Қазақстан • 21 Тамыз, 2018

Біржан сал еліндегі салтанат

724 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

– Тоқсан жылдық той құтты болсын!

– Той тойға ұлассын!

Ел аузындағы сөз, ақжарма тілек осы. 

Біржан сал еліндегі салтанат

Кешегі кеңес заманында Еңбекшілдер аталып келген, Алаштың ақиығы Біржан салдың кіндік қаны тамған қасиетті топырақ 2017 жылдың 13 желтоқсаны күні Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен Біржан сал ауданы болып аталған болатын. Ақ түйенің қарны жарылған қуа­нышқа жалғыз аудан тұрғын­да­ры ғана емес, жалпақ жұрт бірге қуанған. Бүгін, міне, мәңгі жасыл қарағайлар мен қол­дың саласындай аққайыңдар көм­керген Мәңгілік Елдің мерейлі бір пұшпағында көп көңіліндегі қуаныштар атой салған аудан­ның тоқсан жылдық тойы. 

Тойшы қауым Біржан сал бабамыздың алыстан көз тартатын еңселі ескерткішіне гүл шоқ­тарын қойды. Аудан орта­лығында мәдениет және демалыс саябағы ашылды. Сөз арасында саябақтың бұрын да болғандығын айта кетелік. Бүгінгі кейпі замана талабына сай жаңғырған, жасарған түрі. Мазмұнмен байытылған, мол мағына үстелген. Рухани жаңғыру үрдісімен қайта жаңғыр­тылған мәдени нысан ел сұра­нысын толайым ескерген­дігі байқалады. Арқа төсіндегі той ән-жырсыз болушы ма еді. Әсем әуен Көкшенің көркем қырат­тарынан асып, Оқжетпестің шырқау биігіне ілініп қалғандай. 

Біржан сал атындағы Мә­дениет сарайындағы салтанатты мәжіліс «Біржан сал елі» филь­мінің тұсаукесерімен басталды. Ауданның тоқсан жылдық тари­хын толайым қамтыған фильм бес тараудан тұрады екен. От-жалынды отызыншы жыл­дар­ды, зұлмат соғыс пен тың кө­теру тұсындағы ауыр еңбекті, тә­уелсіздік жыл­дарын­дағы тең­дессіз өсу жылнамасын көз алдыңа жайып салғанда, ғажап бір әсерге бөленесің. Көрер­мен­дер де өздерінің аталары мен әже­лерін, адал еңбектерімен ел құр­­метіне бөленіп жүрген аза­мат­­тарды танып қуанысып отырды.     

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің құттық­тауын жеткізген оның орын­ба­сары Қанат Ыдырысов Бір­­­жан сал ауданының әлеу­мет­­­тік-экономикалық даму бары­­­сын­дағы толайым жетіс­тіктерді жұптап айтып берді. Талай тарихи тұлғаларды тәрибе­леген бұл аудан қазақ мәдение­тінің алтын бесігі болуымен қатар, Елбасының страте­гиялық бағыт­тарын жүзеге асыруда өзгеге өнеге көрсетіп келеді. Бұл ауданда заманауи агроке­шен құрылып, индустрия­лық-инно­вациялық үрдіс мақсаткерлік сипатқа ие болып отыр. Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өркен-Атансор» темір кенішін, «KazBeej LTD» озық үлгідегі ірі қара бордақылау кешенінің ашылуы ән-жырдың алтын бесігі атанған өңірдің бүгінгі әлеуетін танытса керек.

Жиында бір топ еңбек адамына облыс әкімінің Алғыс хаттары тапсырылды. Аудан әкімі Ермек Нұғыманов жиналған жұртшылықты толағай тоймен құттықтап, елдің өркендеуіне елеулі үлес қосып келе жат­қан азаматтарды арнайы дайын­далған мерекелік медальдармен марапаттады. 

Ән Меккесінде екі күн бойы шырайлы салтанат сәтімен сабақталып, ұлттық спорт түрлерінен жарқын жарыстар ұйымдастырылды. 

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы,

Біржан сал ауданы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше