Қазақстан • 21 Тамыз, 2018

Жаңа заң – зайырлы елдің мүддесіне

81 app.timeкөрсетілді

Ислам тарихында мұ­сыл­мандар мен мүшріктер арасында бейбітшілік орнату мақсатында «Худайбия» келісімі атты айтулы дерек бар. Қос тарап бейбіт келісім аясында 10 жылға дейін бір-бірінің керуенін тонамауға, қиянат жасамауға, соғыспауға серт­теседі.

Алайда одан өзге шарттар мұ­сылмандардың көпшілігін қа­на­ғаттандырмайды. Се­бебі, дәл сол жы­лы мұсыл­мандарға умра жасауға рұқсат берілмейді. Яғни орта жолдан кері қайтуларына тура келеді. Оның үстіне, мүшріктерден бір адам Ислам дініне өтіп, Мәдинаға қашса, оны кері қайтаруды талап етеді. Алайда Меккеге өткен мұсылманның жағдайы басқа. Оған бұл үкім жүрмеді. Мұсылмандардың дені бұған наразылық танытты. Налыды. Мүдделері шектелгендей сезінді. Алайда Алланың Елшісі аталған талаптың бәрін қарсылықсыз қабыл алды. Сөйтіп келісім хатқа түсірілді.

Саңлақ сахабалар үшін бұл шарттарды қабылдау оңайға соқпады. Әрине пайғамбар парасаттылығына сенбегендіктен емес. Бұл – үмметтің басына түскен үлкен сынақтардың бірі еді. Осы оқиғадан кейін іле-шала «Фәтх» сүресінің «Сөзсіз, сені ашық жеңіске ие қылдық...» деген сүйінші аяты уахи етіледі. 

Бастапқыда бұл келісімге қарсылық танытқан мұсылмандар кейіннен көптеген жақсылықтарға қол жеткізеді. Мекке қаласы бейбіт түрде мұсылмандардың қолына өтуімен екі жылдың ішінде көп адам мұсылманшылықты қабылдайды. Бұл тіпті пайғамбарлықтың жиырма жылында мұсылман болғандардың санынан ондаған есеге артық еді. Себебі осы аралықта ислам діні еркін уағыздалды. Мұсылмандар мүшріктермен етене араласты. Өздерінің исламға сай әдебі мен әрекеті арқылы оларды дінге шақыра білді. Яғни алғашында мұсылмандар «мүддеміз шектелді», «бұл – дінге қиянат» деп түсінгенімен, Ұлы Алла жасырған хикметті кейін ұқты. Бұл бір жағынан, мұсылмандардың сабыры мен сенімі, тәуекелшілділігі мен татулығы сыналған сәт болатын.

Дінаралық татулық – исламның ұстанымынан. Жоғарыда айтылған Худайбия оқиғасы да сол толерант­­тылықтың таптырмас бір үлгісі десе болады. 

Қазақстан – көп ұлтты, көп кон­фессиялы зайырлы мемлекет. Осы­нау түрлі конфессия өкілдерін зайыр­лылық пен толеранттылық ұғым­дарының төңірегінде тоғыстыру үшін елге ортақ заң қажет. Заң ел азаматтарының теңдігін реттейді. Қоғамның тұрақтылығы мен тыныш­тығын қамтамасыз етеді. Ал уақы­тымен оған өзгерістер енгізу – заман талабы. 

Жуырда еліміздің бірқатар заң­намалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Жуыр­да «Діни қызмет және діни бір­лес­тіктер туралы» заңға енгізілетін то­лықтырулар Парламенттен өтіп, Сенаттың қарауына жолданды. Ендеше осы заңға енетін өзгерістердің бірқатарына тоқталып өтсек:

- «Деструктивті діни ағым», «діни радикализм» секілді жаңа түсі­ніктердің енгізілуі;

- Шетелде діни білім алу мәселесі;

- кәмелет жасына толмағандардың діни рәсімдерге қатысу тәртібін реттеу;

- қоғамдық орындарда деструктивті ағымдарға тән атрибуттарды қолдану.

Соңғы жылдары ислам атын жамылған жат ағым өкілдерінің іс-әрекеті қоғамда исламофобия үдерісін өршіте түсті. Негізінде, ислам сөзінің бір мағынасы – «бей­бітшілік». Алайда, әлгіндегідей адасқандардың асыл дінімізге күйе жағуының кесірінен ол терроризм сөзімен тіркесіп қолданыла бастады. Бұл елді исламнан үркітуге, адамзатты ата дінімізден алшақтатуға әкеп соғуда. Сол себепті, «деструктивті діни ағым», «діни радикализм» секілді жаңа түсініктердің енгізілуі ежелден ұстанып келе жатқан дәстүрлі бағыт пен теріс ағымның аражігін ашуға, оларға тиісті шара қолдануға, үгіт-насихат жұмыстарына тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. 

Ал шетелде діни білім алуға неліктен шектеу қою мәселесі көтерілді? Өкінішке қарай, соңғы 10 жылдықта елімізде бірқатар террорлық актілер тіркелді. Мұның дені – діни себеппен. Ал оларды осындай қылмысқа итермелейтіндер – шетелдік шикі діни идеологияны насихаттаушылар. Олар уысына түскен жастарды әуелі ұлттық құндылықтарымыздан жирендіреді. Тарихымыз пен төл танымымызды тұтастай тәрк еттіреді. Мәдениетімізді мүлдем мойындамайды. Отанға оралысымен дәл осылай дінді дәстүрден бөле жарып уағыздауға тырысады. Сол себепті, шетелдік діни білімнен шектеу – шынайы дәстүрлі дінімізге күйе жағылуынан туған сақтық шарасы. Дер кезінде қағылған дабыл. 

Өткен ғасырларда шетелде діни білім алғандар болды ма? Әрине ХХ ғасырда қазақ зиялылары мен діни көсемдердің арасында да шетелде діни білім алғандары болды. Алайда олардың бір де біреуі елге оралғанда дінді дәстүрден бөлек уағыздап, халықты әдет-ғұрпынан айырған емес. Соның бірі – Мәдинада оқыған ойылдық діни қайраткер Сағидолла Ізтілеуов. Сағидолла хазрет қазіргі Ойыл аудандық мешітінде имамдық қызмет атқарды. Төрт жыл ішінде 11 діни мектеп, 20 мешіттің жұмысын қалпына келтірді. Әлгілердей арандату емес, ағарту жұмыстарымен айналысты. 

Бүгінгі заңның да мақсаты сол. Яғни шетелде діни білім алуға түбегейлі тыйым салынбайды. Ниетті азаматтар онда білімін жетілдіре алады. Қойылатын басты талап – бакалавр дәрежесіндегі жоғары діни білімді Қазақстанда алуы керек. Сонда ол әуелі діни қағидаттарды қазақ мұсылмандығының негізінде бойына сіңіреді. Кейін шетелге барған жағдайда елге қажетті діни білімді игеруге тырысады. 

Келесі бір мәселе – кәмелетке тол­маған балалардың діни іс-ша­ра­лар­ға қатысуы. Жаңа заңға сәйкес бұл баланың ата-анасының біреуінің рұқсатымен жүзеге аспақ. Мұны баланы мешіттен оқшаулау, шеттету деп түсіну қате. Себебі ел заңнамаларын­да кәмелетке толмағандарға қатыс­ты қолданылатын тыйымдар мен талаптар көп. Мәселен, кәмелетке толмағандар заңды жауапкершілікке тартылмайды, сайлау кезінде дауыс беру құқығы жоқ, олардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүруіне болмайды, оларға шылым, алкогольді ішімдіктер сатылмайды, тағысын тағылар. Осы аталған тармақтар­дың барлығы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Демек, баланың діни іс-шараларға қатысу тәртібін реттеудегі басты мақсат та – оның жат ағым құрсауына түсіп кетуіне жол бермеу. Сонымен қатар бұл тек мешіттерге ғана емес, барлық діни бірлестіктерге қойылып отырған талаптар. Яғни басқа діни бірлестіктер әр түрлі мақсатта жас балаларды жинап, діни пішіндегі іс-шаралар ұйымдастыруы мүмкін. Бұл осындай діни шаралардың заң аясында өткізілуіне және балалардың құқықтарын реттеуге, бақылауға мүмкіндік туғызады. 

Төртінші мәселе – қоғамдық орындарда деструктивті ағымдарға тән атри­буттарды, киім үлгілерін қолдану және таратуға тыйым салу мәселесі. Тый­ым бет-жүзді тануға кедергі кел­тіретін ниқаб, паранджа секілді киім түрлеріне ғана қатысты. Орамал оған жатпайды. Оның жөні бөлек. Ал бетті тұмшалау, тұтас қара жамы­лып жүру – қазақы түсінік бойынша жақ­сылықтың нышаны емес. Үл­кен­дердің үнемі «бетіңді жаппа», «жа­­ман­дық шақырма» деп ескертіп оты­­ратыны сондықтан. Демек, бетті бүр­кеу дәстүрді жоққа шығарушы дес­труктивті діни ағымға тән сипат екендігін осыдан тағы бір аңғаруға болады. Бетті бүркеу мұсылман әйел­дің киім үлгісінде көрсетілген мін­деттерге кірмейді. Бұған дәлел – пай­ғамбарымыздың Бұхариден келген: «Ихрам хәлінде әйел бетін бүр­ке­месін», – деген сахих хадисі. Яғни бір мезетте миллиондаған адам жина­ла­тын қажылық сапары кезінде әйел адам­ның бетін тұмшалауы талап етілмейді.

Бүгінде шүкір, бейбіт заманға бой үйреттік. Азаттықтың таңы атты. Тә­уел­сізбіз. Еркінбіз. Бірақ осы бейбіт заман бүгінгі қоғамға кешегі ата-бабаларымыздың көрген тауқыметін, қиыншылығын ұмыттырып бара жатқандай. Кешегі Патша үкіметінің отарлау саясатының озбырлығы мен өктемдігін, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін нәубәтін көрсе де бабаларымыз дінін сақтап қалды. Ол аздай саяси қуғынға ұшыраған өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, барымен бөлісті. Осылардың сыйы ретінде халқымызға Тәңірім тәуелсіздікті тарту етті. Сансыз шүкірлер болсын! 

Бүгінде Құдай құт етіп берген осы бақты ұшырғысы келетін, елдігімізді бұзғысы келетін мысықтілеулер ел ішінде іріткі салу үшін дінді құрал ретінде пайдаланғысы келеді. Біз ондай арандатушыларға жол бере алмаймыз. Ата-бабаларымыз ұстанған мұсылмандық жолымызды таңдаймыз. Ал заңға енгізілетін толықтырулар мен өзгерістер ха­лықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға қызмет етеді деп санаймыз. 

Төлеби қажы ОСПАН, 

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы 

бойынша өкіл имамы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар