Аймақтар • 22 Тамыз, 2018

Алматыдағы студенттерге арналған жатақханалар аяқталуға жақын

711 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы қарқынмен жүріп жатқан құрылыстардың бір бөлігін студенттердің тұрғын-жайлары қамтиды. Бүгінде жоғары оқу орындарының басым көпшілігі шоғырланған оңтүстік астанада 22 мыңдай студент жатақханаға мұқтаж.

Алматыдағы студенттерге арналған жатақханалар аяқталуға жақын

Қала басшысы Бауыржан Бәйбек жұмыс сапары аясында аяқталуға жақын жатақханалар құрылысымен танысты. Студенттерді жатақханамен толыққанды қамтамасыз ету үшін соңғы үш жылда 37 жатақхана салу жоспарланып отыр. Қала әкімдігінің Баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, биылғы жылы қолданысқа төрт жатақхана беріледі. Ал 12 жоғарғы оқу орнында 4,8 мың орындық жатақхана құрылысы үшін арнай учаскелер анықталған. Сондай-ақ, қалада 19 жатақхана салу үшін жер телімдері беріліп отыр.

Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында Бостандық ауданында салынған 400 орындық алты қабатты жаңа жатақхананы аралады. Бүгінгі күні мұнда тұрғын және тұрмыстық бөлмелерді жиһазбен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті қала сыртындағы студенттерге арналған тұрғын үйге қажеттінің барлығын толығымен қамтамасыз ететін болады.

Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жанындағы 600 орындық тоғыз қабатты жатақхана құрылысы да аяқталуға жақын. Қазіргі уақытта алаңы 11 мың шаршы болатын ғимараттың ішкі әрлеу және көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.

Алматыда сонымен қатар «Алматы жастары» бағдарламасы жалғасын табуда. Жас отбасыларға жеке тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беру мақсатында бастапқы төлемсіз 5% мөлшерімен 2 млрд. теңге қарастырылған.

Соңғы жылдары Алматыда тұрғын үй құрылысының қарқыны 4 есеге өсіп, кезекте тұрған әрбір үшінші тұрғын пәтерге ие болған. Ал жуық арада 17 мыңнан аса пәтерлер салынатын болады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ