Қазақстан • 24 Тамыз, 2018

Депутаттар Алматыда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын аралады

590 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі Гүлмира Исимбаева бастаған депутаттар тобы атап айтсақ, С. Сейдуманов, С. Бычкова, Г. Иксанова Алматы қаласына жұмыс сапары барысында «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» қоғамдық қорына барды.

Депутаттар Алматыда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын аралады

Онда халық қалаулылары зейнеткерлер мен қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған қор жұмысымен танысып, орталыққа келген қазыналы қарттармен пікір алмасты.

Г. Исимбаева зейнеткерлерге Елбасымыздың бес әлеуметтік бастамасы, сондай-ақ, басқа да мемлекеттік маңызды бағдарламалар туралы және оларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жолында атқаралып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.

Өз сөзінде Мәжіліс Төрағасының орынбасары аға буынның мол білімі мен бай тәжірибесі өскелең ұрпақ үшін әрқашанда үлгі-өнеге екенін айрықша атап өтті.

Айта кетейік, аталған қор 2017 жылы 12 мамырда 2002 жылғы қартаю проблемасы жөніндегі Мадрид халықаралық іс-қимыл жоспарына және Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік саясатына сәйкес құрылған. 

Қазіргі уақытта  «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының базасында  1757 адам тіркелді, олар  кез келген уақытта бас қосып, пікір алмасып, заңгер, психолог, дәрігерлерден өздерін мазалаған сұрақтарына жауап ала алады. Орталықта ақсақалдар клубы, компьютерлік сынып, дене шынықтыру бөлмелері бар.

Қор қызметкерлері зейнеткерлер мен қарттарға, бақытты және толыққанды өмір сүруге жағдай жасау үшін, атап айтқанда,  тұрғын үй, көмек көрсету, күтім жасау сияқты мәселелерді тиімді шешудің барлық мүмкіндіктерін қарастырады.

Осы күні депутаттар жеңіл дәрежелі когнитивтік бұзылыстары бар қарттарға, зейнеткерлік жасқа жеткен тұлғаларға жаттығу мен қалпына келтіруге арналған күндізгі қызмет орталығына барды.

Онда әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-құқықтық басқа да қызметтер түрі ұсынылады.