. Демек, қанағатсыздықтың, тойымсыздықтың жазасы да әркімнің өз ішінде, қанағатшылдықтың рахымы да өз ішінде. Негізінде Алла тағала адамның күнәсінің өтеуін де өз ішіне салып жіберген ғой. Өмірде үлкен күнәсі бар адамдар бетперде киіп алып, былайғы жұртқа өзін бақытты, төрт құбыласы тең адам ретінде көрсетуге тырысқанымен, бәрібір сол күнә оның жанын мүжімей тұрмайды. 

Міне, осының барлығы – өмірдің әділдігінің белгісі.

Енді біреулер үшін өмір әділетсіз көрінсе, бұған да түсінікпен қарауға болады. Өмірдің әділетсіз көрінуі адамның өзіне немесе көп жағдайда оның өмір сүретін ортасына, яғни қоғамға байланысты болуы мүмкін. Ал қоғам адамдар тобының ниетіне, біліміне, қалыптасқан мәдениетіне, дәстүрі мен наным-сеніміне байланысты құрылады. Адамдардың қандай тобы немесе ұлт пен халық дамудың қандай сатысында тұр, қандай тарихи оқиғаларды бастан кешірді, яғни көргені қаншалықты, көрмегені қаншалықты, міне олардың қоғамы да осындай жағдайларға сәйкес құрылатындығы анық. Сондықтан қоғамның бәрін әділ деп айтуға келмес.

Сондықтан өмір әділ болғанымен қоғам күрделі де күрмеулі болса, бұл жағдай әр адамның жеке өміріне де салқынын тигізбей тұрмайды деген ойдамыз.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»