Жазғы спорт • 23 Тамыз, 2018

Азиада-2018: Қоржын тола қола медаль

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Индонезияның астанасы – Джакартада алауы жағылған Жазғы Азия ойындарының үшінші және төртінші жарыс күндерінде Қазақстан құрамасының қоржыны 14 медальмен толықты. 

 

Азиада-2018: Қоржын тола қола медаль

Азия ойындарының үшінші жарыс күнінде қазақстандық спортшылар алты жүлде жеңіп алды. Оның үшеуі балуандарға тиесілі болса, екі медаль таэквондошыларға бұйырды. Ал су добынан Қазақстан құрамасы ел қоржынына алтыншы медальді салды.

Грек-рим күресінен 67 килода белдескен Алмат Кебіспаев Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ол финалдық кездесуде екі дүркін әлем чемпионы, оңтүстіккореялық балуан Рю Зан Судан 4:5 есебімен жеңілді. Ал былтыр грек-рим күресінен Парижде өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алған Мейрамбек Айнағұлов (57 кило) пен қыздар күресінен Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанған отандасымыз Эльмира Сыздықова (76 кило) Азия ойындарында қола медаль еншіледі. Айнағұлов үшінші орын үшін күресте Солтүстік Корея спортшысынан 13:5 есебімен басым түссе, Сыздықова Оңтүстік Корея спортшысын 5:2 есебімен жеңді.

Сонымен қатар үшінші жарыс күнінде екі бірдей таэквондошымыз Азиада жүлдесіне қол жеткізді. Руслан Жапаров қола медаль иеленсе, Жансель Дениз финалда ұтылып, күмісті қанағат тұтты. Су добынан Қазақстан қыздар командасы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ватерполшы қыздар Азия чемпионы атанған Қытай құрамасына ғана есе жіберді. Ал маунтинбайк спортынан (кросс-кантри) Кирилл Казанцев ел қоржынына Азия ойындарының қола жүлдесін салды.

Ал төртінші жарыс күнінде отандастарымыз алты жүлде жеңіп алды. Семсерлесуден ерлер және қыздар құрамасы жартылай финалда қарсыластарына есе жіберіп, ел қоржынына қола жүлдені салды. Ерлер Жапония құрамасынан жеңілсе, қыздар Қытай спортшыларынан басым түсе алмады. Семсерлесу спортының ережесі бойынша, жартылай финалда жеңілген команда автоматты түрде қола жүлдеге иелік етеді.

Байдарка мен каноэ есуден Александр Куликов ескек есудегі «слалом» бағдарламасы бойынша үшінші орынға табан тіреп, Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Сондай-ақ таэквондо спортынан 80 кило салмақта сынға түскен Нұрлан Мырзабаев жартылай финалда кореялық спортшыдан жеңіліп, қоланы қанағат тұтты. Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Дмитрий Баландин 100 метрге брасс әдісімен жүзуде Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Баландин финалдық сайыста Жапония және Қытай спортшыларына есе жіберді. Грек-рим күресінің балуаны Азамат Қыстыбаев (87 кило) қола үшін өткен белдесуде үндістандық спортшыны жеңіп, Қазақстан құрамасына Азия ойындарындағы 19-шы жүлдені әперді.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»