Бағдарламалар • 22 Тамыз, 2018

Таразда биыл 800 пәтер тапсырылады

341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев наурыз айында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін жариялаған болатын. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы берген нақты тапсырмалар өңірлерде қалай жүзеге асырылуда? Осы мақсатта «Қазақстан Республикасы Президентінің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды бақылау жөніндегі республикалық кеңес мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов пен Жамбыл Ахметбеков Жамбыл облысына арнайы келді. 

Таразда биыл 800 пәтер тапсырылады

Халық қалаулылары әуелі Байзақ ауданындағы «Лесняк» жеке кәсіпкерлігінде болып, мұндағы сүт өңдеу және сүт өнімдерін шығару жұмыстарымен танысты. Аталған кәсіпорын «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» төртінші бағыты – «Шағын несие беруді көбейту» бойынша төмен пайызбен 18 миллион теңге несие алып, ол қаржыға қосымша құрылғылар сатып алыпты. Бүгінгі таңда сүт өңдейтін кәсіпорынның қуаттылығы артып, күніне 14 тонна сүт өңдеп, сонымен қатар түрлі өнімдер шығарып отыр. Жиырмаға жуық аудан тұрғындарын жұмыспен қамтыған «Лесняк» кәсіпорны жүзден астам ауыл шаруаларының басын қосып, кооператив құрған.

Жамбыл облысына сапары кезінде мәжілісмендер «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» үшінші бағыты – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бойынша жұмыстармен танысты. Бүгінгі таңда Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті бұрынғы «Тараз» қонақүйін сатып алып, оны студенттер жатақханасына айналдыру ісін қолға алып отыр. Аталған ғимарат кезең-кезеңімен ағымдық және күрделі жөндеуден өткізілетін болады. Қазіргі кезде нысанның екінші және үшінші қабаттарына ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, университет проректоры Санат Әшірбеков депутаттарға ғимаратты жөндеу шаралары алдағы қыркүйек айында аяқталатынын, қыркүйек айынан бастап бұл жерге 160 студентті орналастыру жоспарлануда екенін айтты. Ал нысан толық жөндеуден өткен соң мұнда 200-ден аса студент жатақханамен қамтылатын болады.

Бүгінгі таңда әрбір тұрғынның баспаналы болуына жол ашатын «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасының маңызы ерекше. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Жамбыл өңірінде тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы орайда депутаттар Тараз қаласындағы №15 мөлтек ауданының жаңадан салынып жатқан бес қабатты тұрғын үйлерінің құрылысымен танысты. Мұндағы 10 үйдегі 800 пәтер жыл соңына дейін тапсырылуы тиіс. Бүгінде Тараз қаласы бойынша 15,3 мың адам баспана кезегінде тұрған болса, Елбасы бастамасы аясында аталған бағдарламамен 9 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылатын болады.

– Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» бірінші бағыты бойынша жасақталған «7-20-25» бағдарламасы әр отбасына үлкен мүмкіндік береді. Баспаналы болу үшін алғашқы жарнаның көлемі де 20 пайызға дейін төмендетілген. Бұл тұрғындар үшін теңдессіз мүмкіндік. Жергілікті әкімдікке, жауапты мемлекеттік органдарға аталған бағдарламаның артықшылықтары жайлы халықты кеңінен ақпараттандыру жұмыстарын жандандыру қажет, – деді депутат Әбдіманап Бектұрғанов. Ал Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев депутаттарға «7-20-25» бағдарламасы бойынша бір орталық ашу керектігін ұсынды. Бұл орайда халық қалаулылары бұл ұсынысты Парламент төрінен көрсететіндерін айтты.

Қазіргі кезде Елбасы тапсырмасына сәйкес, шағын несие беруді көбейту арқылы кәсіпкерлікті дамыту маңызды болып отыр. Мәжіліс депутаттары ағымдағы жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы төмен пайызбен 14 миллион қаражат алып, тәулік бойы жұмыс жасайтын сән салонын ашқан Тұрсынай Байғабылованың жұмысымен танысты.

Бұдан кейін республикалық кеңес мүшелері, депутаттардың қатысуымен М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде кеңес отырысы өтті. Жиында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков Президенттің бес әлеуметтік бастамасы аясында аймақта атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдесе, ТарМУ ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков студенттерді жатақханамен қамту жайын баяндады. Өз сөздерінде Әбдіманап Бектұрғанов пен Жамбыл Ахметбеков Елбасының бес бастамасының Жамбыл өңіріндегі орындалу барысына оң баға беріп, әлі де жұмыстарды жандандыру керектігін айтты. Сонымен қатар депутаттар бұл жұмыс сапары бойынша жасалған талдау Үкіметке жолданатынын, Елбасыға баяндалатын қорытындыға негіз болатынын жеткізді.

Хамит Есаман,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар