Жалпы еліміздегі кәсіподақ қозғалысының жұмысы ХХ ғасырдан бастау алғаны ешкімге жасырын емес. Және алғашқы кәсіподақ ұйымы қазіргі Қарағанды облысына қарасты Успен мыс кен өндіру орнындағы жұмысшылар одағының бастамасымен құрылған болатын.
Кәсіподақ – қоғамда өзгеден озық, бітім-болмыс жағынан ешкімге ұқсай бермейтін, рухани жағынан салмақты орны бар, үлкен беделге ие ұйым. Ал кәсіподақтардың қазіргі қоғамдағы өз орнын табуы, заман ағымына сай қызмет көрсетуі үлкен іскерлікті талап етеді. Бүгінгі таңда кәсіподақтар ұйымы үкіметтік және бизнес өкілдерімен бірлесе, заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыру жолында жұмыс істеп келеді. Қоғамдық жүйенің бөлігі ретінде үдемелі түрде өзгеріп жатқан құбылыстарға үн қосып, қарапайым еңбекші халықтың игілігіне қызмет ету аталған ұйым мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.
«Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі де азаматтық қоғамның жарқын үлгісіндей болып, 2015 жылы көпшіліктің қалауымен құрылған болатын. Орталық құрылғаннан бері мекемелердегі еңбек ұжымдарын кәсіподақ қозғалысына тарту, жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, жұмыс істеп жатқан кәсіптік одақтардың қызметтерін ретке келтіру бойынша үлкен жұмыс атқарды.
Жалпы осы жерде заңды сұрақ туады: кәсіподақтың қажеттілігі неде, ол жұмысшыларға не береді, ең бастысы, еңбек дауларына байланысты олардың құқықтарын қорғай ала ма? Міне, осындай сан түрлі сауалдарға жауап бере отырып, біз бірден еңбек ұжымдары арасында түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік. Әрине, біреулер дұрыс қабылдаса, кейбіреулер кәсіподаққа секеммен қарады. Біз мүмкіндігінше әрбір ұжымдағы еңбекке байланысты проблемаларды көтеріп, оның шешу жолдарын қарастырдық.
Бірде облыстық Мәдениет басқармасына қарайтын мұрағат саласының қызметкерлерімен кездескенде, ескі құжаттармен жұмыс істегендерге үстемеақы төленбейтіні анықталды. Біз осы мәселеге байланысты әлеуметтік серіктесіміз – жергілікті басқару органдарына хат жолдап, үшжақты келісім жасадық. Осылайша заң тұрғысынан қарастыра келе, оларға міндетті түрде үстемеақы төлеу керектігін дәлелдедік. Нәтижесінде, облыстың бюджетін қалыптастыру кезінде қосымша қаражат бөлініп, мұрағат қызметкерлеріне үстемеақы төлене бастады.
Өткізетін шараларға мүмкіндігінше мәслихат депутаттарын, облыстың құрметті азаматтарын, қоғам қайраткерлерін, құқық қорғау саласының қызметкерлерін, жастарды, жергілікті атқарушы органдар мен БАҚ өкілдерін қатыстыра отырып, қатардағы қарапайым жұмысшылардың пікірін тыңдаймыз. Олардың көзқарастарын ескеріп, берген ұсыныстарын шешуге барынша тырысамыз. Өйткені мұндай жұмыстар кәсіподақтың имиджін көтерумен қатар, қоғамдық көзқарасты қалыптастыруға өз септігін тигізеді.
Мемлекеттің, жұмыс берушілердің және қызметкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі, өзара сыйластығы мен олардың мүдделерін білдіруге арналған алаңдар құрылып, бірқатар мәселелер өз шешімін табуда. Соның ішінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастары, ұжымдық шарттардың дайындалуы мен орындалуы жаңа форматта жүргізіле бастады. Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымдарымен ұжымдық келісімшарттардың бекітілуі және оның орындалуы сараптамадан өтіп, үнемі мониторинг жүргізіліп отырады.
Жалпы Алматы облысында 14 салалық кәсіподақ ұйымы қызмет атқарады. Олардың жұмысын үйлестіру, әдістемелік көмек беру, білімдерін жетілдіру бойынша арнайы курстар ұйымдастыру жұмыстары оң жолға қойылған. Оның үстіне, Жетісу өңірі еліміздегі экономикалық, рухани, саяси тұрғыдан өзіндік орны бар аймақтардың бірі саналады. Аймақта жүзге жуық этнос өкілдері тұрады. Бүгінде халық саны статистикаға сәйкес 2 миллионнан асады. Атқарылып жатқан жұмысты әрі қарай оңтайландыру үшін жергілікті атқарушы органдармен, кәсіподақтар және өнеркәсіп басшыларының арасында өндірістік процесті бірыңғай қалыпқа келтіру және еңбек құқығын сақтау бойынша меморандумдарға қол жеткіздік.
Биыл Алматы облысының соты, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы облыстық департаменті, Халыққа қызмет көрсету орталығы және аумақтық кәсіподақтар ортасында меморандумға қол қойылды. Қазір облыстық сот және Талдықорған сотының ғимараттарында сотқа дейінгі даулардың алдын алу үшін «Татуласу орталықтары» жұмыс істеуде. Осы мақсатта облыстық соттың ғимаратында ашылған Құқықтық қызметтер орталығына жоғары дәрежелі медиаторды қызметке алдық. Енді, медиатордың көмегіне басшыдан бастап, қатардағы қызметкерге дейін жүгініп, кеңес алатын болады.
Әсет ҚЫДЫРМАНОВ,
Алматы облысының кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы